«Ақбосаға» газетіне 25 жыл!

/uploads/thumbnail/20170708205701567_small.JPG

2016 жыл журналистер қауымы үшін қуанышты оқиғалармен басталмақ. Мәселен, жыл басында республикалық «Ақбосаға» газетінің қазақ отбасының берекесі мен бірлігінің ұйытқысына айналғанына тұп-тура 25 жыл толады. Қазақ  қыздарына  тән  тұрақтылық,  адалдық,  қайырымдылық, имандылық  және  өр  мінезден  таймай, адымдап келе жатқан «Ақбосағаның» журналистері «Жүректен  шыққан  сөз  ғана  жүрекке  жетеді» деген ұстаныммен 25 жыл бойы оқырман жүрегіне жол табумен келеді. Елімізге танымал журналист, жас қалам иелерінің ұстазына айналған Шолпан Ұғыбайқызының басқаруымен ай сайын жарық көріп отырған «Ақбосаға» газеті шынайы да тартымды мақалаларымен, тақырыпқа сай, актуалды да қайталанбас суреттерімен оқырмандардың ықыласына ие. «Ақбосаға» газетіне жазылған әр отбасы басылымның үйге келуін ай сайын асыға күтеді десек асырып айтқандық емес. Ірі қалалардан бастап алыс ауылдардағы оқырмандарға дейін көкейіндегі ойын, жүрегіндегі сырын осы газет арқылы бөлісуді жөн көреді. Бұған газет редакциясына лек-легімен келіп жатқан оқырман хаттары да дәлел.

25 жылдық мерейтой қарсаңында газет редакциясы «Ақ босаға» – 25*25» акциясын ұйымдастыруда. Бұл шара аясында 25 жылғы тұрақты оқырман, газет жайлы 25 ең үздік ой-пікір, «Ақ босағаның» оқырмандар өміріне тигізген 25 пайдасы, газеттің ең тартымды 25 саны, ең белсенді 25 оқырман, газетпен түйдей құрдас 25  жасар оқырман (жеке куәлік және келер жылға жазылу түбіртегінің көшірмесі бойынша) анықталады. Аталмыш шара қорытындысы бойынша анықталған жеңімпаздар есімі газеттің мерейтойлық нөмірінде жарияланады. Әйелдердің ақылшысы, арулардың сырласы, қазақ отбасының пікірлесіне айналған «Ақбосаға» газетінің ұжымын алдағы мерейтойымен құттықтап, жемісті еңбек пен шығармашылық өрлеу тілейміз.

Қатысты Мақалалар