Доллар бағамы жақын күндері 320 теңгеге жетуі мүмкін

/uploads/thumbnail/20170708205459519_small.jpg

Осы аптада АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы тағы да көтерілді. Кейбір валюта айырбастау орындарында доллар 317 теңгеден саудалануда. Ұлттық валюта бағамының бұлай құлдырауына қазақстан экспорттайтын шикізат бағасына қатысты сыртқы факторлар мен салымшылардың долларға деген сұранысы да әсер етіп отырғандай.

Сарапшылардың көбі бірауыздан теңгенің құлдырауына себеп болатын жағдайлардың көп екенін айтады.

«Мұнай бағасы барреліне 40 доллардан да төмендеді. Тіпті, Ресейде бір доллар 70 рубльге теңесті. Оның үстіне, Ұлттық банк валюта нарығына араласып, теңгені демеуден бас тартты. Осы үш фактор негізінен теңге бағамының құлдырауына әсер етуде» дейді қаржылық сарапшы Айвар Байкенов.

Осы бір аптадағы мысық табандап 310 теңгеден асқан доллар өсіміне қарап отырып, 320 теңгелік бағамның ауылы да алыс еместігін анық байқаймыз. Бұл көрсеткішке ай соңына дейін «қол жеткізіп» жатсақ таң қалмаңыз.

Алайда, мамандардың бір тобы девальвация қаржылық тығырықтан шығудың, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың толықтай тиімді жолы деп санамайды. Halyk Finance зерттеулер департаментінің директоры Сәбит Хәкімжановтің ойынша, девальвацияны тиімді құрал ретінде пайдаланатын кезең артта қалған және теңгенің бүгінгі ахуалы доллар бағамын Ресей рубліне қарап түзуге байланысты болып отыр.

«Негізі девальвация арқылы шетелдік тауарлардың бағасын қымбаттату, сол арқылы отандық өнімдерге сұраныс арттыру көзделді. Ол шешім белгілі бір уақытқа дейін өзекті болды. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 250 теңгеге дейінгі кезеңде мұндай шешім ауыртпалықсыз болды. Ендігі уақытта доллардың өсуі тек инфляцияның артыуына қызмет ететін болады» дейді Сәбит Хакімжанов.

Сондай-ақ, сарапшы халықтың ұлттық валютадан және валюта нарығын үйлестірушілерден мүлдем көңілі қалғанын айтады.

«Егер адам қаржы нарығынан хабарсыз болса, ол бұрынғы болған жағдайлар қайталанады деп күтеді. Яғни, бүгінгі ахуалда көпшілік доллар тағы да қымбаттайды деп ойлайды. Сол оймен жинақтарын шетелдік валютаға айналдырып, сол арқылы долларға сұранысты арттырып отыр. Бұндай жағдайға соңғы уақытта жиі жүргізілген девальвация кінәлі. Енді елдің сенімін қайта иелену ұзақ та қиын процесс» деген пікірде сарапшы.

Сонымен қатар, Сәбит Хәкімжанов теңге бағамын күшейтудің қазіргі жағдайдағы мүмкін жолын АҚШ долларын уақытша қымбаттатудан көреді.

«Егер доллар 330-350 теңгеге дейін қымбаттаса, нарықта біраз адам қолдарындағы долларын сатуға әзір болады. Яғни, еркін жүзу саясаты аясында да теңге бағамын нығайтуға мүмкіндік бар. Ол үшін біз тағы бір «валюталық шарықтау» жасауымыз қажет. Сол кезде доллар бағамын түсіруге мүмкіндік туарыд. Ал, осы бүгінгі бағамда сақталып қалса, еңбекақыны өсіру, инффляциямен күрес деген проблемалар ұлғайып кетеді» деген болжам айтады сарапшы.

Қалай болғанда да сарапшылардың «теңгеге деген сенім жоғалды» деген пікірімен келіспеске амал жоқ. Ұлттық банк валюта нарығына араласудан ашық бас тартты. Бұл да шетел валютасы тағы өседі дейтін пікірге себепші болуда. Қор нарығында мұнай баррелінің бағасы 38 долларға төмендегені тағы бар...

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар