Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми конференция басталды. Бұл туралы Қамшы порталы Информ.кз-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың делегациясы, Еуроодаққа мүше елдердің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктері және Еуродақ елдерінің алдыңғы қатарлы 60-тан астам университеттерінің өкілдері қатысуда.
«Бүгінгі ғылыми конференцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз - Қазақстан мен Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы университеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту. Сондықтан бүгінгі жиын барысында осы мәселе жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар, отандық жоғары оқу орындарының басшылығы бүгінгі ғылыми форумға келген шет елдік әріптестерімен тікелей байланыс орната алады. Өйткені, Еуропа елдерінен 60-тан астам университеттің өкілдері келді», - деді өз сөзінде ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаментінің директоры Серік Өмірбаев.
Сонымен қатар, ол мұндай деңгейдегі ғылыми форум студенттер мен оқытушылардың мобильді болуына септігін тигізетіндігін жеткізді.
«Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Елімізде мұндай дәрежедегі форум осымен алтыншы рет өткізіліп жатыр. Бұған дейін мысалы, Қазақстан-Британ және Қазақстан-Фанция форумын атауға болады. Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушыларды барынша мобильді болуына, тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді С. Өмірбаев.
Оставить комментарий