Мен екі ұғымды түсіне алмай келемін. Бірі-жыл мезгілдері, екіншісі- тәулік. Бізді оқытқанда төрт жыл мезгілі болады: қыс, көктем, жаз, күз, тәулік- күндіз бен түннен тұрады деп оқытты. Бірақ... өмірде бір жылда екі қыс, бір тәулікте екі түн болып жүр. Бұл қалай?
Түсіндіре алмадым ба? Басынан бастайын. 2015 жыл қаңтардың 1-нен басталды. Қаңтар дегеніміз қыстың айы. Одан кейін ақпан, ол да қыстың айы. Содан соң көктем айлары, наурыз, көкек, мамыр. Әрі қарай жаз: маусым, шілде, тамыз, күз: қыркүйек, қазан, қараша. Сосын желтоқсан. Қыстың басы, бірақ әлі 2015 жыл. Не болып кетті! Сонда бір жылда екі қыс... ал түсініп көр!?
Енді тәулік. Кеше 10-желтоқсан, бүгін 11-желтоқсан. Ап-анық сияқты. Түнде сағатқа қарасам, 11-желтоқсан деп тұр. Шынында 10-желтоқсанның түні, бірақ түнгі 12-ден кейін 11-желтоқсан басталып кеткен. Кешке тағы 11-желтоқсанның түні басталады. Сөйтіп, 11-желтоқсан «түн-күндіз-түн» болып тұр. Тағы да..., бір тәулікте екі түн.
Психологқа көрінуім керек сияқты.
Меңдібай Ізтұрғанұлы