Кісінің кейде біреу айтқанға сенеріңді де сенбесіңді де білмей дегдар күйге түсіп, екіұдай пікірде қалатыны барғой осы. Пенде болған соң әркімнің өз ойы, жеке көзқарасы, тәбиғат танымы, қалыптасқан өзіндік қағидасы да болатыны шындық. Деседе, әдеттегі зорайтып айтқанда жалпы адамзатқа, кішілей келсек белгілі бір ұлтқа тіпті бір отбасына ортақ болатын құндылықтардан, көзқарастардан, пікірлерден мүлдем аулақ андағайлап лағып кететін лақпаларды көргенде не деріңді де не істеріңіді де білмей, жағаңды ұстап, өзіңе өзің тәубелеп, тек Аллалап қана қалады екенсің.
Шілде айының соңы болатын. Еуразия университетінің оқытушысы қызым Жұлдыз жаздық демалысқа келген соң, жұбайым Әсия «қырғыз астанасы Бішкекке барып келейік»-деп, қолқалап қоймаған соң Бішкек қаласына барып қайтқанбыз. Қазақстан шекарасынан өтісімізбен « такси, таксилеп» тұрған азаматтарға бұрыла бергенімізде, орта бойлы, егде тартыңқыраған қараторы кісі жолымызды кескектеп « жүріңіздер, Алматыға жолшыбай алакетейін, дереу жүреміз »деген соң, «жарайды !» дедік те, машинасына отыра кеттік. Мені алдына отыруымды өтініп қасына отырғызғанды. Гүр! етіп машина қозғалысымен, « Иә, бауырым әңгімеге қалайсыз?»-деді, асыққан адамша. « Мен бе, менде пәлендей әңгіменің түбін түсіре қоймасамда, жол сапарда әңгімелесіп жүргенді үнататын жанмын ғой» - дедім жәймашуақтап. « Онда жақсы болды. Осы әңгіме айту дегенді дым білмейтін, айтсаң құлақ салмайтын, тойған өгізше пысылдап отыра беретін мылқау мылқималарға ішім пысып кетеді. Сол байқұстардың не ойлағаны барын итім білсін. Манадан сондай біреулер болмай-ақ қойса игі еді деп отырған едім. Құдайым көңілімді түсініп қойдау деймін»-деп, қуанышты бейнеде машина тартпасынан бір кішілеу картинаны алып қолыма ұстатты. Байқап қарасам төмен жағына көркем жазумен бірнеше жол сөз жазылған кәдімгі қошқардың суреті екен. Ішімнен, « Е, бұл кісі діндар адам болды ғой, мынау сойылатын малға айтылатын дұға ма, аят па? Сондай бір зат шығар» дедім де, аса назар аудармай артқы орында отырған жұбайым Әсияға ұстата салдым. Сонымды ұнатпай қалды ма жоқ мендегі лездік үнсіздікті бұзғысы келді ме, жүргізушім:
–Жақсылап таныса отырайық жігітім. Қай жылдыкі боласыз ? -деді.
– Аа, жылым доңыз, 59-дікімін ғой, дедім.
– Ойбай-ау мына сәйкестікті қарашы. Түйдей құрдас екенбіз ғой! «Құрдастың құны бір, жібектің түйіні бір» деуші еді бұрынғылар, онда әңгіме дүкенін айқара аша беруімізге еш бөгет жоқ болды ғой, ә? Мына суреттегі қошқарды білесің бе ? -деді.
– Иә, білемін. Ол құрбандыққа сойылатын қой ғой дедім.
– Жә , ол қошқар не үшін сойылуы керек , ол қалай барлыққа келген ? -деді, сұрағын шымырландыра түскендей.
Акау, көптің бәрі білетін құрбандықтың несін сұрап отыр екен-ә?деген оймен, жәйғана бүкпесіз коңіліммен:
– Оның несін сұрайсыз , жұрттың бәрі біледі ғой, дейсалдым.
– Жоқ, жігітім. Қәтелесіп отырсың. Сол жұртың дымды да біліп отырған жоқ емес пе -деді, шолақ жіпті шорт кескендей. Мына сөзіне сәл аңтарылып, манадан бері босқа салып отырған бойымды тежеп, бір бәледен секем алғандай селк ете қалдым да:
– Қойыңызшы, несі қате боп тұр ? дедім, сөз төркінін анықтау білейін деген ойда.
– Ей, құрдас. Жасымызда белортаға келіп қалыпты. Білуіміз керек қой, ертең ақрет күні не бетімізді айтамыз құдайға?! Сен өзі қай діннің адамысың ? -деді қатқылдау дауыспен қабағын түкситіп. Мынау мені мүлде бөтен түсініп отырғаннан сау ма, өзі? деген күдікті күмәнмен:
– Құдай сақтасын, ата-бабам сиынып кележатқан ислам дініндеміз. Құдайдың құлы, Мұхамедтің үмметіміз ғой бәрімізде дедім сенімділік танытып сері мінезбен.
– Аа, мен де құранды көп оқығанмын, мешіткеде көп барғанмын, оның бәрін білемін. Сен осы құрбандыққа аталатын көк қошқардың қалай өмірге келгендігін анық айтып берші маған -деді, тағы да.
– Ой, құрдас-ай! тақымдап қоймадың ғой өзі. Мен діндар адам емеспін, әрі дінді де зерттеп жүргенім жоқ. Шамалы ғылыммен айналысатыным бар, сізге дін туралы өтірік сөйлеп күнақар болып жүрмеймін бе ? дегенімше,
– Оқо, ғылым адамы болсаң тіптен жақсы ғой. Менің де білейін дегенім дінде күнделікті қақсап - зарлап айтылып жүрген анау жаттанды уағыздар емес, сендей адамдардың жеке көзқарасы, дүние танымы болатын, сондықтан өз түсінік - түйсігің бойынша айтшы деді, тақаулап. Әңгімеміз үзілмесін деген мақсатта:
– Әй, менің естуімше, Ыбырайм пайғамбардың құрбандыққа шалатын малы болмай қалып, баласын құрбандыққа шалмақ болып бауыздағалы жатқанда аспаннан бір көк қошқар түсіпті де сол қошқарды сойыпты дейді ғой , содан қалған салт болар ? дедім қысқартып қана.
– Иә, жүлгесі солайлау. Шындығы былай: Құдай , Ибрайым пайғамбардың өзіне қаншалықты адал, сенімді екендігін білу үшін пайғамбарға баласын құрбандыққа шалуды бұйырып сынап көрмек болған . Құдайдың таза елшісі Ибрайым пайғамбар да еш екіленбей әйеліне «біз мінәжат етіп келеміз» деп жалған айтып баласы Исаны алып шығады да өз ризалығы бойынша құрбандыққа бауыздамақ болғанда , оның шексіз адалдығына шубә келтірмеген Құдай да мейірленіп аспаннан осы көкқошқарды түсірген болатын. Бұл жерде байқасаңыз екі бірдей адалдық сақталып тұр. Бірі құдайдың бұйрығын бұлжытпай етбауыры баласын өз қолымен бауыздауға дейін барғаны да, екіншісі ана ешқашанда ішінен шыққан баласын өлімге қимайды, керек болса сол өлімге өзін бағыштайтыны белгілі ғой, сондықтан құдай қосқан қосағына да шындығын айтпағаны деді.
– Ее, толығы солай деңіз, деп сөзіне құрмет еткендей сыңай танытып сыпайылық білдірдім. Менің аса кері тартпайтын жан екенімді сезді ме әлде діннен сауатымның салмақсызын байқап қалды ма арқаланған азаматым сөзін арықарар сабақтап:
– Құдай деген кім болады сенше ? -деп, төбеден ұрғандай дүңк еткізді келесі сұрағын. Мына сұрақты естігенде құйқам шымырлап, ілкіде не дерімді білмей біразға дейін үнсіз отырдым да:
– Ойпырмай құрдас, қоймайтын сұрақты қойып қалдың-ау. Енді екеуміз Құдайды талқыласақ күнәсінен бұрын ұяттау болар, мана діндар адам еместігімді айтпаппа едім дейдергенім де:
– Айттым ғой саған. Жеке өз көңіліңде оны кім деп танисың ? Соны айтаберсеңші күмілжімей , -деді бұйрықты раймен.
– Жә, онда өз түйсігім бойынша айтсам айтып көрейін, артық - кем кетсем Ием өзі кешірсін! Меніңше: Бұл ғалам бір тұтас, белгілі жүйе бойынша жаратылған. Әлемдегі зат атаулының бәрі де бір-бірінен ешқашанда айырыла алмайтын мәлім заңдылықтармен іштей не сырттай, ашық яки қараңғы түрде байланысқан . Әу баста осы заңдылықтардың атасы болған тәбиғат дүниесінің негізі–құдіретті күш немесе жаратушыны, мен Құдай деп ойлаймын, дедім.
– Иә, шамалы жақындадың, бірақ сол Құдайдың бізге түсірген бұйрығын білесі бе ? -деді нығыздалып тағы да. Сол сәт, «Тегі, бұл, менен нені білмекші екен-ә ?» деген ой ұшқыны көңіліме сап ете қалды да , сөз суыртпақтап көрейін деген мақсатпен, «білмедім, ол не екен ?»-деп, өзіне керіқарай сауалдап қойдым.
– Ендеше біліп жүргін. Тәп-тәуір оқыған адам көрнесің. Силауға тиісті өз құдайыңды өзің білмегенің мына жасыңда тіпті ұят қой құрдас. Сол бағанағы Ыбрайым пайғамбардың баласы деген Иса әсілінде Құдайдың өз баласы болатын. Оны күлі адамзатты құтқару үшін әдейі жіберген, егер Ыбрайым пайғамбар Исаны бауыздағанда да пышағы өтпес еді,білдің бе ? дегені.
– Ой, қойыңызшы. Исламда құдайдың түр-түсін, пішім- пошымын әрі қайда тұратынын білуге болмайтын құдірет иесі дейтін сияқты еді ғой , сондай-ақ Құдай ең пак, ең әділ, ең таза болса, күлі ғаламдағы зат біткенді өзі жаратса, бәрімізде сол кісінің баласы болмаймыз ба? дедім.
– Жоқ. Біз күнәқар пенделер құдайдың баласы емеспіз. Соны түсініп ал. Адамзатты тек Иса ғана құтқарады, сол ғана бар мәселеңді шешуші соған мінәжәт етуің, сиынуың, жәрдем күтуің керек деді өршеленіп.
– Бұныңыз енді қыпқызыл адасу ғой. Барлық мужизаны өзі жаратып, бәрін біліп отырып оларды алаласа , тең көрмесе, біреуді біреуге құл етіп жығып берсе, онда қайтып Алла қақ, Алла пак болады ? Менің білуімше : Ыбрайым да, Иса да, Мұхамедте пайғамбарлар, олар Алланың нағыз елшілері. Құдірет иесі жалғыз, оған серік қосуға болмайды. Оған керек болса адамнан туған біреуді бала қылмай - ақ өзі қалауынша жарата алады ғой бауырым , дедім.
– Тағы да қәте кеттің. Иса пайғамбар емес. Ол пайғамбардан жоғары тұрады. Ал, сен айтып отырған Мұхамед нағыз... ( айтуға аузым бармайды) тан, ол адамдарды ақ жолдан адастырушы дегені.
–Тек-ей, астапыралла! Жанымды түршіктірдің ғой! Сен өзі шынымен қазақтың баласысың ба? дедім қатқылдау дауыспен.
– Иә, қазақпын. Қазақ болсам не бопты, а ? -деп бетіме бежірейіп тұрып бір түрлі сүркейлі суық бейнеде қарап қойды.
Жүрегім зуылдап, іштей Аллалап, «Бұнымен жауласып қайтем, онан да жаймашуақтап бірнеме айтып көрейін де » деген оймен:
– Ей, бауырым, сонда сен, мың жылдан бері қазақ халқы ұстанып кележатқан исламды, сол жолда шаһит болған ата - баба аруағын , ағайын - туған көңілін, әке-шеше мейірін, ұлт руханиятын ешқандай құрметтемейсің бе? « Бөлінгенді бөрі, айырылғанды аю жейді» деуші еді көнелер, жалғыз өзің қазақтан бөлініп не марқадам табам деп ойлайсың ? « У ішсең, ұлтыңмен іш» демей ме? Сен бір ғаламды алақаныңда ойнатып отырған ғұлама болмаған соң, жөні жоқ нәрсеге еліріп-еліктемей ұлтың қалай жүрсе сенде солай болмайсың ба, әй, жазған-ай!-дедім өкінішті бейнеде.
- Неге мен адасқандармен бірге жүруім керек? Солармен бірге тозақ отына күйуім керек пе? Жоқ, қайта оларды нағыз адам қалпына келтіруім керек қой. Менің мақсатым осы адасып жүрген қазақ деген тобыр халықты құтқару біле білсең. Сен, ел боқ жеген екен деп боқ жеуің керек пе? Қайта саналы азаматтығыңды тантып ұлтты адасққан жолынан қайтармайсың ба? деп кіжінді онансайын қыза түсіп. Енді ары қарай дау қазанын қайнатуды көңілім қаламаған соң, сөзді сөзбақтатпай шорт кесейін деп:
- Иә, ұлттым у ішсе де, су ішседе бірге боламын! - дедім, құсаланып. Менің сәл ызаланып қалғанымды сезді-ау деймін әңгіме әуенін басқаға бұрғысы келіп:
- Әйеліңнен бір сұрақ сұрасам бола ма ? -деді.
- Әй, менің әйелім бұндай әңгімеге араласпайтын адам. Сұрақ сұрап әуре болмай - ақ қойсаңшы деп ұнатпаған сыңай танытып едім:
- Жоқ, сіз неге шектейсіз. Әркімнің өз көзқарасы болады ғой. Оның үстіне ол кісіде бізбен тең құқықты, сіздің қақпайлайтын жөніңіз жоқ. Мен сұрап көрейін, қалай жауап береді өзі білсін, деп тағы да тақымдап қоймады.
- Онда еркіңіз білсін, дедім.
- Әсия сізге сұрағым былай. Осы әйел адам күйеуінің алдында бір қылмыс өткізіп қойса яғни бөтен еркекпен дегендей, сонда ол әйелді таспен ұрып өлтіру дұрыс па, сізше ? -деді.
- Жоқ а, неге таспен ұру керек. Егер шынымен қылмысты болса жасаған қылмысының ауыр - жеңілдігіне қарай заң жүзінде тиісті жазасын алуы керек қой. Жан деген Алланың адамға берген аманаты. Оны тек Алла өзі ғана алуы керек емес пе? Басқа біреудің оған қол салу құқы жоқ деп ойлаймын деді, батыл түрде.
- Өте дұрыс айтты. Сен білесің бе? Бағанағы сен айтқан Мұхамед сондай заң жасаған адам. Оның ережесі міне былай: Бірінші әйелді өз әке шешесі, екінші күйеуі, сосын басқа жиналған халық жабыла таспен аяусыз ұрып өлтіруі керек. Көрдің бе? Бұнда ешқандай жаратушыға бағыну пиғылы көрініп тұрған жоқ қой. Сонда осындай зұлымдықты жасаған адамды қайтып пайғамбар деп сыйлайсың дар ? -деп, шым етпей қойып қалды.
- Ойпырмай жігітім, Құдайдан қорықпай сөйледің ғой тегі. Мұхамед пайғамбар солай жасаса сол дәуір санасына қарай жасаған да болар, менің естуімше Жанны жәннәттә болғыр пайғамбарымызға дейін арап елінде бір еркек жүзге тарта әйел алады екен де , әйелі қыз бала туып қойса ,баланы тірідей көмін тастайды екен дейді шын болса ? Мүмкүн сондай малдық санадан құтқару үшін де солай қатал тәртіп керек те болған шығар, кім біледі ? Бірақ, әлемдегі ең ұлы деген 100 адам сараптамасында Мұхамед пайғамбар бірінші орында тұр ғой. Содан ақ кімнің кім екендігі белгілі емес пе! Пайғамбарымыз «жаратушы жалғыз, мен, тек, елшісімін» деген. Біз Құдайдың құлы Мұхамедтің үмбетіміз дініміз ислам, кітабіміз құран , бұл қазақ үшін бұлжымас ақиқат. Сенің мына жүрісің ұлтқа деген сатқындық , Отанға болған опасыздық, дінге деген азғындық қой, масқара - дедім күйіп кетіп.
- Мейлің білсін. Менің сенғұсап ақ жолдан адасқым келмейді. Ондай ұлтыңа ұрғаным бар. өз даңғыл жолымда қаламын мәңгі. Бірақ саған бір айтарым Құдайдың баласы Исаға тіл тигізуші болма. Бір пәлеге ұшырап қаласың бейшара деді де қолын бірақ сілтеді, әлгі нақұрысым.
Қызды-қызды дауменен ане - міне Алматыға да таяп қалған екенбіз. Ойпырмай, адамда, шындығына келсем қазақтай текті халықта осындай азғындаған тексіз болады деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген бәлем екен. Талайдан бері теларна, ақпарат беттерінен бөтен ағым, бөгде дінсымақтарға кіріп кеткен қазақ жастарын еміс - еміс еститінмін. Бірақ мынадай екі иыгын шауып біреулердің артынан басы бұтін кіріп кеткен теріс ағымды имансызды бірінші рет көргеннен бе, зәрем ұшып, тек, Аллалап «Е, азған деген осы екен-ау?!» -деп, жағамды ұстадым да қалдым...
***
Отанға оралған 18 жыл ішінде шынын айтсам бетімнен шындап қаққан біреуді көрмеген екенмін. Қайда барсам да, кіммен кездессем де, құшағын айқара ашып адамша қабылдап, қазақша жол-жөнін сілтеп, бағыт-бағдар нұсқап отырған ақжарқын жандар болды. Талай Университет, мектептер « бізге жұмысқа келіңізші» - деп , қиылып қолқада салған болатын. « Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде » дегендей қайда болмасын кейде бір адамдардың өз-өзінен құрысып-тырысып, тыжырынып сені ұнатпай тұратыны болады ғой осы. Әрине ондайды түсінуге болады. Бұл жағдай бажайлап байқасақ барлық пендеде болатын адамның жаралыс жұлдыздығы(Шипагерлік баян ұғымы бойынша) арқылы ішкі сезіммен келетін құблыс екен. Десекте, кейбіреудің қарадай қаны қайнап, жыны қозып, жоқтан пәле іздеп, дау көтеріп өзге біреуге жөнсіз соқтыққысы келіп өлердей өшігуін көргенде, «мынау жындыдан сау ма өзі?» - деп, таңданып қалады екенсің.
Жақында тағы да бір жағамды ұстатқан мынадай жәйсыз жағдай болды, басымда. Мен отырған машинаға жол бойынан ерлі -зайыпыпты екеу отырған болатын. Машинаға кірісімен құрсақты жас келіншегіне « ей , аузыңды бұзып жіберейін бе, мұрныңды бет қыпжіберей бе, талқаныңды шығарай ба? » деген сияқты кісі құлағына түрпідей тиетін жағымсыз сөздерді қайта-қайталап айтып отырды талпақ танау, жалпақ бет, мыртық сары жігіт. Мен ішімнен « ой, тауба , дөңбектей жігіттің дүңк қойып, келіншегіне еркелегені, түйенің тайраңдағанындай көзге оғаш ,көңілге қораш көрінеді екен-ау » -деп, біраз үнсіз отырғанмын. Дөңбектей деп отырғаным: әлгі талпақ сарым бет-бейнесіне қарағанда мөлшері қырықтың шамасында, келіншегі ары кеткенде сол жиырма бес маңында сияқты көрінді маған. Кенет « қайда тұрасың ? » деген әлгі жалпақ сарының саңқ еткен даусы ойымды бұзып жіберді. «Мен бе ? Мен осы Алматыда тұрам ғой » - дедім, қысқа ғана. Бетіме жақтырмаған сыңайда қарады да:
- Оралмансың - ау деймін, -деді.
- Жоға, мені оралман деуге келе қоймас дедім жымиыңқырап.
- Білініп тұрсың ғой, оның несін жасырып отырсың, ұяласың ба не ? -деді тағы да.
- Жоқ, ұялатын нем бардейсің. Менің айтып отырғаным : мен келген 18 жылдың алдында « оралман» деген атау жоқ болатын. Кейін шетелден қандастарымыз көптеп келебастаған соң, үкімет оларға арнайы заң шығарып куботаны тікелей бөлуі үшін осындай бір жеке атау керек болған. Оның үстіне « оралман» деген статұс жаңадан келіп әлі қазақ респуликасының төлқұжатын алмаған ағайынға қаратылған, менің азаматтық алғаныма бақандай 15 жыл болды соған айтқаным ғой, -дедім, жайғана.
- Бәрі бір емес пе? Қайтсең де оралмансың,-деді зілденіп. Аса жақтырмай отырған адамға көп сөйлеу, онсызда сыздап тұрған біреудің жарасын тырнағандай болатыны бар ғой деген оймен арқарай үндемей отыра бердім. Талпақ сарымның тынышы кетіп біресе келіншегіне тиісіп, біресе телофонымен алысып өз-өзінен үкілеп-ақылап, керіліп -сөзылып отырған мазысыз күйінен « әй, осының бірдеме дегісі бар-ау » - деп, өзімде секем алып отырғанмын. Ойлағанымдай-ақ, арада аса көп уақыт өтпей-ақ, маған бұрыла қарап:
- Мен, осы оралмандардың бір қылығын өте жек көремін, -дегені. Сені біреу кісі көріп сөйлеген соң оған әрине лайықты жауап беруің керек қой. Мен де:
- Иә, қандай ісін айтасың ? дедім таңданып.
- Ой, қойшы соларыңды. Кішкене тиісіп қойсаң болды, байбалам салып милицияға табанда арыз айтады екен қатынқұсап, -деді менсіндеген бейнеде.
- Онда тиіспе. Неге жөнсіз соқтығасың біреуге. Олалдың үкіметтен басқа қорғайтын кімі бар? Біреуі баласын, біреуі әке-шешесін, біреуі бауыр -туғаны, елі- жұртын тастап Отаным, қазағым деп келсе, сен оған зәбір көрсетсең, ол байқұс милцияға бармай енді қайда барады? Бір елден емес бір ауылдан екінші ауылға көшіп бару деген оңай шаруа ма саған? Олар әлемнің әр елінен, әр түрлі миталитетпен тәрбиеленіп келгендер ғой, бұл жерге жерсініп тұрғын елмен құда-жегжат болып сіңісіп кеткенше біраз уақыт керек емес пе? Әй, бауырым-ай! сенде айтады екенсің осы, - дедім ашынып.
- Ой, оларды білеміз ғой. Отаным десе кеше ел басына қиын күндер туғанда шет елге қашып кетпес еді ғой. Әшейін, бұгін егеймен ел болғанымыз да « дайын асқа ,тік қасық» болып келеқапты өздері. Мына біздің үкіметтің миы жоқ. Сол бәлелерді шақырмағанда әлгі квотаға бөлген ақша өзімізде қалар еді де біз бұндай квартира жалдап қаңғырып, кері кетіп кедей хәлде де болмас едік. Кезінде, Қажы ағам « маған шетел қазағы керек емес, әуелі өз халқымызды жарылқап алайық» деген болатын,-деп, ойдан қостыма білмеймін сөзін мығымдап қойды. Әй, бұл азамат көп нәрсені білмейтін де шығар, сосын осылай айтқаны ғой, аздап түсіндіріп көрейінші деген мақсатпен:
- Бауырым, біз, тағдырдың жазуымен алып империялардың ортасында отырмыз. Солардың зұлымдығының кесірінен еріксіз қаншама жылдар бодан болып кіс қолында кісенделдік. Қаншама қанқақсатқан зобалаң тағдырды халқымыз бастан өткерді. Бір кездердегі сайқал саясаттың арқасында біраз қазақтың тоз-тоз болып дүниенің төрт бұрышына тозып, кезіп кеткені де бар. Біраз қазақ бұл күндері шет елдің жері болып қызыл сызықтың сыртында қалып қойған тегіндегі ата жұртта отыр. Енді құдай халқымызға бақ беріп дербес елдігімізді қолға алған сәтте «Қазақтың бір ғана отаны бар. Ол–қазақ елі» деген оймен шамасы келген ағайынның елге оралып тобымызды көбейтіп жатқаны анық. Өзіңде білерсің, біз дүниедегі екі жүз неше мемлекет ішінде жер көлемі жағынан алғанда 9- орынды иелеп тұрған ірі елміз ғой. Осындай далиып жатқан даламызды бір уыс қазақ қалай қорғай алады ? Онанда бәріміз жиылып зор күшке айналғанымыз дұрыс болмай ма? Үкімет сен ойлағандай жынды бала емес, болашаққа құрған үлкен жоспармен істейді не істеседе. Сен ұнатпаған екен деп, «оралман» жалпы қазақстан халқын, қазақстан халқы « оралманды» жеккөрмейді, дедім.
- Қайдан, біздің жерде бәрі де иттей жеккөреді, -деді.
- Сонда сен қай жерден едің ? Әйтеуір Алматыда ондай нәрсе жоқ, -дедім сеніммен.
- Аа, мен ұлы Абай топырағы Семейденмін, Алматыға келкеніме біраз жыл болды. Бұл жердің адамдары да жеккөреді, вообще оралманның келмегені жақсы. Оларсыз да ешкім бізге жұғыса алмайды. Тіпті бұрынғы күніміз келеқалса қуанар едім шіркін. «Квартира» емес онда басымда күмбіреген үйімде болар еді. Маған салса осы оралманыңның бәрін бірақ күнде жайына жіберер едім, - деп күжи түсті онансайын. Әй, басың қақпайтын пәле екенсің ғой. «Ұлы Абаймен жерлеспін деп мақтанғанша Семейден келген, ел-жұрт дегенді білмейтін, халқым деп қам жемейтін, Отан деп басым ауырмайтын, есім ауған аяғым тайған жаққа жүре беретін есалаңмын десеңші онанда »-деп, іштей күбірледім де «Е, тозған деген осы екен-ау ?! » -деп, жағамды ұстадым.
Шаяхмет ҚАЛИ
Пікір қалдыру