ҚАЗЫНАНЫҢ ҚЫРУАР ҚАРЖЫСЫ ҚАРҒА СІҢДІ

/uploads/thumbnail/20170708205213720_small.JPG

Өткен аптада «Қамшы» порталында «Жақсыбеков президент саясатына қарсы ма?» деген тақырыпта мақала жарияланды. Аталған мақалада Астана қаласында Мұз қалашығын салып жатқан әкімнің әрекетін әшкерелеген болатынбыз. Міне, сол Мұз қалашығы бүгінде күннің күрт  жылынуы салдарынан еріп жатыр. Бұл деген сөз, миллиондаған қаржының сол мұзбен бірге еріп кеткенін көрсетеді.

Дәл қазіргі таңда, Қазақ елі ең ауыр қаржылық дағдарысты бастан өткеруде. Сондықтан да, Мемлекет басшысы, Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап анша-мұншаны елең қылмайтын депутаттарға дейін үнемшілдік керек екенін айтып жатыр. Айталық, таяуда ғана президент «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деген тақырыпта Жолдау жасады. Мемлекет басшысы аталған Жолдаудың басынан аяғына дейін үнемшілдік туралы айтты. Мәселен, "Біз осы жылдар бойы көп еркелеп кеттік" дей келе президент шенеуніктерді көрпеге қарап көсілуге шақырды.

– Адам дүкенге келіп, сөредегі тауарларды көреді, ұстап көреді де бар ойы қалтасындағы қаражатта болады, солай ма? Ол ақшасы жетпейтін тауарды ұстамайды. Ал мемлекет неге осылай етпеуі керек? Көрпеге қарап көсілу керек. Біз қазір осыған бағыт алдық. Дағдарыстың болғаны жақсы, себебі үнемдеп үйренеміз, ақшаны халықтың игілігіне жұмсау керек. Біз осы жылдар бойы көп еркелеп кеттік, соның бәрі мұнай ақшасына, экспорт тауарларының көп ақшасына байланысты. Ақша бәріне таратылды, барлығы штаттарын кеңейтті, барлығы да риза болды, тыныш өмір сүрді. Мұның әйтеуір аяқталатын кезеңі келуі керек еді. Келді де деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, әкім қаралар президент айтқандай үнемшілдікті үйренуі керек. Алайда, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков бюджет қаржысын үнемдеудің орнына оны оңды-солды шашып жатыр. Мәселен, ол бұған дейін құны 10 миллион тұратын жылы аялдама салып айды аспанға шығарды. Ал, аталған аялдаманы ресейлік шенеуніктер не бәрі 3 миллионға салғанын айтады. Қытымыр аязда тұратын астаналықтар үшін жылы аялдамалардың болғаны дұрыс та шығар. Алайда, дәл қазіргідей дағдарыс кезеңінде аталған аялдамаларды салмай-ақ қойсақ болар еді ғой. Өйткені, аялдама салмады деп қарапайым халық ренжімейді.

Бұл аз десеңіз, ол Астананың төрт бірдей жеріне Мұз қалашығын салып, бюджеттің қаржысын рәсуа етті. Рәсуа етті демей, немене, әкім салған Мұз қалашығы күннің күрт жылынуы салдарынан еріп жатыр. Бір қызығы әкімдік Мұз қалашығына қанша қаржы жұмсағанын айтпай отыр. Айтсақ, дәл жылы аялдамалардың жырындай басымыз бәлеге қалады деп ойласа керек. Алайда, аталған қалашықты салуға жүз миллионнан астам қаржы кеткені анық. Өйткені, әкімдік қалашықты салатын арнайы мамандарды қытайдан арнайы шақырқан. Ал шет елдік мамандардың елімізге тиын-тебен үшін келмесі белгілі.

Қош, сонымен, жылы аялдамалар мен Мұз қалашығын салуға бюджеттен қыруар қаржы жұмсалды. Егер де, Әділбек Жақсыбеков «Биыл Мұз қалашығын салмай, оның қаржысына жас отбасыларға пәтер алып береміз» десе, оны жұрт төбесіне көтерер еді. Өйткені, қазіргі таңда мыңдаған отбасы Астанада баспана тақсыретін тартып отыр. Ал рәсуа болған қаржыға бір емес бірнеше отбасына шаттық сыйлауға болады. Алайда әкім ондаған отбасын баспаналы еткеннен гөрі, ақшаны оңды-солды шашқанды қош көрсе керек.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

 

Қатысты Мақалалар