"Мен бұл айыптаулардан қорықпаймын": Қамаудағы Козачковтың хаты жарияланды

/image/2022/12/20/crop-16_54_470x836_decb49ca47419c075bc99742716.jpg

Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігі қамауға алған журналист Михаил Козачковтың хаты тарап жатыр. Оны журналист Вадим Борейко facebook парақшасына жариялады. 

Журналист хат мәтінін әлеуметтік желідегі чаттардан алғанын,алайда адвокаттарға хабарласып хат Козачковтікі екеніне көз жеткізгенін айтады.

Козачков хаттың басында бір тәуліктен астам уақыт бойы өзіне тағылған айыпты дәлелдей алмай жатқанын жазады. 

"Осыған байланысты мен куәлік бере алмаймын. Күні бойы адвокаттармен тиісті шешімді күтіп отырамыз. Қаржы монитринг агенттігінің хабарламалары арқылы мені рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар, мемлекеттік құпияны таратты деп айыптап отырғанын түсіндім" дейді журналист. 

Козачков мақаласындағы мәлеметтерді ашық дереккөздерден алатынын, құпия деректер базасын ашпағанын атап өткен.

"Рейдерлік" пен "ұйымдасқан қылмыстық топ" дегені – "Есентай сити" мен өзге де нысандар төңірегіндегі аты шулы іс. Менің түсінуімше менің "қылмысым" – "жымқырды" деп айыпталған Алмас Әбдіғаппаров туралы мақала жазғаным. Ресторатор миллион доллар көлеміндегі қаржыны жымқырған. Бұл тергеу кезінде де, сот арқылы да дәлелденген. Алайда прокурор мен судья ешқайсысын рейдерлік жасады деп айыптамайды. Алайда осы мәселеге қатысты мақала жазған журналисті тұтқындайды" делінген хатта.

Журналист ұсталуын қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың жеке басына деген өшпенділігімен байланыстырады. Козачковтың айтуынша, жазда Жанат Элиманов өзіне өштесіп жүргенін, қамау туралы ойы барын естіген.

"Агенттік қызметкері қаржы мониторинг агенттігінің жұмысына кедергі келтіріп жүргендіктен мені қамауға алғысы келетінін айтқан еді. Ал қараша айында бизнесмен Гаджи Гаджиев Элимановтың мені тұтқындауы мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, Элимановқа оның әйеліне қатысты жазған мақалам ұнамапты. Иә мен қаржы пирамидасының құрбанына айналған Элимановтың әйелі жөнінде мақала жазғанмын. Мен Гаджиге олардың ісін жазуымды өтінген басқа жәбірленушінің хатын көрсеттім. Маған қаржылық қылмысқа қарсы басты күрескердің әйелі қаржы пирамидасының клиенті болғаны оғаш көрінді. Сол үшін де жаздым. Ал Жанат Элиманов соған ренжіп қалғанға ұқсайды" дейді Козачков. 

Бизнесмен Гаджиев агенттік төрағасымен сөйлесуге уәде берген. Бірақ Козачков ол үшін мақалаға түсініктеме жасап, жазба жариялауға міндеттелген. Козачков ұсыныстан бас тартқан. 

"Мен бұған дейін көптеген қылмыстық оқиғалар жөнінде жаздым. Алайда бұған мен кінәлі емеспін. Мен тек аңқау болғаным үшін, қаңтар оқиғасынан кейін жаңа әрі әділетті Қазақстан құрылатынына сенгенім үшін кінәлімін" деп жазған журналист. 

Бұдан бөлек журналист тапсырыспен мақала жазып, 52 млн теңге алғаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. 

"Мен айыптаулардан қорықпаймын. Мен алған миллиондарды көрсетуіңізді сұраймын. Бұл айыптар сотта бүкіл халықтың алдында қалай дәлелденетінін көрейік", дейді Михаил Козачков.

ҚМА журналисті қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы қылмыскерлерге болысты, ақпараттық шабуыл ұйымдастырды, жалған мәлімет таратты, адам беделіне нұқсан келтіретін мақалалар жариялады, мемлекеттік құпияға жататын ақпараттарды жинап, таратты деп айыптап отыр. Орган дерегінше, журналист осы қызметі үшін қомақты сыйақы алған.

Бірқатар белсенді азаматтар мен Козачковтың әріптестері болып жатқан оқиғаны құқықтық сала, сот жүйесі туралы өткір жазатын журналистің аузына қақпақ болу әрекеті деп санайды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар