Кеше КТК телеарнасы жаңалықтардан Сүйінбай Аранұлы мен Жамбыл Жабаевтың шырамашылығын сынаған Досай Кенжетай туралы көрсетті. Дінтанушының бар айыбы өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында Сүйінбай мен Жамбылдың жырларынан тұрмыстық қағытпалардан басқа, тұщымды шумақ көрмедім деп жазғандығы болып отыр. Сондай-ақ, ол биыл 200 жылдығы тойланып жатқан Сүйінбай Аронұлының шығармаларында елдік, еркіндік, адамгершілік туралы ой жоқ деген пікірде.
Иә, қазақ халқында өмірден өткен адамның атынан жаман сөз айтуға болмайды деген қағида қалыптасқан. Бұл әрине атадан балаға мирас болып келе жатқан жақсы дәстүр. Алайда, Досай Кенжетайды өзінің азаматтық пікірі үшін жексұрын қылып көрсетіп, оны жерден алып жерге салу қаншалықты дұрыс? Өйткені әр адам қалаған ақын-жазушының шығармасын оқып, ол туралы жағымды немесе жағымсыз пікір білдіруге құқылы. Ендеше, Досай Кенжетайды жерден жеті қоян тапқандай сынаудың не қажеті бар? Алайда әлдекімдерге бұл мәселені ұлғайтып көрсету керек сияқты.
– Сүйінбай Аронұлында адамды адам қылатын, ішкі тереңдікке қатысты ойлар жоқ. Менің ойымша тәуелсіздік жылдары ұлттық, болмыстық ерекшелігімізге оралып жатқан кезде кейбір жершілдік, рушылдық мәселелерді тоқтату керек. Оның үстіне қазақта тұнып тұрған философиялық ойлардың шежіресі болып табылатын тұлғалар жетеді, – дейді Досай Кенжетай.
Сондай-ақ, дінтанушы Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойының халықаралық деңгейде аталып өтілгеніне қарсы. Себебі, Досай Кенжетай Сүйінбайды «жыр алыбы» деген өлшемге лайықты емес деп отыр. Алайда, ол ақынның мерейотойы қазақ пен қырғызға ортақ, бір аймақтың тойы ретінде аталып өтіле берсін дейді.
Досай Кенжетайдың пікіріне «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Ісмақова қарсы пікір білдіріпті. Әрине әр адам өз пікірін білдіруге құқығы бар. Алайда Айгүл Ісмақованың дінтанушыны Сүйінбайдың туған-туыстары жауапқа тарту керек деген сөзін түсіне алмадық. Өйткені өзіңе ұнамаған ақын-жазушының шығармасын сынау немесе мақтау әр оқырманның өз еркі емес пе? Әйтсе де мүйізі қарағайдай азаматтар бүйректен сирақ шығарып дінтанушыны айыпты етіп шығармақшы.
Негізі, бұған дейін Досай Кенжетайдан бөлек Сүйінбай мен Жамбылдың жырларын белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы да сынаған болатын. Абайтанушының айтуынша Сүйінбай мен Жамбылды Жетісу жыраулық мектебінің өкілі деуге келмейді. Өйткені, ол аталған ақындардан қарағанда Кенен Әзірбайұлының шоқтығы биік екенін ескертеді.
Әдебиетте талас-тартыстың болуы заңды нәрсе. Оның үстіне кеңес үкіметінің жырлаған ақын-жазушылардың шығармашылығы тәуелсіздік алғаннан кейін қаншалықты қажет деген сұрақ көлденең шыға бастады. Мәселен, Жұбан Молдағалиевтың «Мен Қазақпын» деген атақты поэмасының өзінің кейбір жерлері кеңестік иделогияда жазылған. Бұл туралы белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай айтқан болатын. Сүйінбай Аронұлын қайдам Жамбыл Жабаевтың өлеңдерінде мұндай «әттеген-айлар» көптеп кездеседі. Мәселен, қазақ аштан қырылып, Алаш арыстары жаппай атылып жатқанда Жамбыл Жабаев Сталин мен Ежовты мақтап өлең шығарған. Бұл қаншалықты орынды? Өйткені, кеңес үкіметі Әлихан Бөкейхан сынды Алаш арыстарынан бастап, Тұрар Рысқұлұлы мен Сәкен Сейфуллин сынды болшевиктерге дейін атты. Осындай жағдайда Жамбыл Жабаевтың Сталин мен Ежовты мақтап өлең жазуы ақылға сыймайды. Ал, оны насихаттау, жаңа заман биігіне шығару – «Мәңгілік ел» болуды армандап жүрген бізге басы артық шаруа емес пе?!
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана
Пікір қалдыру