Осы аптадағы кадрлық тағайындаулар

/uploads/thumbnail/20170708220338048_small.jpg

Осы аптада  Елбасы Н.Назарбаев еліміздің Білім жән ғылым министрін ауыстырды. Мұнан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалып, өзге де кадрлық ауыс-түйіс орын алды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ерлан Сағадиев Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалды. Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев 1966 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген. 1990 жылы «экономика» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, біліктілігі экономист. 1993 жылы Миннесота штатының Университетін бітірді, АҚШ-тың Миннеаполис қаласында Қолданбалы экономика департаментінің ғылым магистрі ғылыми дәрежесі бар.

Еңбек жолын 1990 жылы Сыртқы істер министрлігінің Қолданбалы экономика департаментінің халықаралық экономикалық қатынастарды дамыту жөніндегі екінші хатшысы лауазымынан бастаған. Дүниежүзілік банкінің ауыл шаруашылығы департаментінің ахуалын талдау жөніндегі ассистенті, Шығыс Еуропа, ТМД елдерінің кураторы болған (АҚШ, Вашингтон қ.). 2003 жылдан бастап 2009 жылға дейін «Жаңа технологиялар. Қазақстан» АҚ-ның Директорлар кеңесінің төрағасы болды, бас директордың лауазымын атқарған. 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 2014 жылдың ақпан айынан тамыз айына дейін Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болды. 2014 жылдың тамыз айында ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары болып тағайындалды. Еліміздегі Халықаралық IT университеті мен Халықаралық бизнес университетінің негізін қалаған.

Ал бұрынғы ҚР Білім және ғылым  министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов «Назарбаев Қорының» президенті және «Nazarbayev University» қамқорлық кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. Аслан Сәрінжіпов Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Оклахома Университетін, Вена дипломатиялық академиясын аяқтады. Әр жылдары «Үкімет жанындағы ұлттық талдау орталығы» АҚ басқармасы  және ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарды. Экономикалық даму, қаржы, білім беру мәселелеріне жетекшілік етті. «Назарбаев Университеті» автономиялық білім беру ұйымының атқарушы кеңесінің төрағасы болды. 2013 жылғы 2 қыркүйектен 2016 жылғы 10 ақпан аралығында ҚР Білім және ғылым министрі болды.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен өңір басшысының өкімімен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібеков тағайындалды. Ұ.Бәйдібек ауданы Жамбыл ауылында 1967 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы бойынша инженер-электрик, халықаралық экономист. Еңбек жолын 1983 жылы Алғабас аудандық мал бордақылау бірлестігінің жұмысшысы болып бастаған. 1992-2015 жылдары Алғабас ауданы әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің маманы, бас маманы, жастар ісі, саяхат және спорт басқармасының бастығы, Шымкент қаласы «Жетіген» ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппараты әлеуметтік-мәдени кешені бөлімінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат департаментінің директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек, Сарыағаш аудандарының әкімі, «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2012 жылғы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.

Әсет Ирғалиев ҚР ҰЭМ «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ директорлар Кеңесінің шешімімен ҚР ҰЭМ «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Әсет Ирғалиев Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау  институтының  (КИМЭП)  мемлекеттік саясат экономика саласында бакалавр  дәрежесінде  үздік тәмамдады  (Алматы, Қазақстан).  Халықаралық Йонкопинг бизнес мектебін  халықаралық экономика саласында ғылым бакалавры дәрежесімен (Jönköping University, Швеция), Йорк университетін экономикадағы ғылым магистрі дәрежесімен (University of York, Ұлыбритания),   Ноттингем университетін экономикадағы философия магистрі дәрежесімен  (The University of Nottingham, Ұлыбритания) аяқтады. Әсет Ирғалиев Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің PhD докторы дәрежесін иемденген (Лондон, Ұлыбритания). Еңбек жолын Лондондағы Еуропалық даму және қайта құру банкінің (ЕДҚБ) Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша экономика департаментінің аумақтық экономисі ретінде бастаған. 2014 жылдың маусым айынан бастап ҚР ҰЭМ «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ бұдан бұрын басқарған Мақсат Мұханов институттың бас экономист лауазымына тағайындалды.

Атырау облысында өңір басшысының өкімімен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы қызметіне Еркін Шпанов тағайындалды. Ол осы тағайындауға дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Е.Шпанов 52 жаста. Депутаттық қызметінен бұрын да ол осы басқармаға басшылық еткен еді.

Қазақстан қор биржасы (KASE) акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының 2016 жылдың 11 ақпанындағы шешімімен «Қазақстанның халық жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Ертай Исмайылұлы Сәлімов KASE Директорлар кеңесінің мүшесі - KASE тәуелсіз директоры болып сайланды. Биржаның жаңа тәуелсіз директорының кезектен тыс сайлауы Ж.Б.Құрмановтың KASE Директорлар кеңесінің мүшесі - KASE тәуелсіз директоры ретінде өкілеттігі басқа жұмысқа ауысуына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылғандықтан өткізілді. 

Данияр Мейірхан Шымкент қаласындағы муниципалдық полицияның басшысы қызметіне тағайындалды. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылы жедел қызметтен бастаған. Одан кейін Ақтөбе облысынан Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне қызметке ауысқан. Осы жылдары облыстың жол полициясы басқармасында қызмет атқарып, аймақтағы есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасын, Шымкент ішкі істер басқармасын басқарған. Жергілікті полицияның бастығы қызметіне Сайрам аудандық ІІБ-ның басшысы қызметінен ауысқан.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар