11 Наурыз, 2022 Саясат
Фотоколлаж
Бір топ бұрынғы генерал және полковник 11 наурызда астанада баспасөз жиынын өткізіп, өздерін "заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартқанын" мәлімдеді. Олар оқиғаға ҰҚК-ның бұрынғы басшысы, қазір қамауда отырған Кәрім Мәсімовті кінәлап, істерді қайта қарауды талап етті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Басылым мәліметінше, бұрынғы полковник Мұхтар Қарабеков жиында 2017 жылы өзін астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековпен (Астана LRT ісі бойынша айыпталушылардың бірі) бірге "Пара алу" бабы бойынша "заңсыз" соттағанын айтып, істі қайта қарау қажеттігін алға тартқан.
"Мені [Иманғали] Тасмағамбетов пен [Әділбек] Жақсыбековке қарсы куәлік беруге мәжбүрледі. Офицер ретінде одан бас тарттым, сол үшін сотталдым" деді ол.
Бұрынғы полковниктің сөзіне қарағанда, оны "қорғаныс саласының тапсырысын орындайтындардан ақша алып, Тасмағамбетовке берді деп мойындатуға тырысқан".
Ол тергеу кезінде экс-президенттің немере інісі Самат Әбіш тарапынан "қоқан-лоқы мен қысым" көргенін де айтты.
Қарабековтің сөзінше, кейінгі бір жарым жылда 157 офицер "бұлтартпас дәлел-айғақсыз" "заңсыз сотталған", жетеуі Жоғарғы сот үкімімен ақталып шыққан. Жиынды өткізушілер қудалауды тоқтатып, Мәсімов басшылық еткен жылдары "құқай көрген" әскери қызметкерлерге тағылған айыптарды алып тастауды сұраған
Азаттық радиосы экс-әскерилер журналистерге қылмыстық іске тартылған бұрынғы офицерлерлердің тізімі мен олар жайлы ақпарат бергенін, онда 36 адамның аты-жөні бар екенін жазады.
Жиында "офицерлердің қудалануынан" бөлек, “күштік құрылымдардағы жемқорлық” пен оларға кейбір лауазымды тұлғалардың қатысы жөнінде айтылды. Конференцияда экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның да аты аталды.
Билік әзірге реакция білдірмеді.
Астанада осы жиын өткен күні кейбір Телеграм-арналар Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-жедел тобы 2019 жылы зейнетке шыққан бұрынғы саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтің “Астана ЛРТ” жобасындағы жемқорлыққа ықтимал қатысын "тексере бастағанын" хабарлаған. 11 наурызда күндіз Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Дархан Дүйсебаев бұл жөнінде Азаттыққа “не иә, не жоқ деп айта алмаймын” деді. “Әзірге ақпарат жоқ” денег.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір