• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:30:14
Алматы
+35°

Көрнекі сурет

Елде мүгедек адамдарға төленетін мемлекеттік жәрдемақыны екі есеге арттыру мәселесін көтерген петицияға қол жинау жүріп жатыр. Egov.press сайтында жарияланған петицияда үкімет тарапынан мүгедектерге тиісінше көңіл бөлінбейтіні айтылады.

Петиция авторы Ранита Жұмашеваның сөзінше, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 700 мыңдай адам бар, олар жалдамалы тұрғын үй төлеміне жұмсалатын болмашы жәрдемақыға өмір сүреді.

"Біз, қазақстандық мүгедектер, бұл төлемдерді әділетсіз деп санаймыз, өйткені көпшілігіміз бір уақытта еңбек етіп, қоғамға пайда әкелдік. Бірақ мүгедек болып қалғандықтан, біз ысырылып қалдық. Үкімет тарапынан немқұрайлылық анық байқалады. Осыған байланысты біз қазіргі төлемдерге үзілді-кесілді қарсымыз және мүгедектік жәрдемақысының мөлшерін 100 пайызға көтеруді талап етеміз" делінген петиция мәтінінде.

Автор сондай-ақ қарапайым азаматтарды петицияға бей-жай қарамай, оған қол қойып, мүмкіндігінше әлеуметтік желіде бөлісуді сұрайды. 

"Үкімет бізге тиісінше көңіл бөлмейді, ең болмаса Қазақстан азаматтарын белсенділік танытып, репост жасап көмектесулерін сұраймыз" деген Ранита Жұмашева мәселені президентке жеткізгісі келетінін айтқан. Оның ойынша, мұндай түйіткілді шешу президенттің ғана қолынан келеді.

2021 жылғы мамырдағы дерек бойынша Қазақстанда 702 158 адамның мүгедектігі бар. Бірінші топ мүдектеріне мемлекет тарапынан ай сайын 65 860 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Екінші топтағыларға 52 483 теңге, үшінші топтағыларға 35675 теңге төленеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір