ҰЛТТЫҚ ХОЛДИНГТЕР МЕН ҚОРЛАР ҚАЗЫНАҒА МАСЫЛ БОЛЫП КЕЛГЕН БЕ?

/uploads/thumbnail/20170708204847131_small.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін халыққа Жолдауын жариялау кезінде ұлттық компаниялар мен холдингтерді басқару тетіктерін сынға алды. Құрамына бірнеше еншілес компаниялар кіретін бұл құрылымдар Елбасының айтуынша ел экономикасына масыл болып отыр. Президент келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде мемлекеттік секторда 7 мыңнан астам кәсіпорын бар. Олар инвестиция тартуға кедергі келтіруде.

«7 мың кәсіпорын. «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро» өнеркәсіп пен ауылшаруашылығындағы ірі активтерді тиімді басқара алмай отыр» деген Елбасы аталған құрылымдардың экономиканы басқаруды тым күрделендіріп жібергенін тілге тиек етті.

«Бүгінде Самұрық-Қазына» қорының активтері олардың 500-ден астам «немере, шөберелерін» қоса алғанда ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын құрайды. Халық бұл «немерелер» мен «шөберелер» немене екенін түсінбеуі мүмкін. Кезінде осы кәсіпорындарды құрғанда олардан тағы басқа кәсіпорындар өсіп шықты. «ҚазАгро», «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банк арасындағы бәсекеге қабылетсіз делдалға айналды. Бұл мекемелер ірі штаттарымен бюджетке салмақ салуда. Сонымен қатар, бұлар инвестициялар мен бастамаларды сыртқа ысыруға әкелуде» деді Н. Назарбаев.

Қазір қолға алынып жатқан жекешелендіру науқаны үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимылдарының белді бөлігі болатын сияқты. Мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар мен активтерді жеке меншікке сату, шетелдік инвесторларға өткізу арқылы қазына қоржынын толтыру мақсат етіліп отыр. Бюджет түсімін арттырудың бұдан басқа мүмкін жолдары да жоқ сияқты.  Ал, енді мемлекеттік меншіктегі нысандар мен активтер сатылса, жоғарыда айтылған холдингтер мен қорлардың қажеттілігі туралы мәселе туады. Сол себепті де мемлекет өз балансындағы дүниелерді барынша сатып, сол арқылы жауапкершілікті де жеке меншікке өткізуге қатты мүдделі.

«Қазір мемлекеттік секторда жекешелендіруге қойылған шектеулерді алып тастау өте маңызды болып отыр. «Мемлекеттік мүлік туралы» заң мен Азаматтық кодекстегі бірқатар талаптарды қайта қарау керекпіз. Жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандар тізімін қысқарту қажет. Үкіметке мемлекеттік меншіктегі барлық ұйымдар кіретін жаңа жекешелендіру бағдарламасын жасауды тапсырамын. Оған «Самұрық-Қазына» мен «ҚазАгро», «Бәйтерек» те кіру керек. Жекешелендіруден кейін олар нақты іспен айналысатын ықшам ұйым ретінде құрылсын. Егер, айналысатын жұмысы болмаса таратылуы керек» деді Елбасы.

Жақын уақытта жекешелендірудің екінші кезеңі жарияланатыны бұған дейін де айтылған болатын. Тіпті, жекешелендіруге жататын ұйым, мекемелердің де тізімі жасалған еді. Онда республикалық меншіктегі санаторийлар, киностудия сынды денсаулық сақтау, мәдениет нысандарынан бастап облыстардағы коммуналдық меншікке тиесілі 200-ден астам нысан тізімге алынған. Бірақ, мемлекет меншігіндегі нысанндар жекешелендіріледі дегенде ұлттық компаниялар мен олардағы мемлекет активін басқарушы «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» сынды алып холдингтер мен қорлар туралы бұған дейін ешкім тіс жармаған. Тек, 18 қараша күні Елбасы өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Елбасыға қор жұмысын басқаруда бірқатар ұйымдастырушылық шикіліктер барын жеткізген болатын. Бүгінгі Жолдауда Елбасының ұлттық компаниялар мен холдингтер жұмысын нысанаға алуына Ө. Шөкеевтің сол «шағымы» негіз болды ма екен, әлде?

Қалай болғанда да, бұл ұйымдардың қай-қайсысын болса да бюрократия мен қазына қаржысын тиімсіз жұүмсаудан ада деп айта алмайсыз. Бір ғана «Самұрық-Қазына» қорында, қордың адам ресурстарын басқару департаменті таратқан мәліметтерге сүйенсек, 300 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде әкімшілік-басқару құрылымындағы қызметкерлердің өзі 29 мыңнан асып жығылады екен. Өзі Үкімет пен банктер арасында делдал сипатында күй кешіп отырған бұл қордың құрамында тағы да «Самұрық-Қазына контракт», «Тау-кен Самұрық», «Самұрық-Инвест», «Самұрық-Энерго» сынды өндірістің түрлі салаларына байланысты еншілес компаниялар бар. Шұбалаңқы атауларына қарап самұрық емес, құдды алты басты айдаһар ма дерсіз. Тамыз айында Үкімет деңгейінде аталған қордың шығыны туралы сөз болып Елбасы Үкімет пен қор басшылығына ұйым шығындарын 405 миллиард теңгеге қысқарту туралы нақты тапсырма қойған еді.

Бүгінгі Жолдауда айтылған жайларға қарап, содан бергі үш ай ішінде мемлекеттің жоғарғы билігінің бұл қорға, оның болашағына деген сенімі мүлдем жоғалған ба деген ойға қалдық. 2000 жылдардың басында «Самұрық» холдингі, «Қазына» қоры болып құрылып, 2008 жылы біріктірілген мақсат-міндеті түсініксіз бұл құрылым да жақын күндері жекешелендіру желеуімен құрдымға кететін сияқты. Қазақстанда бұған дейін де қандай мекеме құрылып, қандай ұйым таратылмады дейсіз? Басқарушы менеджерлері қазынаның ақшасынан миллиондап бонус алып келген мұндай қорды «қор» болды деп ешкім қынжыла қоймас. Тек, экономиканы басқарудың осындай күрделі жүйелерін жасап, тиімсіз схемаларды қолданысқа енгізгендердің кейін мемлекет қаражатын негізсіз шығындағаны үшін, өз шешімдерінің ауыр салдары түшін жауап бермей кететіні өкінішті.

Жомарт Абдоллаұлы

 

 


 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар