Бүгін Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 7552 әскери бөлімінде Ұлы Отан соғысының және Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің ардагері, Қазақстан Республикасы ІІМ құрметті ардагері, отставкадағы полковник Ошпанбай Түзелбайұлының тұғырлы 90 жасқа толған мерейтойы қарсаңында ұлықтау және салтанатты түрде құрмет көрсету іс-шарасы болып өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында сөз алған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұрбай Бектұрсынов мерейтой иесіне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Жақсылықов Руслан Фатихұлының атынан келген құттықтау хатын және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Әлібек Серәлиевтің атынан құттықтау хаттарын табыс етсе, Ардагерлер Кеңесінің атынан отставкадағы полковниктер Геннадий Фалеев пен Василий Мезин құттықтау тілектерін арнап, Ардагерлер Кеңесінің төрағасы отставкадағы генерал-майор Қалиақпар Тоқышевтің атынан келген құттықтау хатын табыс етті. Бұнымен қоса, ұлықтау кешіне өзімен бірге қызметтес болған әріптестері, Тыл ардагерлері, отставкадағы офицерлер және 7552 әскери бөлімінің жеке құрамы да қатысып, мерейтойға арналған концерттік бағдарламаның куәсі болды.
Ошпанбай Түзелбайұлы 1925 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Елтай ауылында дүниеге келген.

1943 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға аттанады. Сұрапыл қанды майдан жылдары ел басына күн туған кезде, толарсақтан саз кешіп, Отан қорғау жолында Украина мен Белоруссия қалаларын азат етуде және Днепр өзені бойында жауға тосқауыл құруда жан аянбай тер төгеді. Ұлы Жеңіс күнін де сонау Украина ормандарында жау бандаларымен арпалысып жүргенде қарсы алады. Соғыс аяқталғаннан кейін де, 1945 жылы ары қарай әскери қызметін өткеру үшін Түркістан әскери округіне жолданады. 1963 жылдан бастап Ішкі әскер құрамына кіретін 7552 әскери бөлімінде 17 жыл әскери борышын өтеп, сол жылдар ішінде взвод командирі, рота командирінің орынбасары және рота командирі лауазымдарында қызмет атқарады.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында жауынгерлік іс-қимылдарға қатынасқаны және ҚР ІІМ органдары мен Ішкі әскердің жауынгерлік-қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін: «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» Ордені, «Ерлігі үшін», «Германияға қарсы соғыстағы Жеңісі үшін», «Жапонияға қарсы соғыстағы Жеңісі үшін» медальдары секілді түрлі мемлекеттік наградалармен, бұнымен қоса көптеген мерейтойлық медальдармен және Ішкі істер министрлігінің «Құрметті ардагері» Құрмет белгісімен марапатталады.
1980 жылы зейнеткерлік жасқа толуына байланысты «полковник» әскери атағымен құрметті зейнеткерлік демалысына шығады.
«Осы жасқа жеткенше тағдыр-тарих жолында кездескен талай бөгеттерге төтеп беріп, қашан да жеңіске жете білген ол, қазіргі уақытта 90 жасқа келсе де Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясы Ардагерлер ұйымы Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқаруда. Құрметті демалыста жүрсе де, Ішкі әскерлер ардагері ретінде өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше белсенділік танытып, өзі ұзақ жылдар бойы қызмет еткен полкы – 7552 әскери бөлімімен үнемі тығыз байланыс жасап келеді» делінген хабарламада.