1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында ІІ жалпы қазақ құрылтайы өтіп, Алашорда мемлекеті құрылған болатын. Өкінішке орай, аталған мемлекет небәрі 2 жыл 3 ай тәуелсіз өмір сүрді. Алайда, дәл осы уақыт аралығында Алаш арыстары қолынан келгенінше тәуелсіздікті сақтап қалуға тырысты. Әйтсе де, үш жақты қыспақта қалған Алашорда басшылары сол кездегі жағдайды ескере отырып Кеңес үкіметін амалсыздан мойындады.

Кеше Астанадағы «Аманат» интеллектуалдық пікір сайыс клубында Алаш әскеріне қатысты бас қосу өтті. Аталған басқосуда негізгі баяндаманы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы Берік Әбдіғали жасады. Тарихшы дөңгелек үстелде Алаш әскеріне қатысты тың деректерді жариялап, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Өйткені, ол бұрын соңды жұрт назарына ұсынылмаған Омбыдан тапқан алаш әскеріне қатысты видеоны көрсетті. Оның айтуынша видеодағы он шақты қазақ атаман Дутовқа оққағар болған азаматтар.
– Бұрын «Дутовтың конвойы, яғни оққағары – қазақтар болыпты» деген деректі әр жерден оқитын едік. Колчактың орынбасары болған Морис Жанен деген француз генералының жазбаларында Дутов Колчактың қабылдауына қазақ оққағарымен келгені айтылады. Жалпы, Дутов қоғам назарын өзіне аудартып жүруді жақсы көрген адам. Сол кезеңдегі газеттерде оны қазақ әскері күзететіні туралы әртүрлі, арасында тіпті күлкіге айналдырған жазбалар бар. Басына бөрік киген оққағардың суреті де баспасөз бетінде басылған, – дейді Берік Әбдіғали.

Тарихшының айтуынша, аталған видеоны француздар 1919 жылы түсірген. Өйткені, большевиктерге қарсы күресте Колчак әскеріне француздар мен ағылшындар қару-жарақ, киім-кешек, қаржылай көмек берген. Ал Алашорда басшылары Колчакпен одақтас болғандықтан аталған көмекті өздері де алған. Міне, осындай алыс-беріс кезінде француздар 1919 жылы Семейде болып, қаланы видеоға түсіріп алған көрінеді.
Жалпы, Алаш тарихына қатысты ашылмаған тың деректер шет елдің мұрағаттарында әлі күнге дейін бар. Алайда оларды алып, ұлт тарихын түгендеуді жекелеген азаматтар өз қаражатына жүзеге асырып жүр. Мәселен Берік Әбдіғали жоғарыдағы құнды деректерді өзінің және қалталы азаматтардың арқасында елге әкелген. Өйткені, үкімет тарапынан алаш тарихына деген немқұрайлылық көзқарас әлі күнде дейін бар. Соның салдарынан алаш арыстарына құрмет көрсету жағы көңіл көншітпей отыр. Мәселен биыл Міржақып Дулатұлының 130 жылдық мерейтойы жетім қыздың тойындайда аталып өтпеді. Ал, «Мәңгілік ел боламыз» деп отырған мемлекет алаш арыстарын ұлықтауды назардан тыс қалдырмауы керек еді.
Шын мәнісінде алашордашылар Кеңес үкіметінен жеңілседе көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, олар Қазақ елінің шекарасын шегендеп, болашақта тәуелсіздік алуға негіз қалап кетті. Қазіргі таңда орыстың шовинист саясаткерлері одақтас елдердің шекарасын белгілеп, бөлек республика еткені үшін Ленинді айыптап жүр. Алайда, олар болшевиктердің бұлай етуге мәжбүр болғанын ескере бермейді. Өйткені, ол кезде коммунистердің Алаш арыстарының айтқанын орындаудан басқа амалы жоқ еді. Себебі, аталған уақытта Алашорда мемлекетінің басшыларының қолында қуатты болмаса да әскер болатын. Міне, осы Алаш әскері шекарамызды шегендеуге айтарлықтай ықпал етті.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана