Оқырман қауымға өзімді Уильям Уилсон деп таныстырайын. Ал шын аты-жөнімді айтуға ұяламын, өйткені мендей күнәһар пендені бүкіл әлем біледі және жек көреді. Бар ғұмырым былғаныш істер мен лас әрекеттерге толы болды. Сондықтан өзгелерге тән ақ махаббат, айнымас адалдық, асқақ арман секілді жан дүние байлығы менде жоқ. Бұнсыз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екен. Әрдайым көңілім құлазып, жаным жүдеп, өлместің күнін кешіп жүремін, әйтеуір.
Біздің әулеттен шыққан еркек кіндіктің барлығы қызуқанды, ашуланшақ болатын. Алма ағашынан алысқа түспейді. Мен де қызба мінезді болып қалыптасып келе жаттым. Бала кезімнен бастап дегенімнен қайтпайтын ерегіспе, қыңыр болдым. Ата-анам мені жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге қанша тырысқанымен, онысынан түк шықпады. Өйткені, маған қызуқандылық өздерінен дарыған ғой.
Алайда оқушы кезімде қызба мінезім мені балалардың арасында көшбасшы қылды. Құрдас балалардың біреуінен басқасының бәрі дегенімді орындап, айтқаныма көнетін. Спорттық жарыстарда да, балалар арасындағы төбелесте де менімен бәсекелесе алатын бір ғана бала бар еді. Соның жалғыз өзі ғана менің бұйрығымды орындамай, пікірімді жоққа шығаруға батылы жететін. Жоспарымның күл-талқанын шығарып, жолымда тұруға мүмкіндік болса, қалт жібермейтін.Бір қызығы, екеуміздің ешқандай туыстық қатынасымыз болмаса да, атымыз да, тегіміз де бірдей болатын. Әңгімемнің басында өзімді Уильям Уилсон деп таныстырғандықтан, ары қарай аттасымды да осы атпен атай бермекпін. Сонымен қатар, екеуміздің бір жылы, бір күнде (1813 жылы, 19 қаңтарда) туғанымызды қайтерсің!
Жұрттың көзінше аттасым екеуміз күн сайын сөзге келіп, тәжікелесіп қаламыз. Мен жеңуін жеңемін ғой, бірақ ол үнемі әдейі жеңілген сияқты болады да тұрады. Жеңуге ол лайығырақ деген ой санамнан еш шықпайды. Одан іштей қорқатынымды да жасырмаймын. «Аттасымнан жеңіліп қаламын ба?» деп қауіптенуімнің өзі оның қабілеттірек, дарындырақ екенін көрсететін. Дегенмен, өзге балалар мұны сезбей, мені көшбасшы деп есептейтін. Уильям Уилсонмен арадағы бәсекеміз іштей ерегесу ғана болатын. Мен де, ол да бұл арпалысты тіс жарып, сыртқа шығармайтынбыз. Әйтеуір, аттасымды суқаным сүймейтін, одан қорқатынмын және құрметтейтінмін де. Дейтұрғанмен, осы сезімдердің барлығынан оның болмысына қызығушылық танытуым жоғары тұрған секілді.
Бір күні маған бөгет болып, ойымды іске асыруға кедергі жасайтын аттасымды мұқататын тәсілді тапқандай болдым. Ол үшін бойындағы кемшілікті бетіне басып, мазақтап, жұрттың көзінше күлкіге қалдыру қажет. Сірә, кеңірдегінде сырқаты болуы керек, аттасым даусын сыбырлап сөйлеуден қатты шығара алмайтын. Оны кекетуге осындай тамаша мүмкіндікті мен босқа жібермедім. Әрине, ол да әртүрлі жолмен есе қайтарып, мені қатты ызаландырды. Әсіресе, аттасымның жақсы көретін ісі – мені жүріс-тұрысымды, киім киісімді, үйреншікті әдеттерімді қайталау еді. Тіпті, менің сөйлеу мәнерімді де қайталайтын. Әлбетте, даусын сыбырлап сөйлеуден жоғары шығара алмаса да, сөйлеу ырғағы, жиі қолданатын сөздері тура менікіндей еді. Екеуміздің дене бітіміміз бірдей болғандықтан, екеуміз егіздердей болып жүрдік. Бірақ басқа балалар мұны байқамайтындықтан, жаным жай табатын. Уильям Уилсон менің болмысымды қайталау арқылы жалғыз өзі ғана мазақтап, күлетін. Ал мектептегі басқа оқушылар оның мазағын не үшін байқамайтынын, не үшін қосылып күлмейтінін түсінбейтінмін.
Уилсонның менің жынымды қоздыратын тағы бір әдеті бар еді. Ол маған ақыл-кеңес беруге құмар болатын. Өзін мен оның кеңесіне мұқтаж сияқты ұстайтын. Бірақ, әлбетте, аттасымның айтқанына мен құлақ аспайтынмын. Қазір ойланып қарасам, Уилсонның әр ақыл-кеңесі дұрыс әрі ойлы екен. Әттең, сол кезде оның дегенімен жүрсем, қазір бұдан гөрі әлдеқайда жақсы әрі бақытты адам болар ма едім.
Уақыт сырғып өте берді. Аттасымның ісіме киліге беруінен, менің жүріс-тұрысымды қайталап, мазақ қылуынан әбден мезі болдым. Арамыздағы бәсеке, күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Бір күні оны мұқатудың тағы бір амалын ойлап таптым. Интернаттағы балалардың бәрінің көзі ілінді-ау деген кезде, қолыма шырағданымды алып, бөлмемнен шықтым. Уилсонның бөлмесіне келіп, шырағданды жақындатып, оның жүзіне үңілген кезде денем мұздап қоя берді. Қорқыныштан қол-аяғым дірілдеп, төбе құйқам шымырлады. Ояу кезінде бұлай емес сияқты еді, ұйықтап жатқан кезде аттасымның түр-әлпетіндегі әр ноқатқа дейін тура менікіндей екен! Бірдей есім, бірдей туған күн, бірдей түр-тұлға! Бұл қалай сонда?! Әлде менің болмысымды айнытпай қайталауының нәтижесі ме екен? Ойым он саққа жүгірген, әрі-сәрі күйде шырағданды үрлеп сөндірдім де, бөлмеден шығып кеттім. Заттарымды асығыс-үсігіс жинастырдым да, таң атқанша мектептен кетіп қалдым. Содан кейін ол жерге қайтып оралған емеспін.
Бұл кезде мен он бес жаста едім. Бірнеше айдан кейін Этон атты танымал жекеменшік мектептің оқушысы атандым. Бұл оқу орнындағы қайнаған тіршілік маған бұрынғы мектебімді де, ондағы аттасымды да ұмыттырып жіберді. Этонда мен жарытып білім алған жоқпын, жалқау, мақсаты жоқ оқушы болдым. Міне, осы кезде сайтани қасиеттер менің бойыма мықтап тамыр жайды. Қысқасы, мен қайран үш жылымды былғаныш істермен зая кетірдім.
Бір күні кеште мен өзім сияқты қара дүрсін көргенсіз достарымды бөлмеме шақырдым. Біз түні бойы іштік, көңіл көтердік, арақ-шарапты судай сімірдік. Жаңа күннің алғашқы сәулесі қылаң бере, қызметші мені дәлізде өте асығыс көрінген бір адамның шақырып тұрғанын айтты. Дәлізге шыққанымда, тура менікіндей ақ шекпен киген бір жас жігіт тұра ұмтылып, қолыма жармасып, қысып ұстап ады. Содан соң басын басыма жақындатып, сыбырлаған үнмен «Уильям Уилсон!» деді де, сұқ саусағын әрі-бері шайқап, ескерту белгісін жасады. Оның бұл ескертуі маған электр тоғымен соққандай әсер етіп, есіме түскен мыңдаған сәттер көз алдымда тізбектеліп өтті. Ал менің аттасым қалай аяқ асты сап ете қалса, солай көзді ашып-жұмғанша ғайып болды. Бұдан кейін біраз уақыт аттасымның қайдан келгенін, не үшін келгенін, менде не жұмысы бар екенін қанша сұрастырсам да, біле алмадым. Тек бұрынғы мектебімнен мен кеткен күні отбасындағы қайғылы жағдайларға байланысты оның да кеткенін естідім.
Арада аз ғана уақыт өткен соң, мен Оксфорд университетіне құжат тапсырып, аталмыш оқу орнының студенті атандым. Ата-анамның әсіре жұмсақтығының кесірінен мен мұнда да жаман әдеттерімді үдете түсіп, сауық-сайран құрумен күн кешіп жүрдім. Студенттік жылдарымда алаяқтық пен адамдарды алдап ақша табудың қыр-сырын жетік меңгердім. Бұл менің адамдық деңгейінен қаншалықты құлдилағанымды көрсететін еді. Алайда достарым менің арам істерімнен бейхабар болатын. Менен ондай әрекет шығады деп мүлдем күдіктенбейтін. Сөйтіп, адал да ақкөңіл Уильям Уилсон атанып, өз ортамда сыйлы болдым. Бірнеше жыл бойы карта ойындарында алаяқтық жасап, жеңіл жолмен ақша таптым. Біздің университетке нәзік жанды, қыз мінезді Глэндиннинг есімді жігіт түскенде, мен өзімнің «құрбандығымды» бірден таныдым. Англиядағы ең бай отбасылардың бірінен шыққан Глэндиннингпен карта ойнауды әдетке айналдырдым. Бір-екі рет оған ірі сомадағы ақшаны әдейі жеңдіріп, құрулы қақпаныма бейқам жақындата түстім. Бір күні жоспарымды орындайтын уақыт болды-ау деген кезде Глэндиннингті ортақ досымыздың бөлмесінен кезіктірдім. Бөлмеде он шақты жігіт шүйіркелесіп отыр екен. Амандық-саулық сұрасқан соң, әңгіменің бағытын білдіртпей карта ойындарына қарай бұрдым. Ақырында карта ойнауды Глэндиннинг өзі ұсынды. Біз ұзақ уақыт карта ойнадық. Соңында Глэндиннинг екеумізден басқалары ойыннан шығып қалды да, екеуміздің айналамызды шеңберлей қоршап, ентелей қарап тұрды. Тынымсыз шарап ішіп отырған Глэндиннинг өте қысқа уақытта маған көп мөлшерде ақша қарыз болып қалды. Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта қарызы тағы да төрт есеге өсті. Глэндиннингтің өңі өліктей бозарып кетті. Қарызға белшесінен батқан ол шыдай алмай, шарасыздықтан жылап жіберді. Глэндиннингтің қазіргі халі шынында да өте мүшкіл еді. Бөлмедегі өзге жігіттер түгіл өзім де оны мүсіркеп, аяп кеттім.
Кенет есік шалқасынан ашылды да, бөлме ішіне әлдекім суыт кіріп келді. Екпінінің қаттылығы соншалық – шырақтар түгелдей сөніп қалды.
- Мырзалар, – деп бастады ол сөзін ешқашан есімнен шықпас сыбырлаған үнмен, менің жүрегім алқымыма тығылды, – рұқсатсыз кіргенім үшін кешірім өтінемін. Бірақ бүгін лорд Глэндиннингті ойсырата жеңген адамның адал ойнамайтынын айту менің парызым. Оның шекпенінің ішкі қалталарын тексеріп көруіңізге кеңес беремін.
Аттасым осыны айтты да, қалай аяқ асты кіріп келсе, солай лезде шығып кетті. Мен сол кезде қандай аянышты күйде болғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын!
Көптеген қолдар бір сәтте менің жағама жармасып, шекпенімді жұлқылап шешіп алды да, қалталарын тінте бастады. Бүгінгі ойында маған айқын басымдылық берген карталар ішкі қалтамнан табылды. Мені мұндай адам деп титтей де күмәнданбаған достарым алғашында не айтарын білмей, аңтарылып отырып қалды. Алайда мұндай үнсіздік маған бүкіл кінәлау, сөгуден де ауыр тиді. Біразырақ уақыт өткеннен кейін ғана бөлменің иесі:
– Уилсон мырза, біз сенің қулық-сұмдығыңа әбден тойдық. Ертең Оксфордтан кетесің деп үміттенеміз. Ал қазір менің бөлмемнен табаныңды жалтырат! – деді.
Жерге кірерге тесік таппай ұялған мен келесі күні таңертең ерте Парижге бет алдым. Дегенмен, аттасымнан бәрібір қашып құтыла алмадым. Ол Парижде де менің жоспарымның күл-талқанын шығарды. Уақыт зымырап өте берді. Ал ол менің қыр соңымнан қалмай қойды. Римде де, Венада да, Мәскеуде де енді ен байлыққа ие боламын ба деп отырғанда, жер астынан шыққандай сап ете қалады да, қулығымды әшкерелеп береді! Күллі Жер шарында аттасымнан жасырынатын қуыс таппай күйіндім!
Уилсон қашан да менің ісіме киліккенде, мені арам істерден сақтандыруды ғана көздейтін. Оның түпкі мұратын түйсіну маған бәрібір жан тыныштығын берген жоқ. Іс-әрекет еркіндігінен айрылғаныма қатты ызаланатынмын.
Аттасым жылдар бойы менің киім киісімді қайталауын да қойған жоқ. Бірақ бір ұқпайтыным – үнемі жүзін тұмшалап, жауып алады. Не деген ақымақтық десеңші! Бәрібір мен оның Уильям Уилсон екенін, оқушы күнімнен бергі бәсекелесім екенін білемін ғой!
Жылдар өткен сайын ішімдікке тәуелділігім арта берді. Онсыз да тумысымнан қызуқанды мен ішімдіктің әсерінен өз мінезімді билеуден қалып бара жаттым. Бірде Парижде жүргенімде, аттасым енді көзіме көрінсе, аямаспын деген байламға келдім.
Бір күні кеште бір қарт байдың үйіне би кешіне бармақ болдым. Оның өте сұлу әрі жас әйелі бар еді. Байдың әйелімен кешқұрым бақта кездеспек боп уағдаластым. Қандай арам ниетте болғанымды айтпай-ақ қояйын. Иығымнан тартып әлдекім тоқтатқанда, мен уәделескен жерге асығып бара жатыр едім. Ешқашан есімнен шықпас сыбырлаған үнді естіп, мен оның кім екенін бірден таныдым. Жалма-жан артыма бұрылып, оның жағасына жармастым да:
– Айуан! – деп ақырдым.
Өзім ойлағандай мені қайталап киініпті, екеуміздің де қынабымызда бірдей қылыш бар. Тек ол қара жібек матамен бетін тұмшалап алған.
– Сен бұдан кейін менің мазамды алмайтын боласың! Қане, қорған! – деп айқайлап, мен қылышымды суырып алдым.
Ол сәл ғана ойланып тұрды да, қорғанбақ боп қынабынан қылышын суырды. Жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Мен оны итеріп жерге құлаттым да, кеудесіне қылышымды қайта-қайта сұққыладым. Құлаған кезде бетін бүркемелеп тұрған жапқыш анадай жерге ұшып кеткен еді. Уилсонның жүзіне көзім түскен кезде денем түршігіп кетті. Қансырап жатқан аттасымның жүзіндегі әр ноқат, киіміндегі әр талшық жіп тура менікіндей болатын!
Уилсон қиналып жатып ақырғы сөзін айтты:
– Сен жеңдің, мен жеңілдім. Алайда екеуміз бір жаратылыс едік. Мен сенің бойыңдағы ар-иманың едім. Бұжан кейін әлем үшін пайдасыз қоқыссың! Сен ар-иманыңды өз қолыңмен өлтірдің! иАр-иманыңды өлтіру арқылы өзіңе қандай зиян келтіргеніңді білсең ғой!..
Ағылшын тілінен тәржімалаған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті