Мақала Қытай ғаламторынан алынды.
Түпнұсқа тақырыбы: «Етқоректілердің ұжымағы немесе Қазақстанның мемлекеттік тағамы – «бешбармақ»
Орталық Азиядағы Қазақстан елі «Ет етқоректілердің ұжмағы» саналады, ондағы адамдардың өмірі «етсіз жабырқау». Мыңдаған жылдар бойы бұндағы көшпенді халық ет өнімдері мен сүт өнімдеріне сүйеніп тіршілік етіп келеді. Сиырдың, қойдың, жылқының, түйенің жас етін жергілікті халық баптап пісіру арқылы тамсандырарлық түрлі тағамдар әзірлейді. Бұлардың ішінде, ең атақтысы Қазақстанның мемлекеттік тағамы – Бешбармақ(қытайша Бес саусақ деп төте аударған екен – аудармашы.).
Бұл тағамның атауын транслитерация арқылы былай аударуға болады: «Бе-шы-ба-эр-ма-кы», мағынасы «бес саусақ», бұған қарап бұл тағамды қолмен ұстап жейтінін білу қиын емес. Тек қолмен ұстап жегенде ғана бұл тағамның шынайы нәрін сезіне аласыз. Қазақтардың бұл тағамының тарихы олардың көшпенді өмір тарихымен бірге сонау алыстан бастау алады. Арғы замандарда дала халқы қойды соя салысымен оны қазанға салып, таза суда қайнатып, қарапайым қоспалар қосу арқылы керемет түстік дайындайтын болған.
Ас ең қарапайым шикізаттар мен пісіру әдістерін пайдалана отырып дайындалып, оның өзіндік хош иісі толығымен сақталып қалынса, міне бұл ең керемет нәрсе. Қазақстанның «бесбармағы» мінеки осылай дайындалады. Шикізат: қой, жылқы, жалпы мал еті. Ең дәстүрлісі, әрине, жылқы еті, оған жылқы қазысы да қосылады. Келесіде кесілген етті суық суға батыра салып, қайнаған соң көбігін алып тастайсыз, сосын ары қарай тағы бірер сағат жаймен қайнатасыз, пісіп қалды-ау дегенде картошка, тұз, көк бұрыш, т.б. сорпаға саласыз. Ет қайнап жатқанда, жұмыртқа мен ұннан қамыр дайындайсыз, төрт бұрыштап туралған қамырды сорпаға пісіреді. Елестетіңізші, хош иісті жұмсақ ет пен жаңа піскен қамырды ауызыңызға салып жіберіп, сосын сорпадан ұрттап кеп жіберсеңіз, ондайды «рахат» деп бейнелеу, әрине, жеткіліксіз болады-ау. Жергілікті халықтың дәстүрі бойынша ет жеп болған соң, тағы бір стақан ашытылған қымыз жылқы сүті (қымыз – ауд.) немесе түйе сүті (шұбат – ауд.) әкелінеді, және сүтті шай де бар...
«Бешбармақ» Қазақстанның той-томалағында, мереке- мейрамдарында негізгі тағам есептелінеді, сонымен қатар, Қазақстан салт-жораға қатты назар аударатындықтан, бұл тағамды дайындағанда ер адамдар ет турап, әйел адамдар қамыр дайындайды. Олардың айтуынша бұл «ин-ян» біріккен келісімділік(Даусизмдегі ин мен ян, қазақта бұндай ұғым жоқ секілді еді – ауд.). Ал қазақтар қадірлі қонақ күткенде немесе үлкен мереке кезінде қойдың басын пісіріп, оны ең үлкен адамға немесе қадірлі қонаққа тартады.
Қазақстан президенті Н. Назарбаев бұл тағамды дәріптей отырып былай дейді: Қазақстанға келгенде үш істі міндетті түрде істеу керек, олар: қарлы тауды тамашалау, байтақ даланы тамашалау және Қазақстаннның мемлекеттік тағамы «бешбармақтан» дәм тату. Сондықтан, саяхатты ұнататын достар, егер бір күні Қазақстанға саяхаттап келе қалсаңыз, бұл тағамды татып көруді ұмытпаңыз.
Авторы: Қытай халықаралық радиосы сайытының (China radio international online) тілшісі Ли Джиңджиң
2012-05-30
Аударған: Бибол Әліпбай
сурет ғаламтордан алынды
Пікір қалдыру