Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар кәсіпорындарда облыс прокуратурасының арнайы тексерісінен соң жергілікті жұмысшыларға қатысты бірқатар әділетсіздіктер анықталған. Бұл туралы «Қамшы» порталы YK-news.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шетелдік жұмысшылар мұнда еңбек демалысына сирек шығып, алайда, еңбекақыны қазақстандық жұмысшыларға қарағанда көп алып келген.
Тексеріс кезінде көптеген фирмалар еңбекшілермен заңға сәйкес еңбек келісім-шартын емес, қызмет көрсету келісімін жасап келген. Ол бойынша, қызмет көрсетуші денсаулық жағдайына байланысты төленетін демалыс, экологиялық жеңілдіктер, басқа да кепілдіктер ала алмайды. Еңбек демалысына шығу да басшылықтың ұйғарымына байланысты реттеліп отырған. Мұндай еңбек қарым-қатынасы шетелдіктермен қатар, қазақстандық жұмысшыларға қатысты да қолданылған.
Тексеріс кезінде «Тарбағатай-Мұнай» ЖШС-де еңбекақыны кешіктіріп төлеу деректері анықталған. Ал, «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-да сыйақы тек шетелдік жұмысшыларға ғана беріліп отырған.
Прокуратура қызметкерлері сондай-ақ, жергілікті жұмысшылар мен шетелдіктердің жалақыларында да айырмашылық барын айтады. Мәселен, қазақстандық геодезист 150 мың теңге еңбекақы алса, қытайлық маманға кәсіпорындар 170 мың теңге төлеп келген. Мұндай алшақтық басқа мамандық иелерінің еңбекақыларынан да анықталған.
«Еңбекшілердің жалақыларындағы алшақтықтың орташа көрсеткіші 50 мың теңгені құраға», - дейді прокуратура өкілдері.
Пікір қалдыру