Қазақстандық танымал экономист, ұлттық-демократиялық ұстанымдағы саясаткер Мұхтар Тайжан 13 желтоқсан күні республикалық телеарналардан көрсетілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің журналистерге берген сұхбатының жеті ерекшелігін атады. Бұл туралы ол өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Меніңше біз президенттің кешегі сұхбатына тиісті назар аударған жоқпыз. Олай дейтінім, кешегі сұхбаттың (одан бұрынғыларымен салыстырғанда) ерекшеліктері болған сияқты.
Мысалы:
1. Бірінші рет үстелдің басында тек қана қазақтар отырды. Одан бұрын қалай болса да қазақша қақпайтын орысты отырғызатын еді. Кеше үш қазақ отырды, екеуі - қазақтілді, біреуі - орыстілді, бірақ қазақша түсінетін қазақ, Красиенко секілді емес, иә?
2. Ылғи майысып отырған қыз журналистер сұхбатқа қатысқан жоқ. Әңгіме әдейі жұмыс тәртібімен өткізілген сияқты. Бұрынғыдай айтылатын әндер, өлеңдер, қыздармен орынсыз әзілдер болған жоқ. Ол дұрыс болды, өйткені қазір бәріміздің хал-ахуалымыз әзіл мен қалжың айтатындай емес.
3. Байқасаңыз, сұхбаттың негізгі тілі - қазақ тілі болды. Президент қазақша көбірек сөйледі, ең маңызды мағлұматтарды мемлекеттік тілінде айтып отырды. Осында Бейсен Құранбек бауырымызға алғыс айтқым келеді, себебі қазақша қойылған сұрақтары орысшаға қарағанда нақтылау я сауаттылау болып көрінді. Бұрынғы сұхбаттарда қазақ тілінде қойылған сұрақтары әлсіздеу болған соң қазақ тілі № 2 болып келді. Ал, осы жолы қазақ тіліндегі сұрақтар өткірлеу болған соң қазақша жауаптары да сұхбатта №1 болды.
4. Мысалға, Бейсеке Құранбек Желтоқсан оқиғасы туралы сұрақты келе жатқан 30-жылдығын қалай өткіземіз деп керемет қойды. Сосын барып Байқоңыр тақырыбын қозғады. Бұл жерде президент (менің білуімше) БІРІНШІ РЕТ "Протон" зымыранының зиянын мойындады. Мен естеуімше, Қазақстандағы Ресейдің полигондары туралы президент бірінші рет ресми ақпар берді. «Ақырындап жерімізді қайтарып жатырмыз» деді. Кезінде осы үшін сотталғанымыз бекер болмаған сияқты.
5. Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыс жайлы президент меніңше сабырлы түрде жауабын берді. Біз екеуімен де доспыз, ешкімнің жағына шықпаймыз, нейтралитетпіз. Ол әзірше дұрыс қой. Одан кейін Қазақстанның экономикалық қиыншылықтардың себептерінің біреуі - Ресейдің саясатын айтты. ЕАЭС-ты әдеттегідей мақтаған жоқ, ортақ валютаны қарастырмаймыз деп нақты айттып кетті! Біз бұндай мәлімдемелерді байқап жүруіміз керек, достар. Ол маңызды.
6. Тәуелсіздігіміздің қадірін туралы бірнеше рет (сұхбаттың басында да, аяғында да) нақты айтып кетті. Осы жолы толерастия, көпұлтты Қазақстан деп бір де бір сөз болған емес. Бұған біз назар аударайық. Оның орнына рушылдыққа қарсы дәлелдер келтірді. Ол да рас. Бұрын бұл тақырып жабық болып тұрды.
7. Оралмандар туралы жақсы айттып кетті. Бірақ, енді сөзден іске кірісу керек деп білемін бұл тақырыпта. Сұхбатта популизм да болған, бірақ онсыз болмайды ғой. Оған қатты назар аударған жоқпын.
Қорытынды. Бұл сұхбаттың бұрынғыларымен саластырғанда айырмашылықтары бар деп мойындау керек. Бір жағынан ол әлеуметтік желілердің әсері деп білемін. Себебі, сіздердің, яғни халықтың пікірін шенеуніктер қалай болса да оқиды. Яғни, ФБ пайда болғанымен тікелей "обратная связь" да пайда болды. Ол жақсы. Екінші жағынан, мұнайдың бағасы түсудің әсерінен мемлекеттің саясаты та өзгерді. Әрине, халықтың көңілінен шығу керек. Ал, сол халық демография жағынан шынайы Қазақ елі болып бара жатыр ғой. Билік бұл үрдісті байқап риторикасын да өзгертіп жатыр. Ол да дұрыс. Осылай, біртіндеп-біртіндеп, бір бірімізді түзетіп мықты ел бола аламыз деп үміттенемін! "Үмітсіз - шайтан" деген ғой!

Мұхтар Тайжанның «Фейсбук» парақшасынан