Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың 9 айында өңірге 350 мыңнан астам турист келіп, 17,2 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан. Шетелдік туристерді қабылдау бойынша Маңғыстау республикада 3-орынға тұрақтады. Бұл туралы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

Өңірде 2025-2029 жылдары жалпы құны 198 млрд теңге болатын 17 туристік инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар биыл «Omir apartments» апартаменттері -2 кезең,«Wyndham Garden Aktau» және «Shahristan» қонақ үй кешендері, Достар қонақ үйін қайта құрылымдау сынды 4 жоба пайдалануға берілді. Бұдан бөлек термалды сулары бар санаторий-курорттық кешені салынып жатыр және балалар демалысын дамыту мақсатында Каспий жағалауында көпфункционалды «Aqqu Resort&Camp» орталығы ашылды. Сондай-ақ Бозжыра шатқалында сапар орталығының құрылысы аяқталып, алдағы туристік маусымда іске қосылады.

«Өңірде туризмді дамыту бойынша кешенді жоспар жүзеге асуда. Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу теміржол вокзалдары жаңғыртылып жатыр, сондай-ақ Кендірліде жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұл инфрақұрылым саланы жаңа деңгейге шығарады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі