Қазақ тілінің мәселесі тәуелсіздік алғалы бері биік мінберлерден бір түскен емес. Алайда, соған қарамастан әлі күнге дейін мемлекеттік тілдің мәселесі бір жақты шешілген жоқ. Оның үстіне соңғы кездері «қазақ тілінің жағдайы жақсы, босқа байбалам сала бермейік» дейтін пікірдегі азаматтар пайда болды. Шын мәнісінде қазақ тіліне байланысты ешқандай мәселе жоқ па?
Күні кеше дәл осы мәселеге байланысты сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке ескерту жасады. Сенатордың айтуынша соңғы кездері министрдің мемлекеттік тілде баяндама жасауы сиреп барады. Сондықтан да ол алдағы уақытта министрден қазақ тілінде баяндама жасауын талап еткен болатын. Алайда Сәрсенбай Еңсегеновтың талап-тілегін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тиып тастады. Нақтырақ айтсақ ол сенатордан заңға байланысты сұрақ қоюын, ал Еңсегеновтың талап-тілегі заңға ешқандай байланысы жоқ екенін ескертті. Ал төрағадан сөз естіген депутат болса сауал қою кезінде шатысып кеткенін айтып, палата төрағасынан кешірім сұрады.
Міне бар болғаны осы. Алайда дәл осы әрекет арқылы қазақ тілінің дамуына саяси элита кедергі келтіріп отырғанын анық аңғаруға болады. Өйткені, 2011 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс» деген болатын. Бұл сөзді президент жай ғана бір кездесуде емес, өзінің жыл сайынғы кезекті Жолдауында айтты.
– Қазіргі таңда мемлекеттік тілді еркін меңгерген халықтың ішінде ересек адамдардың саны басым көпшілікті құрайды. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің орасан зор жетістігі. Оны айтып отырғаным 1991 жылы, тәуелсіздік жариялаған кезде Қазақстандағы қазақ халқының саны қанша еді? Халықтың жартысынан кем еді. Өз тілінен айырлып қала жаздаған, ана тілін білмейтін қазақтардың саны қанша еді? Мінеки осы жылдардың ішінде істеген шаруамыздың арқасында біздің санымыз халықтың 70 пайызына жақындап қалды. Бұл шынында да үлкен табыс. Енді алдымызда мынадай міндет тұр: 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді білетін болады. Және біз бұл үшін бәрін жасап жатырмыз, – деген болатын президент.
Бүгінде Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасының орындалу, орындалмауы екіталай. Өйткені, 2017 жылға дейін бұл қарқынмен ел тұрғындарының 80 пайызы қазақ тілін меңгеруі мүмкін емес. Себебі, президент міндеттеп қойған межелі уақытқа не бәрі екі-ақ жыл қалды. Ал бұл мүмкін болмаса 2020 жылы азаматтарымыздың 95 пайызы қалайша мемлекеттік тілді меңгереді? Сондай-ақ, президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін мектеп бітірген түлектердің 100 пайызы қазақ тілін үйренуі керек. Өкінішке қарай біздің бұл межені бағындыруымыз да екіталай болып отыр.
Себебі, жастарға мемлекеттік тілді үйретуі тиіс Аслан Сәрінжіповтың өзі қазақ тілінде сөйлегісі келмейді. Ал министрдің өзі қазақ тілінде сөйлегісі келмесе қалайша мемлекеттік тілдің мерейі үстем болады? Оның үстіне мектеп оқушыларының 100 пайыз қазақ тілін меңгеруіне министрлік алғышарттар жасаған жоқ. Айталық орыс және аралас мектептерінде оқитын оқушылардың ішінде қазақ тілін білмейтін жастар өте көп. Тіпті таза қазақ тілінде оқитын оқушылардың өзі бір-бірімен орыс тілінде сөйлеседі. Ендеше 2020 жылға дейін мектеп оқушыларының 100 пайызы қазақ тілін меңгермейді. Өйткені, мемлекеттік тілдің дамуына ең бірінші болып саяси элитаның өзі кедергі келтіріп отыр. Біздің бұл сөзімізге «неге қазақша сөйлемейсің» деп сұрақ қойған депутатты Тоқаевтың тиып тастағаны дәлел бола алады. Ал, еліміздегі екінші адам қазақ тіліне қырын қараса онда мемлекеттік тілдің көсегесі қалай көгереді? Сондықтан да алдағы уақытта Үкімет мемлекеттік тілге байланысты 2020-2030 жылға арнап бағдарлама әзірлесе таңғалмаңыз.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана
Пікір қалдыру