Қазақстан Иорданияға оқ өткізбейтін 50 әскери көлік экспорттамақ. Бұл туралы»Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
"Лицензиялық келісім бойынша, көліктерді әлемнің 12 еліне, ТМД, Балтық мемлекеттеріне, Таяу Шығыс, Қытай, Ресейге сата аламыз. Мұнда арнайы сауытты көліктермен қатар, азаматтық өнім де шығаруға болады. Сондай-ақ біз қазір КамАЗ компаниясымен бірге олардың қозғалтқыштары мен электр жүйелерін осы көліктерге енгізуді көздеудеміз", - дейді аталмыш сауытты көліктерді шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС басшысы Ербол Сәлімов.
Оның сөзіне қарағанда, зауыт жеке меншік иелікте, инвестициялар да жеке көздерден келді. Компания 50 де 50 үлеспен құрылды. Инвестициялар көлемі - 7 млрд. 80 млн. теңге.
"Зауыт биыл қазан айында ашылды. Бірақ өндірістік қуатына енді ғана шықты. Біз екі корпусты аштық. Құрылыс 2014 жылдың сәуір айында басталды. Белсенді құрылыс 2015 жылы қолға алынды. Зауытты 6 айда бітірдік десек де болады.
Біз Иорданияға 50 көлікті жеткізуді жоспарлаудамыз, тараптар арасында тиісті меморандум бар", - деп атап өтті Е. Сәлімов.
"Жылына 120 көлік шығаратын болсақ, жұмыскерлер саны 150 адамға жетеді. 53 адам Оңтүстік Африкада Дәнекерлеу институтында білімдерін жетілдіріп қайтты.
Экспорт мәселесі Сыртқы істер министрлігінің деңгейінде шешілуде. Біздің елшіліктер мен әскери атташелер бірнеше мемлекетпен келіссөздер жүргізуде. Белгілі бір байланыстар бар, себебі Қазақстанның логистикалық ерекшеліктеріне байланысты өнім сұранысқа ие болады деп ойлаймыз.
Біз үш түрлі көлік: 4х4 «Арлан», 4х4 «Номад» және 6х6 «Барыс» маркаларын шығарамыз. Кеңейтуге әзірміз, болашақта арнайы көліктерді, инассаторлық көліктерді, оқ өтпейтін доңғалақты көліктерді жасамақпыз.
«Арлан» әскери көлігі қоршауда қалған адамдарды оқтан аман-есен алып шығаруға арналған. Ол миналардан, баллистикалық қарулардан қорғайды, оқ өткізбейді", - деді зауыт басшысы.
Пікір қалдыру