Кеше Қарағандыда бірқатар мемлекеттік қызметшілердің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысында айыпталушылардың ақырғы сөзі тыңдалды, - деп хабарлайлы «Қамшы» порталы.
Сот отырысында сөз алған елдің бұрынғы Премьер-министрі Серік Ахметов Елбасыдан кешірім сұрады.
«Мен Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы, өзімнің ұстазым әрі тәлімгерім Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан оның сенімін ақтай алмағаным үшін және осыншама уайымға салғаным үшін кешірім сұраймын» деді ақтық сөзін айтқан С. Ахметов.
Сотта ол өзіне тағылып отырған айыптардың ешқайсысымен келіспейтінін айтқан экс-премьер:
«Егер сот пен Елбасы маған қайтадан сапқа оралуға мүмкіндік берсе, мен Мемлекетіміз бен Президентіміздің игілігі үшін еңбек ете беремін. Қандай жағдай болмасын мен елім мен Елбасыға адалмын» деді.
Аталған іс бойынша сот үкімі ертең оқылады.
Естеріңізге салсақ, осындай айыппен қамауға алынған Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын да былтыр қараша айында Елбасыдан кешірім сұрап, артынша қамаудан босаған болатын. Сот оған шартты түрде 3 жыл бас бостандығынан және «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айыру жазасын кескен еді.