Өмірлік мұраттың адамы

/uploads/thumbnail/20170708203943577_small.jpg

Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Шынында ұлағатты ұрпақ үшін әкенің өсиетімен, ананың қасиетімен берілетін тәрбиенің қашанда орны бөлек. Ал арамызда сол тағылымды санасына шегендей тоқып өсіп қана қоя салмай, оны ғұмыр бойы жадында ұстап, өмірлік мұратына айналдырып келе жатқан адамдар қазір тым көп те емес. Сол санаулы тұлғалардың бірі Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Алдамбергенова болса керек.

Менің бұлай деп толғануымның да жөні бар. Сондықтан ол туралы әр ойлаған сайын өзім біраздан бері жақсы білетін сонау сұлу Сырдың бойындағы Жалағаш деген ауданды, ондағы өсіп-өнген Алдамберген әулетін еске бір түсіріп өтемін. Осы қарағайдай биік қара шаңырақты кезінде елге сыйлы, жұртына қадірлі болған Төремұрат қария Ақбөпе атты өмірлік қосағымен бірге уыздай ұйытып ұстап еді. Бір-бірлерін өле-өлгенше құрметтеп өткен осы жарасымды жұптың саясынан алтын асықтай 4 ұл мен 4 қыз үлкен өмірге қанат қағып ұшып еді. Барша саналы өмір жолдарын жергілікті май зауытында бірі директордың орынбасары, бірі технолог болып қызмет етіп өткізген осы екі қадірменді кісілердің тіршіліктегі ең негізгі тілектері бауырларынан өнген балапандарына сапалы білім, саналы тәрбие беру, барлығын да жоғары оқу орындарында оқытып, еліміз ғылымының қия белесіне беттеген білікті азаматтары етіп шығару болды. Осы жолда ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-ана оларды ештеңеден көп аса тарықтырған жоқ. Бір қуаныштысы, ұрпақтары солар күткен үміт пен сенімнің биігінен көрінді. Барлығы да жоғары білім алумен бірге, ғылымның жолына түсті, өмірден өздерінің өлшемді орындарын таба білді.

Менің бұдан бірнеше жыл бұрын осы қасиетті шаңырақпен алғаш танысуымның орайы келген болатын. Сонда қазақтың «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалының бұл әулетті айналып өте алмағанына көзім жетіп, ерекше разы болып оралып едім. Отбасында ешкімге дауыс көтеріп көрмеген Төремұрат ақсақалдың қабағының қағуымен бәрін ұғып өскен балалардан өрген ұрпақтың өзінің сол қазақы сарабдал тәрбие бесігімен жетіліп келе жатқанына куә болғандай әсерде қалғанмын. Бүгінде сыңарынан айрылған қос аққудың серігіндей болып, үлкен қара шаңырақтың тұтқасын ұстап қалған Ақбөпе ананың да ұлдары мен қыздарына берген өнегесінің ерендігіне тәнті болып қайтқаным да есімде.

Міне, сол ордалы отбасының сүт кенжесі – Гауһар Төремұратқызын жақыннан тани бастағаныма 5-6 жылдай уақыт болып қалыпты. Сол кездері Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының театртану факультетінде магистрант болып жүрген мен үшін бұл кісі бір көргеннен толымды тұлғасымен, табиғи тартымдылығымен, өзіне өзі сенімділігімен ерекше есте қалды. Рас, бір қарағанда, қаталдау болып көрінетіні де бар екен. Бірақ мұнысы өзіне қапысыз жарасатын. Себебі, білім-білігінің жоғарылығы көп ұзамай аңғарылып қалатын оның парасат-пайымы биік екені де білініп тұратын. Осыған қарап-ақ біз сөз етіп отырған қайраткердің әділдіктің адамы екенін ұғынуға болар еді. Ал осы оқу орнына келіп, қызмет ете бастаған жылдарымнан бері оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректордың өзінің лайықты орнындағы тұлға, ұйымдастырушылық қабілетінің өте жоғары, ұжымның жанашыр басшыларының бірі екенін біле түстім.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Гауһар Алдамбергенова 1971 жылғы 20 тамызда Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде туған. 1995 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті мамандығын бітірген. Ол Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясындағы қызметін 2001 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасына аға оқытушы болудан бастады. Ал 2011 жылдың тамызынан оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры болып келеді. Осының аралығында, 2014 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін ректордың міндетін атқарушы болып та қызмет етті.

Гауһар Алдамбергенова 2000 жылдың қараша айында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ тілін оқыту теориясы мен әдістемесі арнайы диссертациялық кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғады. 2000 жылдың қарашасында оған педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. 2008 жылы аталмыш мемлекеттік университетке «Жалпы педагогика» мамандығы бойынша докторантураға түсті. 2010 жылы арнайы диссертациялық кеңесте «Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие беру» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. 2010 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Г.Т.Алдамбергенова педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. 2011 жылдың желтоқсан айында ғалымға педагогика мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.

Гауһар Алдамбергенова бүгінде 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы атанып отыр. Олардың арасында нөлдік емес импакт-факторы бар шетелдік баспаларда жарық көрген жарияланымдар да жетерлік. Бұған қоса, «Основы морально-этических воспитаний», «Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие беру негіздері» деп аталатын екі монографияны, «Өнердегі қазақ тілі» қазақ тілі атты оқу құралын екі рет басып шығарған. Қазір олар жоғары оқу орындары ассоциациясының көптен-көп өтінімі бойынша қайта жариялауға дайындалып жатыр. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі оқытуға арналған «Ғажайып әліпби» электронды оқу құралын үш авторлықта дайындауға қатысқан. Мұның сыртында, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Ғылыми кеңесі ұсынған 10 оқу-әдістемелік құралының авторы.

Отбасында көрген тәлімнің ізімен Гауһар Төремұратқызы өз зерттеу еңбектерінде қыздар тәрбиесіне айрықша көңіл бөледі екен. Ол осы бағытта 2009 жылы «Қазақ халқының қыздарға моральдық-этикалық тәрбие берудегі озық дәстүрлерін бүгінгі білім беру жүйесінде пайдалану» деп аталатын тұжырымдама дайындап енгізіпті. Сонымен қатар, 2012 жылдан бері Германияның Дюссельдорф, Италияның Рим, Чехияның Прага және Түркияның Ыстамбұл қалаларында тағылымдамадан өткен. Соңғы жылдары Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында өткен тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің комиссия жұмысына сарапшы ретінде қатысты.

Ұрпақ тәрбиесі мен маман кадрлар даярлаудағы осындай елеулі еңбектерінің арқасында Гауһар Алдамбергенова 2013 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» алқасымен марапатталды. Осы жылы сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Ал биылғы 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалімен марапатталды.

Отбасында алған тәрбиенің тағы бір үздік үлгісі шығар, біз білетін Гауһар Алдамбергенова өзінің алдына әрдайым биік мақсаттар қойып, соған жету жолында іздену мен еңбектенуден талмайтын биік мұраттардың адамы ретінде көрсетіп келеді. Оның мұндай өнеге тұтарлық қастерлі қасиеттерінен өзі қызмет етіп келе жатқан ұжым ұтпаса, әсте ұтылған емес.

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар