Қазақстан Ұлттық Банкі Елбасының 2015 жылдың 11 ақпанында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Ипотекалық тұрғын-үй қарыздарын қайта қаржыландыру» бағдарламасын бекіткен еді. Алайда, осы бағдарлама орындалмай, мемлекеттік органдардың екінші деңгейлі банктерге тістері батпай отыр. Осының кесірінен борышкерлер Елбасының тапсырмасына сәйкес берілуге тиісті жеңілдіктерге қол жеткізе алмауда. Осыған жаны ашыған Парламент Мәжілісіндегі «Халықтық коммунистер» фракциясы депутат Айқын Қоңыровтың бастамасымен Бас прокурор А.Дауылбаевтың атына сауал жолдап, мәселенің оң шешілуі үшін прокурорлық бақылау жасауды өтінген. Үстіміздегі жылдың 27 қазанында берген жауап хатында Бас прокуратура бағдарламаның «қарқынды түрде іске асырылуы бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатқандағы» туралы айтқан. Алайда, іс жүзінде олай болмай, көптеген борышкерлер Бағдарламаға қатысу мүмкін емес екендігіне шағымдануда. Бұл - екінші деңгейлі банктерге қатысты нақты ешқандай іс-шаралардың жүргізілмей жатқандығының айқын айғағы.
Сөйтіп, Бас прокуратура, Ұлттық Банк, жергілікті атқарушы билік органдары – бәрі бірігіп, өздерінің әрекетсіздіктерінің салдарынан мемлекеттік Бағдарламаның іске асырылуына тежеу болып отыр. Осыған орай «Халықтық коммунистер» мынадай нақты шешімдер ұсынады:
- Жергілікті атқарушы билік органдарының жанынан құрылған Бағдарламаның іске асырылу барысын бақылайтын қоғамдық комиссиялардың төрағасы етіп арнайы уәкілетті прокурорлар тағайындалсын;
- Бағдарламаны іске асыру барысында мемлекеттік органдар, Ұлттық Банк, екінші деңгейлі банктер, саяси партиялар мен қоғам арасындағы өзара әрекеттесу тетігі қамтамасыз етілсін;
Сонымен бірге «Халықтық коммунистер партиясы» атқарушы, бақылаушы және реттеуші мемлекеттік органдар тарапынан толық реттеу және қолдау болған жағдайда Бағдарламаның модераторыболуға дайын екенін айтады.
Міне, осы ұсыныстарды айтып, Мәжілістің соңғы пленарлық отырысында депутат Айқын Қоңыров тағы да Премьер-Министр К.Мәсімов пен Бас прокурор А.Дауылбаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Осыдан бір нәтиже шыға қоюына күмәніміз бар, өйткені біздің мемлекеттік органдар жекеменшіктің қолындағы «дөкей көкелердің» екінші деңгейдегі банктеріне азуын батыра алмайды-ау...
Әділ БЕКОВ