Қазақты қырық жыл қырғыннан құтқаратын «домбыраның үні» деген пікір бар. Рас, қазақ қайда жүрсе, қазаққа тән өнер де сонда. Ана тілін білмей, мүлдем өзге бір ұлттың тілдің сөйлеп жүрген қазақтың баласы домбыра үнін, қобыз үнін естісе өнебойы шымырлап, тұлабойына қан жүгіріп рухтанып кетеді екен. Бұл өнер бар жерде ұлттың өлмейтінінің куәсі болса керек. Оған дәлел – Қытай сияқты миллиардтан астам кісісі бар алпауыт елде ғұмыр кешкен, екі миллион қазақтың мәдениетін қаймағын бұзбай сақтап, ұрпағына аманаттап отырғаны. Атап айтқанда айтыс Қытайдағы этникалық қазақтар қоныстанған аумақтарды түгел қамтып, жыл сайын жиі өткізіліп тұратындығы. Жуырда Қытайдағы қазақ ақындары арасында «Жез таңдай» атты телевизиялық айтыс ұйымдастырылып, жарты жылға созылған айтыс мәресінде Алтайдың ақиығы Еркін Ілиясұлының шәкірті Ұларбек Минатқанұлы бас жүлдеге ие болды. Соған орай Ұларбекті жеңісімен құттықтап, «Қамшы» порталының тілшісі хабарласқан еді.

- Ассалаумағалейкүм Ұларбек мырза! Алатаудың етегінде жатып, Алтайда, Боғдада болып жатқан «Жез таңдай» ақындар айтысына елегізіп, тақым қысқан жайымыз бар. «Әуелі жүлде құтты болсын!» дейміз. Үрімжіде дүбірлеп өткен сөз додасы туралы бергі жақтағы елге ақпарат берсеңіз.
- Уағалейкумассалам Ереке! Ең әуелі алтын Алтайдан, Өр Алтайдан еміреніп аққан бала Ертістің жағасынан, Көктоғайдың қасиетті даласынан, бұл жақтағы 2 миллион қазақтың арасынан, Көк Байрағын көтерген көкжал елге, АТАЖҰРТҚА дұғай-дұғай сәлем жеткіземін! Жүлдеме, қуанышыма ортақтасқан өздеріңдей бауырларға алғысымды айтамын.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қытайдағы қандастарыңыздың арасында аудандық, аймақтық, облыстық түрлі деңгейдегі айтыстар өтіп тұрады. Биыл осындай айтыстардан ерекшеленген, теле нұсқадағы «Жез таңдай» атты үлкен айтыс мамыр айынан бастап ұйымдастырылды. Оған «Шыңжаң айтысты зерттеу қоғамы», «Шыңжаң телевизиясы», Дүрбілжің аудандық «Жақып нәсілді жылқы өсіру» кооперативі және Үрімжідегі «Саңлақ» серіктестігі, сондай-ақ айтыссүйер, өнерге жанашыр жекелей азаматтар себепкер болып, айтыс жарты жылдай уақыт көрерменнің көзайымы болды. Бұған әу баста түрлі аймақтардан сараланып келген 48 ақын қатысты. Қазылардың бағасымен және көрерменнің телефон, СМС жүйесі арқылы дауыс беруімен келесі айналымға 24 ақын өтті. Басқа айтыстардан басты айырмашылық ретінді мұндай ақындардың қандай қарсыласпен шығатыны тек айтыс алаңына келген кезде ғана жереби арқылы анықталатындығы. Яғни, бұл жерде ел арасында көп айтылып жүрген «алдын ала келісіп айтысу, айтатынын айтыстан бұрын дайындап алу» деген әңгімелерге жол жоқ. Осындай жолмен ширек финалға 12 ақынды тағы саралап алды. Одан жартылай финалға 8 ақын, финалға 4 ақын суырылып шықты. Ол төрт ақын: Ержанат Байқабайұлы, Қанатбек Таудайұлы, Арыс Тоғанбайұлы және мен – Ұларбек Минатқанұлы. Осы 4 ақынның ақтық сайысы, «Жезтаңдай» айтысының мәресі 29 қарашада, Шыңжаң телевизиясының Үлкен Концерт залында өтті. Мыңнан астам көрермен қатысты әрі қазылардан бөлек бағалау жиһазы арқылы дауыс беріп, өз ақынын таңдады. Айтыс – жоғары деңгейде тартысты жүрді. Әріптестер суырып салып, қоян қолтық сөз сайысын жасады. Уақыт, қара жарыста 40 минут, шешуші бәсекеде 50 минут ұзақтықта болды. Бірінші кезекте дүйім жұртқа аты танылған, арқалы, жүйрік ақын Ержанатпен айтыстым. Екеуміздің де айтысымызды қазыларды толық нөмірмен бағалады. Екінші кезеңде де қайтадан айтыстық. Бір сағатқа жуық созылған шешуші бәсекеде халықтың таңдауымен бас жүлдеге ие болдым. Бұл менің тікелей еңбегім деп мақтанбаймын, менімен мықты айтыс жасаған Ержанат досымның, халықтың дауыс беруінің, қазылардың әділ бағасының арқасында жеңімпаз болдым. Бұл айтыс Қытайдағы Қазақ диаспорасының айтыс тарихындағы ең үлкен айтысы. Осы үлкен айтыстың ең жоғары жүлдесін алғаныма қуаныштымын. Бұл менің ғана емес осы жақтағы барша қандас бауырларыңыздың жүлдесі.

- Жүлдеңіз тағы да құтты болсын, ондай үлкен айтыстың арғы бетте болып жатқанынан бұл жақтағы жұрт хабардар. Айтыста шаршы топты жарып жеңіске жеткенмен жүлдені әріптесіңе беріпті деп естідік. Финалдық айтыс туралы кеңірек баяндап берсеңіз?
- Финалда әріптесім болған Ержанаттың даңқы туралы айтыссүйер ағайын жақсы біледі. Ол көсем тілімен, сөзінің шынайылығымен, сұлу жырларымен елдің көңілінде жүрген ақынның бірі. Ержанат – тоғыз жасында топқа түсіп, елдің мұң-зарын айтып ерте төселген ақын. Ол екеуміз һәм доспыз, һәм құрдаспыз. Біздің айтыс жаға жыртысқан, мін санасқан айтыс емес, өз әлінше көркем, жұрттың жүрегіне жағатын айтыс болды. Біздің «Мінген атымызда ер жігіттің олжасы, ананың қалжасы» бар. Айтыстың бас жүлдесін алған соң сол досыма маған мінгізілген көліктің кілтін сыйладым. Бұл менің атымды шығарайын дегенім, немесе дүниемнің асып-тасқаны емес, сол жердегі Ержанатқа деген халықтың ықыласына көрсеткен құрметім, қазағымның қанында ықылым заманнан жасасып келе жатқан жомарттық, тобылғылы таулардың арасында, теңбілімен тепеңдеп, қара қосының есігі жабылмай жататын, қонағына пейілі әр заман ашық, киіз туырлықтың астында ғұмыр кешкен халық дархандығының қаныма сіңген мәртебесі еді. Қолыма темір тұлпардың кілті тиген бетте, шынайы көңіліммен досыма жұрт алдында сыйладым. Бірақ, Ержанат досым кілтімді өзіме кері қайтарды. Қайтарып тұрып бір ауыз сөзін айтты. Ол сөзінде үлкен кісілік жатыр еді, ел де разы болды, мен де разы болдым. Кілтімді қайтадан алмас едім, оның сөзі өте жүйелі болды. Ол:
«Өлеңің дәл осындай өктем бе еді,
Құлагердей шаптың-ау көптен бері.
Машинаңды алмаймын асыл досым,
Әкеңді қажыға апар сексендегі» , - деп келетін салмақты сөз еді. «Жез таңдайдың» ақтық сыны осындай достықтың, сыйластықтың айтысы болды. Бұл айтыста Ержанат екінші орын алса да, әрдайым жұрттың жүрегінде бірінші орны бар ақын. Мұхтар Шаханов ағамыздың «Бір адамға байланысты, бір адамының болашағы» дейтін өлеңі бар еді. Осы өлеңнің астарында жатқандай, менің де осы айтыстағы мәртебем Ержанаттың даңқының арқасы болды. Өйткені, жомарттығы жойылған адамнан, жомарттығы жойылған азаматтан бәрі де жойылады. Менің жүлдемді досыма сыйлағаным – нағыз жүлденің достық екенін білгенім. Біздің ұранымыз қашанда «достық бірінші, бәсеке екінші тұру керек» деген ұстаным.
- Айтыстан соңғы ол жақтағы қандастарымыздың көңілі қалай? Жұрт қалай қабылдады?
- Сол айтыстан үш күннен кейін ауылымызға қайтарда, Шыңжаңның шығыс қақпасы болған Ақыттай ғұлама жатқан Шәкүтіде сексендегі қариядан, сегіздегі балаға дейін мыңға тарта кісі алдымыздан шығып қарсы алды. Төбесіне көтеріп, ақбоз ат мінгізіп құрмет қылды. Бүгін туған ауылым Дүреде болдым. Бұл жерде де ауылдас туыстарым, әкім мен ел тізгінін ұстаған ағалар құрметтерін білдіріп жатыр. Бұл – халықтың өлеңге деген, сөздің киесіне деген құрметі деп білемін. Елдің осындай ықыласы арқамыздағы жүктің ауыр екенін білдірді. Ауылдан шыққан қара домалақ ұлын төбесіне хандай көтеріп, ат мінгізіп, шапан кигізіп, атанын жетелеткен, бауырына басып, жақын тартып, тақымын қысып отырған, тарлан даланың тәкаппарлығын, тазалығын қанына сіңдірген қасиетті халқымның - малы мен басына береке, болашағына нұр тілеймін! Шаңырағында құт-береке шалқи бергей!
- Сіздің Еркін Ілиясұлының шәкірті екеніңізді білеміз. Осы айтысқа ол кісінің шәкірті болудың қаншалықты пайдасы тиді?
- Адамның жақсы аты, ғалымның мәшһүр хаты бәріне ортақ. Абайды ешкімге бөле алмайтынымыз сияқты, Еркін Ілиясұлы да барша қазаққа ортақ. Мен 12 жасымнан ол кісі өмірден озғанға дейін 13 жыл қасында болдым. Менің ең үлкен мақтанышым Еркін аға, Еркін ағаның көзін көріп, тәрбиесін алғаныма аса бақыттымын. Ол кісінің 28 айтысын жатқа білемін. Қай ақынның болса да бұл жағынан алдына түсіп, Ерағаммен мақтана аламын. Сол Ерағамыздың айтатын:
«Сөйлейді шын ақынның сенімдісі,
Шыға ма сахнаға тегін кісі?
Халықтың ақ батасын көп алғамын,
Менің атым шығуы соның күші.
Мен сенің бірге өскенің арман әлем,
Қиялым аспанымда жерде де мен.
Сыбырлап әділеттің ақ перісі,
Жанына жамандықтың барма деген
Қиылған періштеңіз әр денеден.
Өзіңмен бірге отырған шақтарымда,
Өлеңнен қилы-қилы маржан өрем.
Арзан ғұмыр кешуге көнсем дағы,
Айтуға көнбегенмін арзан өлең!», - дейтін өлең бар. Құдайға шүкір арзан ғұмыр кешкен емеспіз, өлеңіміз де арзан болмауы керек. Маржан өлең айтуға ұмытылып, Еркіндей ұлы тұлғалардың ізін басып жүрміз. Біздің көрген пайдамыз, Еркіннің шәкіртімін деп ұялмай айта алатынмыз. Көк байрағын жамылған көк бөрі елге, Атажұртқа бұл жақтағы жұрттың атынан бізге іздеуші болған өзіңдей іс басындағы азаматтарға жүрегімнен шынайы алғысымды айтамын:
«Ақ сәлем, туыстарға біз көрмеген,
Өскен ем, Өр Алтайдай өр белде мен.
Ер елімен көрікті дейді қазақ,
Мәңгілік басымды ием сіздерге мен!
Ұрпақты бесігіңе берсін мықты,
Көрмесін ел мұңдықты, ер сұмдықты.
Бұл жүлде менікі емес, елдікі ғой
Алты Алашты жырлаймын, тек шындықты», - дегім келеді.
- Алты Алашым деп жатырсыз, Осындағы әріптестеріңмен, айтыс сүйер халқыңызға қандай сәлем айтасыз?
- Сонау Алматыдан телефон шалып, сұхбатқа тартып, құрметтеп жатқаныңызға Алла разы болсын! Осы орайда Атажұрттағы талантты ақын бауырларыма жүлдеміз ортақ, жеңістеріміз құтты болсын деймін! Сонымен бірге алда келе жатқан «Алтын домбыра» айтысында әріптестерім маңдайы жарқырап, бәйгеден келсін, елдің сөзін, халықтың мұңын жырласын дегім келеді. «Алтын домбыра» талайдың таңдайын қақтырған, жұрттың шөлін қандырған сүбелі айтыс болғай! Айтыссүйер ағайын аман болсын!

Сұхбаттасқан:Ерлан Төлеубайұлы