Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Аида Салянова қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін бес жылға сотталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Спутник Қырғызстан мәліметіне сүйеніп.
2016 жылы желтоқсанда Қырғызстанның Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Саляноваға қатысты "қызметтік бабын асыра пайдаланған" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлаған еді. Ол кезде Салянова Әділет министрі міндетін атқарушы болып қызмет етіп жүрген. 2010 жылы бұрынғы ел президенті болған Құрманбек Бакиевтің ұлының жақтастарының бірі болған, іздеуде жүрген Алексей Елисеевтің адвокаттық лицензиясын қайта қалпына келтіріп берген.
"Бұрынғы Бас прокурор Аида Салянова Бішкек қаласындағы Ленин аудандық сотының шешімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Сот Салянованы түрмеге жабумен қатар мүлкін тәркілеуге де үкім шығарған. Алайда жаза 14 жылдан соң өз күшіне енеді, себебі оның 2015 жылы туған сәбиі бар.