Бүгіннен бастап, Ұлттық банк 20 мың теңгелік банкноттарды айналымға енгізді. Ұлттық банк басшыларының айтуынша, аталған ақша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мемлекеттік мерекесіне орай шығарылып отыр. Естеріңізде болса 20 мың теңгелік банкнот 2013 жылы дайындалып, әні-міне айналымға шығады деген болатын. Енді, міне, су жаңа 20 мың теңгелік ақша айналымға шығып отыр.
Әлеуметтік желіде 20 мың теңгелік банкноттардың шығуына байланысты құтты болсын айтысып жатқан азаматтар баршылық. Алайда, ірі көлемде ақшаның пайда болғанына қуанудың орнына бір сәт ойланған жөн-ау осы. Өйткені, ақша құнсызданған сайын неғұрлым ірі көлемде шығатын купюралар көбейе бастайды. Мәселен, біздің елде қағаз ақшалардың саны 200 теңгеден бастап 20 мың теңгеге дейін 7-еу болса, ал ағылшындарда небәрі 4-еу екен. Нақтырақ айтсақ, 5 фунт, 10 фунт, 20 фунт, 50 фунт.
Бұл деген сөз, төл теңгемен салыстырғанда ағылшын ақшасының құнды екенін білдіреді. Сондықтан да, Ұлттық банктің 20 мың теңгелік купюраларды шығара бастауы жақсылықтың нышаны емес. Бұл туралы белгілі экономист Жанкелді Шымшықов мәлімдеді. Оның айтуынша, төл теңгенің тағдыры тікелей мұнай баррелінің бағасына байланысты болып отыр. Мәселен, қазіргі таңда 1 АҚШ доллары 300-306 доллар болып отыр. Егер алдағы уақытта 1 АҚШ доллары 350, тіпті одан да жоғары болса 25 мың теңгелік купюра шығуы мүмкін. Алайда экономист алдағы 1 немесе 1,5 жылдың ішінде мұндай жағдай болуы мүмкін емес деген пікірде.
– 1990 жылы Кеңес үкіметінің Қаржы министрі болған Павловтың кезінде ең ірі ақша 100 сом болатын. Алайда, одан кейін 5 мың, 50 мың, 100 мың сомдық банкноттар шыға бастады. Кезінде біз бұдан айтарлықтай зардап шектік. Өйткені, айналымдағы ақша ұлғайып, ал ақшаның сатып алуы бірлігі төмендеп кетті. Сондықтан да жұртшылықтың 20 мың теңгелік купюралардың шыққанына қуануы дұрыс емес. Әйтсе де, бір жағынан Ұлттық банк 20 мың теңгелік банкноттарды айналымға шығаруға мәжбүр болып отыр. Өйткені, 20 мың теңгелік банкнот шықпаса, есеп айырсу қиындап кетеді. Сондықтан да, аталған банкнотты енгізу ыңғайлылық тұрғысынан, әрине, дұрыс. Алайда, осы бағытпен кете берсек, алдағы уақытта 100 мың теңгелік купюра шығуы мүмкін. Өйткені, сарапшылар болашақта мұнай арзандамаса, қымбаттамайды деген пікір айтып отыр, – дейді Жанкелді Шымшықов.
Ұзын сөздің қысқасы, экономист төл теңгенің тағдыры мұнайдың арзандап немесе қымбаттайтына байланысты деп отыр. Сондықтан да, ол ұлттық валютаның болашағына Үкіметтен бастап қарапайым халыққа дейін жауапты деген пікірде. Өйткені, теңге құнсызданғаннан кейін ұлттық валютаға деген сенім күрт төмендеп кетті. Ал Қазақ елінің Тәуелсіз ел болып, өз тізгіні өзінде болуы үшін теңге тұрақты болуы керек. Себебі соңғы кездері ресейлік саясаткерлер ортақ валюта енгізуге құлшынып отыр. Егер халық жаппай төл теңгеден теріс айналатын болса, ортақ валюта ойқастап ортаға шығуы мүмкін. Бұл деген сөз Тәуелсіздікті қолдан беру дегенді білдіреді. Сондықтан да, барша қазақ Иранның рухани көсемі Аятолла Хомейни сияқты «Аш арық өмір сүруге бармын. Бірақ тәуелсіз, еркін болсам болды» деген ойға келуі керек. Әйтпеген жағдайда, Тәуелсіздікті қолдан береміз.
Серік ЖОЛДАСБАЙ.
Пікір қалдыру