Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың төрағылығымен партия жанындағы БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. Аталған кездесуде отандық телеарналар мен басылымдардың бірінші басшылары бас қосып, өз ойларын ортаға салды.
Қазақ сериалының бір бөлімі 25 мың АҚШ доллар, ал үнді сериалының бір сериясы 350 АҚШ доллар тұрады. Бұл туралы "Астана" телеарнасының бас директоры Лəззат Танысбай мәлім етті. Оның айтуынша отандық телесериалдар үнді сериалдарынан қарағанда жақсы рейтинг жинайды. Алайда ол телеарнаға жарнама тарту үшін үнді сериалдарын алуға мәжбүр болып отырғандығын жасырмады.
– Соңғы жылдары зорлық-зомбылық пен қылмысты тек жекеменшік телеарналар насихаттайды деген үрдіс қалыптасты. Мемлекеттік телеарналардың əйтеуір бағыт-бағдары, бөлінетін қаржысы бар. Ал, жекеменшік телеарналар жарнаманың есебінен күн көруге мəжбүр. Бізді "Үнді сериалдарын неге көрсетесіңдер?" деп сынайтындар көп. Кешіріңіздер, телеарналардың топ менеджерлері осы үнді сериалдарын қатты жақсы көреді дейсіздер ме? Жоқ, үнді сериалдары бізге жоғары рейтинг береді. Рейтинг жарнамаға жол ашады, ал, сол жарнамадан түскен қаражаттан мен қоластымдағы қызметкерлерге жалақы төлеймін. Телеарналардың топ менеджерлері осы рейтингтің құлы болып отырмыз, оны мойындаймын, – дейді Л.Танысбай.
Сондай-ақ, ол қазақ телесериалдары көптеп түсірілсе, ол міндетті түрде рейтинг жинайды деген пікірде. Өйткені, отандық өнімге деген қараша халық ықыласы жоғары. Алайда өзімізде түсірілген телесериалдың құны тым қымбатқа түседі. Мәселен, отандық бір сериал түсіруге 20-25 мың АҚШ доллары жұмсалатын көрінеді. Ал, үнді сериалының бір сериясы 350 АҚШ доллары тұрады. Айырмашылық жер мен көктей.
Алайда, арзанның жілігі татымайтынын қаперден шығармаған жөн. Өкінішке орай, үндінің арзан сериалдары халықты азғындыққа тәрбиелеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, басынан аяғына дейін кек алуға құрылған сериал жастарды тасбауыр етіп жатыр. Алайда оны ойлап, бас қатырып жатқан азаматтар аз. Міне, сол аз азаматтардың бірі һәм бірегейі бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед еді. Ол өзі министр болып тұрғанда «Түрік пен кәріс сериалдарынан бас тартамыз» деп мәлімдеме жасады. Әйтсе де, экс-министрдің бастамасы өзі басшылықтан кеткеннен кейін құрдымға кетіп, ұмыт қалды.
Жалпы біздің елде өзіне дейінгі басшының ісін жалғастыру абыройсыз іс болып саналады. Соның салдарынан қанша жерден халыққа пайдалы іс болса да, аяқсыз қалып келді. Егер де басшыларымыз осы мінезден арылып, өзіне дейінгі министрлердің ісін жалғастыратын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда, Мұхтар Құл-Мұхамед сөзі сияқты талай бастамалар министр қызметтен кеткеннен кейін ұмыт қалды.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана