Пәтер сатумен айналысатын алаяқтар елорданың тұрғын үй басқармасы ғимаратынан бөлме жалдап отырған. Бұл туралы брифинг барысында Астана қалалық прокуратурасы екінші басқармасының прокуроры Ерлан Баймұхамбетов мәлім етті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Төмен бағамен баспана, жер телімін алғысы келетін адамдардың қаржыларын қалтасына басу үшін біздің адамдардың түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктес ашқандығы туралы да көптеген фактілер бар. Мұндай алаяқтық жол тіпті Астана қаласы бойынша тұрғын үй басқармасының ғимаратының ішінде де орын алған. Олар ғимараттан бөлме жалдап, азаматтарды мемлекеттік бағдарлама аясында баспана алу мүмкіндігін жасаймыз деп алдаған», - деді прокурор.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай қылмыстық топтардың 26 алаяқтық жасағандығы белгілі болып отыр.
«Бұған қоса, Астанада ЖШС-ашылып, ол Британ корольдік банк арқылы төмен пайызбен несие бере алатындықтары туралы хабарлама берген. Бірақ, іс жүзінде ондай банк мүлдем жоқ», - деді ол.
Е.Баймұхамбетовтің атап өтуінше, аңқау астаналықтардың көпшілігі осындай алаяқтардың қармақтарына тез ілігіп қалады.