Маңғыстау облысы 2025 жылды оң нәтижемен қорытындылады

/uploads/thumbnail/20251223173933348_big.webp

Бүгін, 23 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, өңірдің 11 айдағы даму көрсеткіштері мен алдағы стратегиялық жоспарлары туралы баяндама жасады.

Биыл Маңғыстауда экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр: өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,9 трлн теңгеден асса, инвестициялар көлемі 105,4%-ға өсіп, 949,9 млрд теңгені құрады. Құрылыс, транспорт, сауда, байланыс салалары да тұрақты даму үстінде.

Соңғы үш жылда Маңғыстауға 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған. Тек бір жылдың өзінде өңірге 3 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция құйылды. Жалпы 2026-2032 жылдары құны 10 трлн теңге болатын 55 жоба жүзеге асырылып, 8,8 мың жұмыс орны ашылмақ. Биылдың өзінде 19 жоба іске қосылды.

Маңғыстау туризм саласында да жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Өңір шетелдік туристерді қабылдау бойынша елімізде ТОП-3 құрамына енді. 2025 жылдың 9 айында өңірге 350 мыңнан астам турист келіп, 17,2 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Туризмді дамыту мақсатында Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылуда. Кендірлі әуежайының құрылысы басталды. 2025-2029 жылдары жалпы құны 198 млрд теңгеге 17 туристік жобаны іске асыру жоспарланған.

Агроөнеркәсіптік кешенде де оң өзгеріс байқалады. Биыл 38 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Маңғыстау түйе шаруашылығы бойынша елде көш бастап тұр: өңірде 95 мыңға жуық түйе бар. Президент тапсырмасына сәйкес, түйе сүтін терең өңдеп, экспортқа бағыттау бойынша үш ірі жоба іске асуда. Бұдан бөлек Каспий теңізінде балық аулау және өсіру бойынша шетелдік инвесторлар тартылып, 2027 жылға дейін төрт ірі аквакультура жобасы іске қосылады. Соның ішінде «Organic Fish» жобасы жылына 5000 тоннаға дейін албырт өсіруге мүмкіндік береді.

Шағын және орта бизнес өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі ретінде 40%-дық үлеске ие. Соңғы 11 айда бизнес субъектілері 1 трлн теңгенің өнімін шығарды. Инфрақұрылым саласында жергілікті маңызы бар автожолдардың 97%-ы жақсы күйде. Өңір транзиттік тасымалдың маңызды нүктесі ретінде жүк айналымын арттыруда.

Білім беру саласында да оң өзгерістер көп. Биыл Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 13, демеушілік есебінен 1 мектеп ашылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спортта дарынды балаларға арналған 300-ге жуық жас спортшыға білім беретін мектеп-интернат колледжі пайдалануға берілді.

Биыл өңірде 6 мыңнан астам мәдени шара ұйымдастырылды. 2025 жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болды. Бұл жоба халықаралық деңгейде еліміздің туристік және мәдени әлеуетін дамытуға септігін тигізді. Жоба аясында бірқатар мәдени, тарихи-ғылыми және спорттық шаралар өткізілді. Қараша айында «Ақтау-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Брифинг барысында журналистер өңірдегі өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Связанные теги :

Связанные Статьи