Қазақстандық заңгерлер Елбасының ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындау туралы Жарлығын қолдайды. Бұл туралы Алматыда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Заңгерлер - әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Өмірәлі Қопабаев мәлім етті.
Негізгі міндеті сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша мониторинг жүргізу болып табылатын бірлестік басшысының айтуынша, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына бақылау жүргізуді, азаматтар мен биліктегілердің арасындағы байланысты нығайтуды еліміздің заңгерлері парыз деп санайды.
Қоғамдық бірлестік төрағасы сондай-ақ Қазақстанға жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретін нақты жоспарды сәтті іске асыру Мәжілістің жаңа құрамының еншісінде екенін атап өтті.
«Заңгерлер - әділ сайлау үшін» қоғамдық бірлестігі мерзімінен бұрын Мәжіліс және мәслихат сайлауына белсене қатысып, олардың заңның шеңберінде және әділ, ашық өтуіне бақылау жасауға дайын. Біз сайлау процесіне объективті бақылау және қоғамдық мониторинг жасап, оған қатысушыларға және мемлекеттік органдарға кеңес береміз», - деп түйіндеді Ө.Қопабаев.