Барды бағалауды басқадан үйренсек етті

/uploads/thumbnail/20170708220611300_small.jpg

Грузияның атақты әртісі Сосо Павлиашвили таяуда Қазақстанда болып, Ақтау қаласында үлкен концерті өтті. Әртіс ән кешінің соңын ала «Lada.kz»  сайтына сұхбат беріп,  Қазақстан туралы ой бөлісті. Тілшімен болған екеуара әңгіме барысында грузиндік өнер иесі біраз нәрсенің  басын қайырыпты. Әндерінің туу тарихы, тыңдарман  талғамы, әсіресе  Елбасымызбен болған бейресми  жүздесуі жайлы ақтарыла сыр шертеді.

«Бұл жүздесу күні бүгінге дейін көз алдымда, көреген, ашық мінезді, керемет жан соған қарамастан, барынша мықты адам, құдды  әкемнің ағасымен  пікірлескендей әсер алдым» - дейді Палиашвили. Оған қоса ару Алматымыз бен бас қаламыз Астана жайында да жылы лебізін білдіріпті. Әңгімесінен қарапайымдылықтың, шынайылықтың исі аңқиды. Ол қалай дейсіз ғой? Сосо «Алматы Тбилиси секілді әсем, жылы, жанға жайлы қала, ал Астана мүлде бөлек, ол бір алып кеңістік», - десе, қазақтар генетикалық тұрңыдан тұп-тура грузиндер секілді өнер десе, ішкен асын жерге қоятындығын айтады.

«Қонақ қойдан жуас болу керек» деуші еді, мұнысы несі деп бастапқыда іштей ренжіген де едік. Кейін түсіндік, біз ренжімеуіміз керек екен керсінше үлгі алуға тиіс екенбіз. Сонда грузин азаматы ұлтын сүйгені үшін айыпты ма? Керісінше, грузиндер Палиашвилимен мақтануға тиіс. Егер, әлгі грузиндік өнер иесінің орнында біз болсақ не істер едік? Елдің көңіліне қарайтын қашанғы көңілшектік әдетімізге басып, алдыңғы айтқанға мақалдағыдай    мақтауды үйіп-төгіп, керісінше теңеп жіберуіміз бек мүмкін бе еді? Ал, әртіс «Тбилиси Алматы секілді, болмаса грузиндер қазақтар секілді» деген жоқ.  Қаншама қазақтың арасында отырса да ойын бүкпесіз ақтарып салды. Расы керек, біз өз құндылықтарымызды қашанда өзгелердікінен төмен қоямыз. Болмаса, «Бурабайды қазақтың Швейцариясына» балап, Мағжанды «қазақтың Пушкині» деп лағар ма едік? Әлемде ешбір ел өзінің баға жетпес құндылықтарын  өзгелердікіне теңемейді. Мынау тұрған көрші қырғыз ағайынның өзі «Ыстық көлін»  қырғыздың берметі деп, өзгенің   алтынына айырбастағысы жоқ. Ал,  біз барымызды бағалай алмай жүрміз. Осындайда Палиашвилидей азаматы бар қоңқақ мұрын халық расында бақытты екен-ау деп қаласың.

Салтанат Әлімқұл

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар