Қазнетте бәсекелесі де, серіктесі де жоқ жалғыз сайт бар. Ол – Zero.kz. Бұл сайттың тіпті табысы да, қызметкерлері де жоқ. «Zero» деген атына лайық дерсіз, бәрі нөл. Алайда нарықта өмір сүріп жатқанына 10 жылдан асқан. Сайттың негізін қалаушы Александр Усковпен сайттың жұмысы мен құпиялары туралы әңгімелестік.
— Александр, жалпы Zero.kz идеясы қалай пайда болды? Құрылуы мен атауына тоқталсаңыз.
— 2002 жылы жалпы Қазақстан интернет ресурсында есеп беретін құрылғы керек болды. Ол уақытта «Қазақтелекомда» «Қазақстандық интернет» тарифы болды, алайды оның мүмкіндіктері өте шектеулі еді. Сол себепті Қазақстандық интернет тұтынушылардың есебін жасау идеясын жүзеге асырдық. Алғашқыда «Count Zero» деп аталды. Бұл нөлдік есептерді жөнелтуге байланысты болған атау еді. Кейін, түрлі сараптамалардан тұтыншулардың Zero.kz- ке көп ыңғайланатынын түсініп, атауды ауыстырдық.
— Сайттың ерекшелігі неде?
— Zero.kz Қазақстандағы жалғыз рейтинг есебін жүргізетін сайт. Бұл адамдар ең көп кіретін сайт. Өйткені біздің рейтингте тұрған сайттардың қолданушылары техникалық тұрғыдан бізге де кірген болып есептеледі. Соның әсерінен Қазақстандағы ең көп қаралатын сайт болып тұр. Нарықта жұмыс істеп жүргенімізге он жылдан асты. Ең бастысы, бізді адамдар қолданады және сенеді.
— Ал рейтинг қалай жүргізіледі?
— Рейтинг сайттарында арнайы код бейнеленген. Кез келген қолданушы сол кодты пайдалана отырып, біздің серверге байланысады. Ол бізде есептеледі. Ал рейтингтің өзі тіркелген сапалық-сандық IP-адреске байланысты жүргізіледі. Бұл синтетикалық есеп, оны алдау өте қиын. Оны алдау үшін үлкен провайдер болу керек.
— Дегенмен, есеп жүргізілу кезінде қателік кетуі мүмкін ғой?
— Жоқ, мүмкін емес. Біздің ақпарат сенімді. Неге десеңіз, біз адамдар саны бойынша емес, тек IP-адрестер бойынша есептейміз. Бұл қателікке жол бермейді.
— Жақсы екен. Ал өз сайттарының рейтингін жоғарылату үшін ақша ұсынатын компаниялар бар ма?
— Осы сұрақ көп қойылады. Біздің компаниямызға он жылдан асты. Біз өз әділдігімізге жауап бере аламыз. Бізге әлі ешкім күмән келтірген емес. Күмән келтірген жағдайдың өзінде де біз бәрін дәлелдеуге бармыз. Иә, кей компаниялар мен сайттар тарапынан ондай ұсыныстар жасалады. Бірақ біз қабылдамаймыз.
— Яғни рейтинг сатылмайды ғой?
— Жоқ, ешқашан сатылмаған, сатылмайды да.
— Ал сайттың монетизациясы, табыс жағы қалай?
— Сайтта ешқандай тікелей монетизация жоқ. Кез келген статистикалық машина сияқты ол монетизацияланбайды. Ол статистикалық агенттіктерге есеп беру үшін ғана ақпарат береді. Сайттың монетизациясы болмағандықтан, тікелей табыс жоқ. Яғни кіріс те, шығыс та болмайды. Ал сайт қолданушыларға қызмет көрсетіп жатыр. Соның бәрі «Neolabs» компаниясының тікелей қолдауымен.
— Осы сферада қандай жағдайда бәсекелестік тудыруға болады? Қазнеттегі бәсекелестік қалай?
— Бәсекелестік бар және ол керек. Бәсекелестер әрқашан пайда болады және уақытысымен дамып та үлгереді. Бірақ тікелей монетизацияның жоқтығынан кей сайттар жабылып қалады. Өйткені сайтты тұрақты ұстап тұру үшін, қолданушылардың сеніміне кіру үшін біраз ақша құйып, еңбек етуі керек. Ал ол кем дегенде 2-3 жыл. Көбінесе мұндай жобалар көп пайда алып келмейді. Қазнеттегіні бәсекелестік деп айту да қиын. Көбінесе серіктестік десек болады. Біздің сферада бәсекелестіктен серіктестік жоғарырақ. Өйткені техникалық база, тәжірибе, ақпарат алмасып отыру керек.
— Zero.kz-тің бәскелесі ше?
— Шынын айтқанда, дәл қазір бізде бәсекелес жоқ.
— Ал сіздер кімдерден серіктессіздер?
— Сізге бір қызық айтайын ба? Бізде бәсекелес те, серіктес те жоқ. Тек қана өзіміздің «Neolabs» компаниясынан ғана қолдау аламыз. Біз көрсететін қызмет бір реттік. Яғни ақпаратымыз анық әрі сенімді болғандықтан, қолданушы қайта хабарласып, мазасызданбайды.
— Тағы басқа қандай қызмет көрсете аласыздар?
— Жалпы рейтингтің екі түрі бар. Сайттың өзіне және жаңалықтарына. Сондай-ақ, қолданушылардың сұранысы бойынша, тереңдетілген рейтинг те жасаймыз. Болашақта мобильдік қосымшаларға есептеулер орнатуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, телефон арқылы қолданушылардың саны артып келеді.
— Қолданушы демекші, сайттың негізгі қолданушылары кімдер?
— Көбінесе сайт жасаушы компаниялар. Оларға статистикалық және қай бағытта сайт жасау керектігі туралы мәліметтер керек. Және жарнама берушілер. Олар рейтингі жоғары сайтқа жарнама бергілері келеді. Сол үшін Zero.kz-ті үнемі қарап отырады.
— Ал сайт қызметкерлері туралы не айтасыз? Жалпы рейтинг жүргізетін жалғыз сайтта қанша қызметкердің бары қызық.
— Осыдан үш жыл бұрын сайтты жаңартып, қайта құрып жатқанымызда нақты жеті адам керек болған. Және соншасы қызмет етті. Ал қазіргі таңда сайт аса қатты көңіл бөліп жұмыс істеуді талап етпейді. Тәулігіне бір сағат көңіл бөлсең жеткілікті. Сондықтан бізге қызметкердің де қажеті жоқ.