ҚАЗАҚТЫҢ ӨСУІНЕ БАСТЫ ҚАТЕР – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТТАР

/uploads/thumbnail/20170708205150024_small.jpg

Арманымыз қара ормандай қауым болу. Батаның басы да  ұрпағың өссінмен  жалғасатыны да сондықтан.  Көбеюдегі мақсат –  атадан қалған ұлан байтақ далаға түгелдей қоныстану. Алтайдан Атырауға дейінгі  аралыққа  өрен-жаранымызды  кеңінен қоныстандыру.   «Көп қорқытады, терең батырады» демекші,  аздығымыздан жасқанбай,  көптігімізбен мақтанып,  арқаны кеңге салып, өсіп-өну. Жеріміздің кеңдігімен ғана емес,  ұландарымыздың  өрістілігімен де  еңселену.  Бірақ, шыдамдылығымызды  шыңдау үшін  тағдыр біздің ұлтты әрқашан сынаққа алып отырған.  Жерімізді басқаның табанына таптатпау үшін  намысты жанып келеміз.  «Мың өліп, мың тірілген» қазекемнің өсіп-өнуіне кедергі көп болды. Бүгінгі бас ауыртуымыздың бірі – экологиялық жағдай.  Ауаның ластануы.   Экологиялық дағдарыс –  болашақ ата-ананың денсаулығын әлсіретіп, сондай-ақ, іштегі шарананың жетілуіне кері әсер етуде. Сондықтан, елімізде жұқпалы аурулардың таралуын  зерттейтін медициналық география ғылымын дамыту мәселесі тұр. Аталмыш ғылым  қоршаған ортаның   ағзаға  тигізетін әсерін зерттейді.

    Тіршілік иесі  мен табиғат егіз ұғым. «Дені сау адам табиғаттың ең қымбат жемісі» деген  тәмсіл сондықтан айтылған.  Табиғат қорларын  пайдалану мақсатында ауаны  өзіміз ластаймыз.  Содан кейін барып,  кері әсерлердің зардабын шегеміз. Жерімізде сандаған жылдар бойы сынақ жүргізілді.  Атомдық және химиялық өндірістің, ядролық сынақтың салдарынан еліміздің көптеген өңірі экологиялық дағдарысқа ұшырады.  Арал  теңізі, Семей полигоны,  Батыс Қазақстандағы Азғыр, Тайсойған және Ресеймен шекаралас «Капустин Яр»  апатты аймақ болып саналады. Қоршаған ортаның  ластануының әсерінен адам тәнінде тектік және хромосомдық өзгерістер пайда болады. Генетикалық  ауытқушылықтың салдарынан  жұмыртқа жасушаларының 50 пайызы  өледі. Кей жағдайда белсіздікке ұрындырады. Генетикалық зардап шегудің соңы денедегі  немесе  жан-дүниедегі кемістікке апарып соғады. Зерттеушілердің айтуынша, қоршаған ортаның радиоактивтік, химиялық заттармен ластануының кесіріне ұшыраған   балалардың – 10 пайызы, яғни әрбір 1 млн. баланың – 100 мыңы дертке шалдығады екен.

Ағзаны дертке ұрындыратын улы заттарға не жатады?  Олардың зияны қандай? Осы сұрақтарды тәжірибелі   гинеколог Асылхан Бектемісқызына қойған едік.

– Адам мен басқа да тірі ағзаларға тән емес, бөтен заттардың саны бүгінде 4 млн.нан асып түсті.  Олардың қатарына концерогендер де жатады. Бұл – қатерлі ісік туғызушы. Бүгінде канцерогеннің 500 түрі анықталған. Мутагендер  – хромосоманың саны мен құрылымын өзгертеді. Оларға рентген, гамма-сәулесі және кейбір  вирустар жатады. Тератогендер – дамуда кемістікке, (құбыжық)  кемтарлыққа әкеліп соқтыратын заттар.  Эмбриогендер –  өсіп келе жатқан  ағзаны зақымдандырушы,– дейді ол.

– Тәжірибелі дәрігердің сөзінен түйгеніміз, жүйке, қан айналым жүйесі, ас қорыту мүшелерінің патологиясына  судың сапасыздығы, ауаның ауыр металдар мен мұнай өнімдері буымен ластануын кері әсер етеді екен. Қатерлі ісік ауруының 75-80 пайызы химиялық заттардың  салдарынан пайда болатын көрінеді. Ауаның ластануы  мен дәрі-дәрмекті   ретсіз пайдаланудың кесірінен шарананың аяқ-қолы дамымай,  мүшелері жетілмей және  түсік тастау жиі орын алатын көрінеді.

Демографияға экологиялық жағдайдың тигізетін әсері жайлы мақаламызды жазу барысында  облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қанат Жұмашевқа жолығып, ана мен бала денсаулығының облыстағы жай-күйін айтып беруін өтінген едік.

– Шынын айту керек, экологиялық жағдай мен техникалардың   әсері шараналардың денсаулығына зардабын тигізіп жатқаны рас. Қазір дүниеге сәби әкелетін аналар аз қозғалады.  Компьютер мен телефонды ұзақ пайдаланудың  да зияны жетіп артылады. Содан кейін бұрын-соңды көрмеген көкөністерді тұтынудамыз. Олардың қайдан әкелініп жатқаны, қандай жерде өсірілгені белгісіз.  Бүгінде жаңа туған сәбилерде ең көп кездесетін сырқат – жүрек патологиясы. Яғни, кардиологиялық сырқат.  Кей сәби ас қорыту жүйесінің ақауы, бүйрек сырқаты және ішегі жабысып қалған күйі дүниеге келуде. Сүйегі қисайып туатындар қатары азаймай отыр. Жамбас, аяқ-қол сүйектерінің жетілмеуі және буындары сәйкес келмейтін балалар тууда.  Іште жатқанда ұршығы шығып кеткен балалар бірден ота жасауға жіберілуде.  Қазір 14-15 жастағы жасөспірімдердің босануы белең алып барады.  Олардың ағзасы  сәби көтеруге  әлі дайын емес. Ерте босанған қыздардың көбі темекі шегіп, сыра ішетіндер. Сондай-ақ, қор-қор шегетіндер де кездеседі. Біз баланың кемтар болып туғанына не себеп болғанын пайымдау мақсатында анасының өмір сүру салтын зерттеп көреміз.  Сонда аналардың бала көтеруге немқұрайды қарағандығына куә боламыз.  Көбінің ағзасында  жұқпалы аурулар бары анықталады. Бала көтерген ана энергетикалық сусын мүлде ішпеуі тиіс. Ең өкініштісі, кемтар болып туған балалардың біразы емделмейтін дертке душар болған.  Оған сал және даун сырқаттары жатады.  Өткен жылы тоғыз айда Талдықорған өңірі бойынша 4380 бала дүниеге келсе, биылғы осы мерзімде 4456 шарана  туыпты.  Бала туу көрсеткіші жайлап болса да өсіп келеді.  Мекеме басшысы  Қанат Қалиқанұлының айтуынша, жылына жаңа туған нәрестелердің  20-30 шақтысы бірден емдеу орындарына жіберіледі екен. Сондай-ақ, ай-күніне жетпей босанып қалып жатқандар көбейіп баратын көрінеді.  Бұл да экологияның салдары. Мерзімінен бұрын туған  сәбидің ағзасында  кем-кетік көп болады.  Ғалымдардың зерттеуі бойынша, адамдардың денсаулық жағдайының 50 – 52 пайызы өмір сүру салтына, 20 – 25 пайызы тұқым қуалау салдарына, 18 – 20 пайызы  қоршаған орта жағдайына, ал 7 – 12 пайызы ғана денсаулық сақтау саласының деңгейіне байланысты екен. Ендеше,  қоршаған ортаның ластануына жол берілмеуі керек. Өйтпеген жағдайда халықаралық ұйымдар бізді ұлан-байтақ даланы игере алмаушылар қатарына қоспақшы.  Сөзімізді дәлелдеу үшін дерек пен дәйекке сүйеніп, жағдайдың жай-жапсарын түсіндіріп көрейік.  Көрші Қытай  елі тоқтаусыз көбейіп келеді. Дүниежүзi халқының төрттен бiр бөлiгi  қытайлықтардың үлесiне тиедi.  Шекаралас мемлекетті зерттеушілердің пайымдауынша, олардың  жалпы табиғи  қоры 2 миллиард адамды асырауға ғана жетеді.  Одан кейін  жердің асты-үстіндегі байлықтары сарқыла бастайды.   Бүгінде Қытай елінің  өзен-сулары тартылып, шабындықтары азайып, астық алқаптары уланып, орман-тоғайы сирей бастады.  Оны өздерінің ғалымдары мен экономикасын зерттеп жүрген сарапшылары да мойындап,  дабыл қағуда. Яғни, асудың арғы жағындағы көршіміз алдағы уақытта өз  жеріне  сыймай, көрші елдердің мекенін, яғни біздің иен даламызды пайдалануға  ниет білдірмек.  Қытайдағы  адам санының шектен тыс көбеюі  өзен суының  арнасына сыймай жарқабаққа қарай  көтерілуімен салыстыруға келеді.   Су арнасынан асқанда жан-жағындағы алқапқа жайылады. Олар үшін  «қанат жаюға» ең қолайлы аймақ қазақ даласы. Біздің жерге қоныстану  көрші елдің  ғасырлар бойғы арманы. Жаһанданудың  заңдылығы бойынша бос кеңістіктің орны  толтырылуы тиіс.   Табиғат  алаң ашықтықты қаламайды.  Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше,  әлем бойынша жер көлемі үлкен,  бірақ адамдары өте аз тұрақтанған алғашқы үш елдің бірі – Қазақстан (1 метр2 жерге 5,5 адам) екен. Қытай елі сондай-ақ  Қазақстанның жер ресурсын, яғни, мұнайды ең көп тұтынушы ел.

Міне, жерімізді ай-күннің аманында  басқалардың таптауына бермес үшін көбею керек.  Сондай-ақ, халық санының аздығы елдің экономикалық әл-ауқатына қатер төндіреді. Тұрғындардың аздығы  инфрақұрылымның одан әрі дамуына  кері әсерін тигізеді.  Өндіріс – тұтынушылық әлеуетінің әлсіздігіне байланысты  өркендей алмауы мүмкін.  Қазақ халқы жас ұлтқа жатады. Елімізде 9 жасқа дейiнгi балалар 22  пайызды құрайды. Ал тұтастай алғанда, 19 жасқа дейiнгiлер 43,9 пайыз, алпыс және одан жоғары жастағы тұрғындар үлесi 6,1 пайыз.  Есептік орташа  жас – 25.  Яғни, қазақ халқының басым бөлiгi өмірге ұрпақ әкелуге қолайлы жастағылар.

Түйін орнына: Қазақстанның бір жылдағы  демографиялық өсім мөлшері  300 мыңдай  адамға сай келеді. Дүниеге сәби әкелетін жастағы  әйел-еркектің  және өмірге келген нәрестелердің  денінің саулығына әлі де қамқорлық қажет.  Мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс маңызды шаралардың бірі – халықтың экологиялық тұрғыдан қауіпсіздігін сақтау.  Олай болмаған жағдайда  көбеюіміз жайлы үмітіміздің ақталуы алыстап кететін сияқты. Мақала жазудағы мақсат-мүддеміз қара ормандай ел болсақ, құлан жортпас бел болсақ деген ой ғой.

 

Гүлжан ТҰРСЫН

Талдықорған

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар