Тірек-қимыл қозғалысы шектелген қазақстандық балаларға қытайлық дәрігерлер опасыздық жасады. 13 мүгедек баланы ата-аналары Бейжіңге алып барып, ем-дом үшін бірлесіп, бас-аяғы 200 мың доллар ақшаны жинап берген, - деп хабарлайды Qamshy.kz Хабар арнасына сілтеме жасап.
Алайда қытайлық дәрігерлер тиісті дәрі-дәрмектің орнына ботокс берген. Яғни бүгінде Қазақстанда бұл – тегін берілетін зат. Қытай тілін түсінетін ата-аналардың бірі дәрігерлердің әңгімесіне құлақ түріп, алданғандарын аңғарған.
Балаларды аяққа тұрғызамыз деген дәрі ешқандай әсер бермеген. Бауыр еті балалары үшін қомақты несие алған ата-аналар енді ақшаларын қайтарудың амалдарын қарастырып жатыр.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
-Қазақстан азаматтары өз еріктерімен дәрігер таңдауға құқылы. Әрі қай елде емделетінін де өздері шешеді. Бұл мемлекеттен қайтып келген науқастарға Қазақстанда тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ақшаны олар өз еріктерімен берген. Сондықтан бұл біздің құзырымыздағы мәселе емес.