Франция құрамасының экс-капитаны, атақты футболшы Зинедин Зиданның ұлы Лука әке жолын қуып, өмірін футболмен байланыстырғаны белгілі. Ал, таяуда "Реал" мен "Атлетиконың" 17 жастан жоғары ойыншылары арасында өткен матчы кезінде ол қарсыласын баспен қойып қалған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Кездесу барысында "Реалдың" қақпашысы Лука Зидан "Атлетиконың" шабуылшысымен сөзге келіп қалған. Оның қарсыласты баспен ұру сәті бейнекамераға түспеген. Бірақ, мұны байқаған қырағы судья кіші Зиданға қызыл қағаз көрсетті.
Еске сала кетейік, 2006жылғы әлем чемпионатының финалында Луканың әкесі де осындай соққысымен көзге түскен еді. Ол кездесудегі қосымша берілген уақытта Италия құрамасының қорғаушысы Марко Матераццимен кикілжіңге келіп, оны кеудесінен баспен ұрып құлатты. Ақыры сол матчта Зидан қызыл қағаз алып, ойыннан шеттетілді. Зинедин Зидан 2014 жылдан бастап, "Реалдың" резерв командасының жаттықтырушысы қызметін атқарады.
Пікір қалдыру