Қарағандылық зиялы қауым көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің 100 жылдығына орай мазмұнды іс-шаралар жоспарлап отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Атап айтқанда, 25 желтоқсан күні Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Жастар Сарайында Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Ташеневтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлтына қорған болған ұлы тұлға» атты салтанатты кеш өтеді. Жұмабек Ташеневтің жүлдесіне арналған жас ақындардың арасында «Жылдың үздік ақыны» анықталатын облыстық жыр бәйгесінде, сондай-ақ «Жылдың үздік жазушысы» мен «Жылдың үздік айтыскер ақыны» және «Жылдың үздік қайраткері» анықталып, оларға жүлделер табысталады.
«Туған елін, туған жерін қорғауда ерекше ерлік көрсетіп, ұланбайтақ жерімізді ұрпаққа аман сақтап қалу жолында басын бәйгеге тіккен Алаштың біртуар перзенті, қазақ халқының қаһарманы Ташенев Жұмабек Ахметұлының өнегелі істерін, қайраткерлік жолын, асыл мұрасын дәріптеу. Ұлттық поэзиямызды насихаттау, ұрпақты ұлттық ата-дәстүр рухына тәрбиелеу. Жастардың шығармашылығын шыңдау және қолдау. Халықтың рухани, мәдени мұраларын келешек ұрпаққа жеткізу және оны елдің санасына сіңдіру мақсатында ұйымдастырылады» делінген ұйымдастыру комитеті таратқан хабарламада.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғара және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекттік сыйлығының иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан бастаған бір топ өнерпаздар да қатысады деп күтілуде. Жыр кешіне әйгілі ақындар халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерлері Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен, Қойлыбай Асанов пен Серік Сағынтай және халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаттары Ержан Базарбеков, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркеновтер қатысады. Жыр кешінде «Тоқырауын толқыны» ансамблі әннен жыр шашу шашады.