• USD 399.51
  • EUR 447.33
  • RUB 5.78
  • CNY 56.1

05 Мамыр, 2020 NEWS

Байбек: Қазақстандық қаһармандарымыздың ұлы ерліктерін ешқашан ұмытпауымыз керек

Nur Otan партиясы баспасөз қызметі

«Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары» деректі бейнеантологиясы көрсетіледі. Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында айтты.

«Құрметті достар! Сіздерді Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Астана» телеарнасында «Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары» деректі бейнеантологиясы көрсетіле бастайтыны туралы хабардар етпекпін.

Ұлы Отан соғысына Қазақстанның 1 миллион екі жүз мыңнан астам ұл-қызы қатысты. Әрбір екінші отандасымыз майданнан оралмады. 530 қазақстандық Кеңес одағының батыры атағына ие болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының жарлығымен Ұлы Отан соғысының тағы 9 қатысушысына «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Даңқты қаһармандарымыздың ерлік тарихы таңбаланған 70 деректі фильмнен тұратын бұл кинотуындылар желісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен 2015 жылы түсірілді. Бұл үшін «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының аясында ауқымды архив материалдары жинақталды. Сонымен бірге мұнда майданнан жазылған хаттар мен жеке жазбалар да қамтылды.

Алдағы мерекелік демалыс күндерін ескерсек, қазақстандықтарға Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Әлия Молдағұлова, Сергей Луганский, Мәншүк Мәметова, Сағадат Нұрмағамбетов, Нұркен Әбдіров сынды аты аңызға айналған қаһармандарымыз бен басқа да батырларымыздың ерліктері, олардың соғыстан кейінгі өмірлері туралы тағы да бір еске түсірудің керемет мүмкіндігі ұсынылып отыр.

Өкінішке қарай, жыл өткен сайын сұрапыл соғыста қан төккен, майданның бар қажетін қамтамасыз ету үшін тылда жан аямай еңбек еткен ардагерлеріміздің қатары сиреп барады.

Ел Тәуелсіздігінің тұғырын нығайту барысындағы барша қиындықтарға қарамастан, Елбасының сындарлы саясатының арқасында тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім сақталды. Сондықтан біз, әсіресе жас буын, бүгінгі бейбіт те еркін өміріміз үшін бастарын бәйгеге тігіп, сол жолда жанқиярлықпен шайқасқан қазақстандық қаһармандарымыздың ұлы ерліктерін ешқашан ұмытпауымыз керек.

Аға буынның ерлігі мен намысы, ержүректігі мен адалдығы, достығы мен отаншылдығы бүгінгі және болашақ Отан қорғаушыларымызға үлгі болуға тиіс.

Баршаңызды алдағы Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтаймын», - деп жазды Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, аталған фильмдерді «Астана» телеарнасының эфирінен бөлек, YouTube-арнасы мен @Astana.TV әлеуметтік желілерінен де тамашалауға болады.

Ілмек сөздер: Жеңістің 75 жылдығы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір