Украинаға басып кіруіне байланысты Ресейге салынып жатқан экономикалық санкциялардың салдарынан Ресей рублінің құнсыздануы теңгеге де әсер етіп, Қазақстанның ұлттық валютасы соңғы екі аптада бұрын-соңды болмаған шамада әлсіреді. Ұлттық банк 11 наурыздағы доллар бағамын 509,8 теңге деп белгіледі. Теңге құнсыздануының теріс әсерін азаматтар қазірдің өзінде қымбатшылық түрінде сезініп жатыр. Жағдай оңалмаса, онсыз да табысының көбін азық-түлікке жұмсайтын қазақстандықтардың тұрмысы тіптен тұралап қалғалы тұр. Валюта нарығында не болып жатыр, үкімет теңгені қалай ұстап тұра алады, тығырықтан шығудың жолы қандай, осы және өзге де сұрақтардың жауабын Ryskulov analytics орталығының директоры, қаржыгер Жасұлан Кушебаев Қамшы порталына берген шағын сұхбатта айтып берді.
– Үкімет осы уақытқа дейін теңге бағамы рубльдің жағдайы мен мұнай бағасына қатты байланысты екенін айтатын. Егер екеуі құлдыраса, теңге құнсызданады, егер рубль нығайып, мұнай бағасы өссе, теңге де нығаяды деп түсіндіретін. Ал қазір рубль құнсызданып, мұнай қымбаттап жатыр. Brent маркалы мұнайдың баррелі 111.97 долларға жетті. Бірақ теңге күннен күнге құнсызданып барады? Бұны қалай түсінуге болады? Теңге бағамына дәл қазір не әсер етіп отыр?
– Қалыпты жағдайда, яғни соғыс болмағанда бүгінгідей мұнай бағасының қымбаттауынан теңге нығаяр еді. Алайда қазір ситуация мүлде басқаша. Бүгінде Ресей экономикасына санкциялар көптеп салынуына байланысты рубль әлсіреп жатыр. Ресей Қазақстанның үлкен сауда серіктесі болғандықтан, теңге рубль тұзағында қалып қойды деуге болады. Яғни теңгенің құбылуына тек мұнай бағасы ғана емес, рубльдің жағдайы да әсер етеді. Бізде соңғы бес жылда рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы 5 теңгеден түскен жоқ. Ал бүгінгі ұлттық банк дерегінше, 1 рубль 4,5 теңге болып тұр. Рубльдің құнсыздануы теңгенің рубльге шаққанда нығаюына әкеліп жатыр. Бұл қазіргі жағдайда экономикамызға қауіпті. Өйткені біз Ресеймен еркін сауда аймағындамыз, яғни бір-бірімізбен кеденсіз тауар алмасамыз. Сәйкесінше, рубль әлсіреп, теңге нығаяр болса, біздің бизнесмендер Ресейден тауар алып, Қазақстанға сата бастауы мүмкін. Ал бұл – валютамыздың Ресей экономикасына өтіп кетуіне әкеліп соғады. Салдарынан отандық бизнеске деген сұраныс төмендейді. Сондықтан үкімет мұндай қадамға бара алмай, теңгені рубльдің бұрынғы бағамына сәйкестендіруге тырысады. Яғни рубль құнсызданса, теңге де құнсызданады.
– Соңғы уақытта Қазақстанның валюта саясатын Ресей рублінің ықпалынан шығару керектігі туралы жиі айтылып жатыр. Бұл теориялық тұрғыда мүмкін бе? Ол үшін не істеу керек?
– Теңгені рубль ықпалынан шығару бүгінгі жағдайда өте ауыр. Өйткені біз бір еркін сауда аймағындамыз. Ресей рублінің ықпалынан шығу үшін алдымен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы керек. Ол саяси ерік-жігерді қажет етеді. Біздің билік оған бара ала ма, жоқ па ол жағын уақыт көрсетер. Егер одақтан шықсақ, сонда біздің бизнесмендер Ресейден тауар сатып алғанда кедендік, басқа да салықтармен валюта бағандары арасындағы кішкене өзгерістер отандық өндіріске аса әсер етпейді. Ресеймен сауда қатынасында өзіміздің протекционистік экономикалық саясатқа көшу керек деп ойлаймын. Бұл – теңгенің жағдайын жақсартып қана қоймай, өзіміздің кәсіпкерлерге де үлкен қолдау болады.
– Сонда теңгені нығайтудың, экономиканы күшейтудің Еуразиялық экономикалық одақ құрамынан шықпай жасауға болатындай амалы жоқ па?
– ЕАЭО-дан шықпастан жағдайды реттеу шараларының әсері қысқа мерзімді ғана болуы мүмкін. Интервенция жасау арқылы, шектеулер қою, депозиттен ақша алуда теңгелік сыйақыны арттыру арқылы халықты теңге ұстауға ынталандыруға, теңгеге деген сұранысты жоғарылатуға болады. Бірақ мұның тиімділігі уақытша ғана. Егер Еуразиялық экономикалық одақта қала беретін болсақ, ұлттық банк пен үкімет ситуациядан шығудың басқа, ұзақмерзімді жолдарын қарастыруы керек.
– Сіздіңше Қазақстанның мүмкіндігімен әрі бүгінгі ситуацияны ескеріп, қандай ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыруға болады?
– Онда өндірісті күшейту керек. Өндіріс мықты болмай, мықты экономика құру, ұлттық валютаны күшейту мүмкін емес. Теңгеге деген сұранысты ұлттық өндіріс тудырады. Сондықтан тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі сияқты Қазақстанның қолынан келетін өндірістерді ашу керек. Бұдан бөлек Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компанияларды өзіиізге тартуға мүмкіндік туып тұр. Әрбір кризисте жақсы жаққа қарай пайдалануға болатындай мүмкіндіктер бар. Ресейден кеткен инвесторлар үшін Орта Азия нарығы тартымды болатыны түсінікті. Өйткені оларға бұл жақ таныс, жұмыс істеп көрген, оның үстіне Орта Азия да үлкен нарық. Сондықтан қазір Ресейден кетіп жатқан инвесторларды Қазақстанға тартып, мемлекет тарапынан қолдап, Қазақстанда бизнесін жүргізуге жақсы жағдай жасауға назар аударған жөн. Бұл – қысқа уақытта тиімділігін көрсетпейді, бірақ алдағы уақытта біз Орта Азиядағы экономикалық һабқа айналуымыз мүмкін. Ол кезде ұлттық валюта үшін алаңдайтындай себеп болмайды. Осы арқылы біз өзімізде шыққан тауарларды Ресейге сата аламыз. Бізде Ресеймен логистика жақсы жолға қойылған. Бірақ АҚШ пен Ұлыбритания саясаткерлері Ресейді толықтай тұншықтыру үшін оның көршілеріне де санкция салу туралы айтып жатыр. Бұл қаншалықты жүзеге асатынын уақыт көрсетеді. Осы мүмкіндікті пайдаланамыз деп біз де санкцияға ілініп кетуіміз ғажап емес. Ол алдағы жағдайлар айқындала түскенде, белгілі болады.
Пікір қалдыру