Фотоколлаж
Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алу митингіне қатысқаны үшін бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деген айыппен 15 тәулікке қамалған саяси белсенді, Демократиялық партия құру бойынша ынталы топ жетекшісі Жанболат Мамай әкімшілік жаза мерзімі аяқталар шақта тағы 48 сағатқа қамауға алынды.
Белсендінің әйелі журналист Инга Иманбайдың айтуынша, дүйсенбі, 14 наурыз күні Жанболат Мамайды 2 айға қамауға алу бойынша санкциялық сот болады. Жанболат Мамай үстінен "Полицияны қорлады, жалған мәлімет таратты" деген айыптар бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім еткен. Бұл туралы ол абақтыдан адвокаты арқылы жолдаған хатта жеткізген.
"Қадірлі ағайын! Мені саяси себептермен, саяси қудалаудың нәтижесінде қамауға алды. Полицияны қорлады, жалған мәлімет таратты деп. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Өз кінәмді мойындамаймын. Біздің жолымыз ақ, адал. Қолдау көрсеткен барша ағайынға алғыс айтамын. Халықаралық ұйымдар қолдау көрсетуі керек деп санаймын. Бірге жеңеміз!" дейді саяси белсенді 12 наурыз күнгі хатында.
Оппозициялық журналист Ермұрат Бапи Жанболат Мамайдың үстінен қылмыстық іс қозғалуының саяси астары бар деп санайды. Сөзінше, мұның артында Демократиялық партия деген атаумен саяси партия құрғысы келіп жүрген белсендінің әрекетін тоқтату ойы тұр.
"Жанболатқа қатысты әкімшілік жазаның соңын қылмыстық іске алмастырудың амалынан екі болжам жасауға болады:
Біріншіден, биылғы жаз-күз маусымында мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі мүмкін;
қылмыстық жауапкершілікке тартылған (екі айлық тергеуден кейін, сот Мамайға ары кеткенде бостандығын шектеу немесе шартты жаза береді) азамат ретінде Жанболат сайлаудан шеттетіледі (қазіргі қолданыстағы сайлауға қатысты заңдылықтарының талабы бойынша);
Екіншіден, президент Тоқаевтың наурыз жолдауынан кейін, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға аздаған өзгерістер енгізілетін болса, билікпен мәмілелесуге көнбейтін оппозициялық саясаткер Жанболаттың Демпартиясын сайлауға дейін "қағып тастап", тіркеуден өткізбеудің әрекеті жасалуда" дейді журналист.
Жанболат Мамайдың жақтастары 14 наурыз күні Алматы қаласы полиция департаменті ғимаратында жиналып, белсендінің бостандығын талап етпек.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір