Қазақстан балалары аптасына 5 күн, 12 жыл, ағылшын тілінде білім алатын болады

/uploads/thumbnail/20170708190133240_small.jpg

2016 жылдан бастап, Қазақстан мектептерінде 5 күндік оқыту стандарттары енгізілді деп мәлімдеді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Оталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз  мәслихатында. Бұл туралы «Қамшы» порталы «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 «Біз Қазақстан Президентінің тапсырмасымен орта білім беру мазмұнын өзгертуді бастап кеттік. Жаңа бағдарламалар енгізіледі. Онда білім беруден бұрын, оқушыларға қажетті машық пен дағдыларды қалыптастыруға үлкен мән беріледі. Бүгінде біз 30 мектепті таңдап алдық, қыркүйектен бастап сол жүйені соларға тәжірибе ретінде енгіземіз. Келесі жылы 1 сыныптан бастап, барлық мектептерге тарататын боламыз», - деді министр.

Оның айтуынша, жаңа стандарттар баланың оқуға тиісті бағдарламасын ауырлатпайды-мыс.

«Оқушылардың оқу пәні «көлемінің» тым артып кеткендігіне қатысты пікірге келетін болсақ, ауыртпалық өзгермейді. Оқу бағдарламасы одан әрі ауырламайды. Жаңа стандарт бойынша біз 5 күндік оқу жүйесін қарастырып отырмыз. Мектептердің басым бөлігінде 5 күндік оқу болады. Оқушылар тым көп және үш ауысымда оқытатын мектептерде 6 күндік оқыту әлі сақтала бермек. Бірақ олардың саны бірен-саран», - деді А. Сәрінжіпов. 

Иә, сонымен Білім және ғылым министрлігіндегі реформаторлардың ұсынысымен еліміздегі орта мектептерде енді сабақтар аптасына 5 күн және  ағылшын тілінде оқытылатын болады.

Айтпақшы, естеріңізде болса осыдан біраз уақыт бұрын ҚР орта білім беру мекемелеріне 12 жылдық білім беру курстары жүйесін енгізу туралы мәселе қарастырылған болатын. Мәжіліс талқысына дейін барып, тіпті арнайы концепциясы әзірленген,  бұл оқыту жүйесі туралы  12 жылдық білім берудің міндетті мемлекеттік стандарттарының жобасы даярланған еді. Бұл туралы аталмыш тұжырымдама авторларының бірі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әділхан Дүйсебек журналистерге кеңінен айтып берген еді. Онда  жаңа стандарттар бойынша бала 6 жастан бастап мектепке барып оқитындығы, бес күндік оқу бағдарламасына сәйкес, оқушыға баға қою қарастырылмағандығы, сабақтың ұзақтығы 35 минут болатындығы айтылған. Ал 2-3 сыныптан бастап балалар шет тілдерін оқи бастауы тиіс болған. Бұл жүйенің артықшылығы 12 жылдық білім беру кезінде “Қазақ елі” пәні енгізілетін еді.  

Өкінішке орай,  биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл жүйеден бас тартты.

«Біз биылша бұл жүйеге көшуден бас тарттық. Себебі министрліктің Қазақстандағы барлық білім беру мекемелерін бірден 12 жылдық жүйеге көшіруге шамасы келмейді. Бірақ, алдағы уақыттарда бұл жүйе орнығады деп сенеміз. Қазірдің өзінде Қазақстанда 400-дей бала осы жүйемен сабақ оқуда. Біз осы 400 балаға тәжірбие жасап көрмекпіз. Нәтижесін көре жатарсыздар»,-деген еді БҒМ Министрі Аслан Сәрінжіпов мырза.

Нұрзат Тоғжан

Связанные Статьи