Қазақ фольклорында жеке адамдар тарабынан қандай бір әдет-рәсім, еңбек-кәсіп, іс-шараға тап болғанда оған сәттілік, табыс тілеу мақсатында айтылатын қысқа тақпақ немесе қара сөзден құралған арнаулы сөздер бар. Риясыз ақ көңілден айтылатын ондай ақжарылғап сөздерді біз тілек деген жеке жанрға топтаған жөн деп санаймыз.
Рас, бұл сөздер рәсімдік құттықтауларға қатты ұқсайды. Мәселен, татар ғалымы И.Н.Надиров «теләклар» деп «салттық құттықтауларды» айтса, тағы бір татар ғалымы Х.Ш.Мәхмүтов «алкыш изге теләк, каргыш яман теләк» деген пікір білдіреді.
Тілектің алғыспен де, құттықтаумен де қабысып та, табысып жататын тұстары бар, бірақ оның жанрлық ерекшелігін даралап тұратын қасиеттері мол екендігін осы мақалада көрсетпекпіз. Бір ескертетін жайт, жанраралық байланыстар, тоғысулар-ығысулар, ауыс-қиыстар, алшақтаулар фольклор табиғатына тән тұрақты болып тұратын құбылыстар. Бұл туралы ғалым Б.Н.Путилов былай деп жазады «Бір жанрлық жүйедегі шығарма келесі жанрға тасымалдануы мүмкін (ән аңызға айналады), сонымен бірге жанраралық өзара әсер болуы да ықтимал (әпсананың бір сарыны әнге сіңісуі кәдік). Бұндай құбылыстардың барлығын фольклордың өмір сүруінің табиғи шарты деп таныған абзал, себебі ешқандай да жанр «тап-таза» күйінде ешқашан болмайды»
Әлбетте, ақ тілек алғыс-батаның ең қысқа да қарабайыр түрі, келте сілемі, дәлірек айтқанда дәні деуге болады. Ал, біз ел аузында ежелден айтылып келе жатқан тілек деген сөзге ғылыми жаңа мағына беріп, жанрдың атауы етіп қолданып отырмыз. Алдымен тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік. Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде оң ниетін білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп, шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз, немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін», «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін», «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын» деген дағдылы жауаптарды береді.
Тілек тұрақты қайталанатын қасаң тіркестерден құралады. Оның мағынасы сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұрады. Мысалы, ауыл жаңа жұрқа қонғанда «Қоныс жайлы, кереге басы майлы болсын», жолаушы сапарға аттанғанда «Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын», аңшыға «Қанжығаң қанды болсын», шам жаққан балаға «Көзіңнің оты жансын. Балаңның аты – Таңжарық болсын» т.б тілектерді айту дәстүрге айналған.
Әдемі де әрлі сөздермен тілек айта білу әдептіліктің белгісі секілді саналғанымен бұл жанрдың арғы тегі сөз магиясына сенуден тура тамыр тартып тұрғаны байқалады. Осы ойымызға төмендегі сөздер дәлел бола алады. Мысал келтірсек: бала жаңа киім кигенде үлкендер «Киімің тозғыш болсын, өмірің озғыш болсын», немесе «Жаның берік, киімің бос болсын», бие байлап жатқанда «Желі бау құтты болсын. Биыл аз байласаң, келесі жыл көп байла», қой қырқып жатқанда «Қырқар молайсын. Биыл аз қырқсаң, келесі жыл көп қырқ», жолаушыға «Жеңіл барып, ауыр қайт» деген сөздер айтылады. Осы тілектердің арғы астарында атқарылып жатқан игілікті істерді тіл-көзден қорғау, жасыру, одан кейін тылсым күштерді алдарқату, астамшылық, тоқпейілдік, кесірден сақтану сарындары бар. Ақ тілектің осы қызметі жалбарынуға тоғысып тұр. (Жалбарыну жанрының ерекшеліктері туралы қарауыңызға болады. Нақтырақ айтқанда, жалбарынудағыдай тілектің көркемдік жүйесінде де ишаралау, тұспалдау, шендестіру тәсілдері мол қолданылған. Мысалы, біз келтірген үлгілерді «өмір-киім»,«озғыш-тозғыш», «жан-киім», «берік-бос», «аз-көп», «ауыр-жеңіл» деген қарама-қарсы ұғымдарды қасақана шендестіру арқылы зиянды күштерден сақтану, ең алдымен тіл-сұқтан қорғану амалы көзделген. Бұл сөздер кейде киелі заттармен сүйемелденеді. Мәселен, бала жаңа киім киіп, көрімдік сұрағанда, ақ жаулықты апалар әлгі сөзді айтады да оның киіміне түйме-теңге, үкі, жыланбас секілді қасиетті заттарды тағып береді.
Көптеген тілектер халықтың ырым-тыйымымен тығыз сабақтасып тұрады. Мейлі мың қой қырқылып, қырық құлын байланып жатса да оны көрген адам «биыл аз болса, келесі жылы бұдан да көп болсын» деген мағынадағы жаттанды тілекті әдейі айтатын болған. Өйткені, жас төлге тіл-сұқ амырақ деп бақташы қауым оның санын айтуға тыйым салған. «Көп малды түгендемейді, түйені жүгендемейді» деген сеніммен төлді дауыстамай, іштей санап, оның түгел екендігін білу үшін «байыды ма?» деп сұрағанда, санаушы түгел болса, «байыды», керісінше болса «байыған жоқ» деп ишарамен жауап беретін болған.
Алайда тілектің арғы тегі осылайша көне дүниетаныммен астасып жатқанымен ол бертін келе қандай бір шаруа атқарылып жатқанда айтылатын арнайы сәлемнің түріне айналып, инабаттылықтың, ізеттіліктің белгісі санала бастаған. Мысалы, бидайды қызылдап жатқан диқанға «Қырманың қырдай, жүзің нұрдай болсын», мұрапқа «Құдығың сүтті болсын», жүн сабаушыларға «Сабау тасысын», соғым сойғандарға «Соғым шүйгін болсын», базаршыға «Саудаң күсет болсын» деген тілектер айтылуға тиіс.
Кейбір тілектер айшықты нақылға да айналып кеткен. Мысалы, «Талабың таудай боп, өнерің өрлей берсін», «Шыны-аяқтың сылдыры, қас-қабақтың кірбіңі болмасын», «Ішіңді ілку қалмасын, сыртыңда сілку қалмасын», «Айдай ашық, күндей ыссы бол», «Тарыдай тастыр, бидайдай бөрттір», «Шараң уызға, сабаң қымызға толсын», «Қаздай қалқып, қудай жүз» т.б.
Түйіндесек, әу басында сөз қуатына сенумен астарлас пайда болған тілек кейін келе этикалық қызмет атқарып, көркемдікке қарай ойыса түскені байқалады. Әйткенмен, «жақсы сөз-жарым ырыс», «алтын алма, алғыс ал» деп иланған халық арнайы айтылған ақ тілектердің орындалатынына әзір де нанады. Батадан гөрі тілекті кез келген адам айтуға тиіс болғандықтан ол көпшіліктің көңіл-күйін білдіретін шұғыл қолданыстық сипатқа ие. Осы шағын жанрдың өміршең болуының да бір сыры, міне, осы. Әрине, кейбір тілектер ақ батаның да құрамында да айтыла береді. Өйткені, ежелгі қарапайым ақ тілектер күрделі де көлемді, көркем де орамды бата жанрының қалыптасуына негіз болған баспалдақтардың бірі екендігі анық.
Ақеділ Тойшанұлы,
филология ғылымдарының кандидаты,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері.
Сурет: alashainasy.kz