Ипотекалық несиені қайта қаржыландыру бойынша арыз қабылдау 1 наурызда аяқталады

/uploads/thumbnail/20170708205826428_small.jpg

Ұлттық банктің 2004-2009 жылдар аралығында алынған проблемалық ипотекалық несиені қайта қаржыландыруы бойынша арыз қабылдау келер жылдың 1 наурызында аяқталады, деп хабарлады www.24.kz.

Осы уақытқа дейін 13 мың арыздың 8 мыңы оң шешімін тауып, 48 миллиард теңге көлеміндегі қарыз қайта қаржыландырылды. Биыл маусым айынан бастап іске асырыла бастаған бағдарламаға Ұлттық банк өз қорынан 130 миллиард теңге бөлген. Бұл қаражат екінші деңгейлі 9 банкке үлестірілді. Қаржы мекемесі бұл ақшаны келер жылдың наурыз айына дейін игеруі тиіс. Ұлттық банк бағдарламаның әлеуметтік бағытын ескеріп, ережелерде бірқатар жеңілдік те қарастырған.

«Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларға қатысты тағы бір өзгеріс енгізілген. Олар мемлекеттік баж салығынан босатылып отыр. Осы бағдарламаға сай келетін қарыздары бойынша қайта қаржылаймын дейтін қарыз алушы 1 наурызға дейін банкке барып арыз жазуы тиіс», - деді ҚР Ұлттық банкі қаржылық сауатты арттыру басқармасының бастығы Дамиля Байділдаева.

Ал теңге бағамының еркін айналымға шығарылуына байланысты ұлттық валютадағы депозитке өтемақы төлеу бойынша салымшылардан арыз қабылдау 1 желтоқсанда аяқталды. 200 мыңға жуық салымшы өтемақы алуға арыз берген. Бұл жалпы алғанда 73 миллиард теңге. Ережелерге сәйкес, 1 миллион теңгеге дейінгі депозиті бар салымшы қаржысын банкте тағы бір жыл сақтауы керек. Келесі жылдың 30 қыркүйегінде салымшы сол кездегі және биылғы жылдың 18 тамызындағы доллар бағамына қарай өтемақы алады.

Қатысты Мақалалар