Оңтүстiк Қазақстан облысының өнер ордасына айналған Терiскей өңiрiн ән мен күйдiң өлкесi деп тегiн атамаса керек. Асылында, Алаш серкесi Сұлтанбек Қожановты дүниеге әкелген аймақ ақмаңдайлы ақындар мен күмiс көмей әншiлерге де кенде емес. Шәдiге – шабыт, Сүгiрге – күй, Тәкенге сөз дарытқан да осы алқап. Ұрпақ сабақтастығын ұлы көш деп ұлықтайтын болсақ, дәл осындай дарабоздардың бүгiнгi ұрпақтары Созақ жұртының жұмыр жүрегiн ән мен жырдың бесiгiнде тербетiп келедi. Солардың бiрi – арқалы ақын, сазы мен назы бөлек әндердi тудырған сазгер, биыл алпыс бестiң белесiне шыққан Қазыбек Мыңжан десек, қателеспеспiз.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан».
Қарт Қаратаудың баурайындағы Қарақұр ауылында дүниеге келген Қазыбектi терiскей жұрты алдымен ақын ретiнде таныды. Алғаш қауырсын қанат жырлары аудандық «Молшылық үшiн» газетiнде жарық көрiп, мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ поэзияға деген ерекше ықыласы барын аңғартты. Содан берi өлеңдерi облыстық және республикалық баспасөз беттерiнде үзбей жарияланып келедi. Ұзақ жыл қалам тербеуiнiң нәтижесiнде бiрнеше жыр жинағын да шығарды. 1995 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Қарлығаш» жыр жинағына топтама өлеңдерi енiп, оған қазақтың белгiлi ақыны Есенбай Дүйсенбаев жылы пiкiр бiлдiрген болатын. Одан кейiн Алматыдағы «Шартарап» баспасынан «Жүрек жылуы» атты өлеңдерi мен толғаулары, дастандары топтастырылған жыр жинағы шықты. Ал, 2012 жылы «Көңiл кәусары» атты өлеңдерi мен дастандары және «Сыбаға» атты балаларға арналған өлеңдерi мен тақпақтары жеке-жеке жарық көрдi. Бiрнеше рет жыр мүшәйраларында топ жарған Қазыбектiң суырып салма ақын ретiнде айтысқа қатысып, туған ауданының намысын қорғаған кездерi де болды. Құлыншақ Кемелұлының 150 және күйшi Төлеген Момбековтiң 70 жылдық мерейтойларына арналған ақындар айтысында бас жүлденi еншiледi. Сонда Әселхан құрдасына есе жiбермей, тең тайталасқанына ел риза болған.
Қазыбек Iңкәрбекұлының ақындығымен қоса сырлы әндердi аялап жүрген сазгерлiгi де бар. «Өнер – тәңiр сыйы» десек, бойға бiткен қасиеттi танып, оны дамыту, жан-дүниенi тебiренткен ерекше сезiмнен туған ән ырғағын тыңдаушыға жеткiзiп, көкiрек көзiн оята бiлу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiнi анық. Ал, сазгерлiкпен қоса поэзияны жанына серiк етiп, ән тiлеп тұрған тебiренiстi жырларды ырғаққа айналдыру Қазыбектiң бала кездегi талпынысынан басталған. Оның өнерге бейiмдiгi 1968 жылы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына алып келдi. Содан берi Қазыбектiң өмiр жолы мәдениет саласымен бiте қайнасып келедi. Алғашқы «Қайдасың, менiң Баяным» атты әнi кезiнде ауыл жастарының сүйiп тыңдайтын әнiне айналып едi. Қазiр елуден аса ән мен терме-толғаулардың авторы. Сонымен бiрге жетпiстен аса әнге мәтiн жазды. Қазекең сөзiн жазған Марат Омаровтың «Бақ құсым» әнiн қазiр сахналарда «МұзАрт» тобы келiстiре орындап жүр. Көпшiлiктiң көңiл түкпiрiнен орын алған сырлы әндерi телерадиодан да жиi берiлiп тұрады. 1998 жылы облыстық сазгерлердiң «Үкiлiм-ай» атты телерадио конкурсында жүлделi үшiншi орынды иелендi. 2010 жылы «Өнер» баспасынан «Ән әлдилеген әлем» атты ел iшiнен тараған таңдаулы әндерi мен толғаулары, термелерi мен өзге де сазгерлердiң әндерiне жазылған өлеңдерiнiң басын құраған кiтабы жарық көрдi.
Сан қырлы өнер иесi шығармашылығын шыңдай жүрiп, ауданда жауапты қызметтердiң тiзгiнiн де ұстады. Аудандық «Молшылық үшiн» газетiнде журналист, аудандық бiлiм бөлiмiнде әдiскер болды. Тiл жанашыры ретiнде «Қазақ тiлi» қоғамын басқарды. Аудандық кеңестiң депутаты, мәслихаттың ұйымдастыру-құқықтық бөлiмiнiң меңгерушiсi, аудандық мәдениет бөлiмiнiң бастығы, ақпарат және мәдениет, жастар iсi бөлiмiнiң меңгерушiсi сияқты қызмет сатыларынан өттi. Қазыбектiң осы қызметтерде жүрген уақытында шындық үшiн шырылдап, әдiлдiк үшiн арпалысқан кездерiн де бiлемiз. Күнделiктi өмiрде кездесетiн келеңсiздiк, көпе-көрнеу бұра тарту сияқты адами жат қылықтарға табандап қарсы тұра бiлдi.
Қазыбектiң мәдениет пен өнер, әдебиет саласындағы еңбектерi ескерусiз қалған емес. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi атанды. Аудан, облыс әкiмдерiнiң Алғыс хаттарымен марапатталып, «Оңтүстiк Қазақстан облысына сiңiрген еңбегi үшiн» медалiн өңiрiне қадады. Мiне, 2003 жылдан берi табан аудармай Шолаққорғандағы А.Жұбанов атындағы саз мектебiнде шәкiрт тәрбиелеп келедi. Өнегелi отбасы иесi. 8 ұл-қызды тәрбиелеп өсiрген ардақты әке, 13 немеренiң атасы.
Қазекең жайлы жазарда сонау бала шақтағы көңiл түкпiрiнде қалған оқиға емiс-емiс ойға оралады. Марқұм әкем әдебиет пәнiнiң маманы болғандықтан, аракiдiк мақала жазып тұратыны бар-тын. Содан шығар, үйге күн құрғатпай газет-журналдар ағылып жататын. Әсiресе, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң әрбiр санын қалт жiбермей оқу оның қалыптасқан дағдысы едi. Бiрде осы газеттiң жарты бетiн ала суретiмен Қазыбек Мыңжанның өлеңдерi жарияланды. Әкем рухани пiкiрлес досының жаңа жырларын бiр деммен оқып шықты. Ризалығын жүзi аңғартқандай, толқынысты кейiпте бiраз отырды. Газеттi қойған бойда, әлгi өлеңi бар беттi ақтара бастадым. Таптым да оқуға кiрiстiм. Иiрiмге толы ой, жұмыр ұйқас жанымды бiрден баурай жөнелдi. Бұл Қазыбек Мыңжанның сол кездегi жас ақындардың республикалық «Жiгер» фестивалiне ұсынған топтама өлеңдерi едi. Содан берi оның жылт еткен жырларын оқып, жүрек тебiрентер әндерiне елiтiп өстiк. Әкей өмiрден озса да, Қазекеңмен арадағы рухани байланыс селкеуленген емес. Қайта көрген бойда құшағына тартып, кейбiр аға буын ағалар сықылды арзан сөзiн ақылдылыққа баламай, естiлерше тереңнен тартып сөз қозғайтыны үнемi жаныңды жадыратады.
Дереккөз: okg.kz