ДАИШ тарапынан әйелдерді ғаламтор арқылы сататын кеңселердің бірі Түркияның Газиантеп аймағынан табылды. Германиялық NDR және SWR арналары дәл осы ДАИШ-тың Газиантепте ашқан әйелдерді сату орталығы туралы хабар таратты.
БАҚ таратқан мәліметке сенсек, орталық әр әйелді 15-20 мың доллар шамасында сатып, өзге де байланыс орталықтары арқылы ұйымға жіберіп келген.
Қазіргі таңда көпшілік арасында кеңінен таралған whatsapp секілді басқа да байланыс құралдары арқылы таратылған суреттер мен жазбалардан әйелдер мен балалардың «құл» ретінде саудаланғаны, соның ішінде ең көп ақша ұсынғандарға сатылатыны, ақша аударымының Түркиядағы ДАИШ байланыс орталықтары арқылы ұйымға жеткізілетіндігі анықталған.
Осы жәйтке қатысты жарияланған бейнебаянда ирактық Әбу Мурат есімді кісінің ғаламтор парақшасына кіріп, құлдықтағы әйелдерді сатып алуға әрекеттенгені, тіпті саудаласуға кіріскендігі көрсетіледі. Сондай-ақ, видеода ақша аударымының сәтті жүзеге асырылуы үшін хат алмасылады. ДАИШ Газиаентепке жол жүру үшін нұсқау береді. Арада бітімгершілік жасаушылармен кездескен Әбу Мурат, өтем ақыны оларға табыстайды.
Жасырын камера арқылы, ақша аударымы жасалған кеңсе де көрсетілген. Мұнда калькулятор арқылы ақша қабылданып алынады. Ақшаның тікелей ДАИШ-қа жөнелтілуі үшін, басқа «делдалдарға» телефон арқылы хабар беріледі. Ал ең сұмдығы, бұның түрік ақпарат қызметінде ешқандай кедергіге ұшырамағандығы..
Бауыржан Карипов