Сөйлеші, сөйле, қызыл тіл!

/uploads/thumbnail/20170708220737987_small.JPG

Бүгінгі заман талабы білім мен қабілетті, іскерлік қасиеттерді ашып көрсете алатын жоғарғы дәрежелі  мамандарды қажет етеді.  Әсіресе кейінгі кездері жастарымыз сөйлеу мәдениетінен ақсап, оның орнын түрлі техникалар басқан заманда әсіресе шешендік өнердің қыр-сырын меңгеру мәселесі –көкейтесті  проблемалардың бірі боп табылады.  Шешендік өнердің өзіне ғана тән ерекшеліктері, қалыптасқан нормасы, тұрақталған заңдылықтары бар.  Қандай да бір ұлттың сөйлеу тілі және жазбаша стиль үшін сауаттылық өте маңызды. Белгілі бір мекемеде қызмет барысында пікірлесу, келіссөз жүргізу, жиналыстар, дөңгелек үстел өткізу үшін шешендік өнерді меңгеру- маңызды рөл атқарады.

Өркениет туын көтерген елдердің бәрінде көркем сөз өнерінің құдыретіне бас иген. Шығыс халықтарының ішінде қытай ұлты және қазақ ұлты  сөз өнерін аса жоғары бағалап, шешендік өнерге баулитын ойлы ортасы мен білім ордалары болғанымен тарихтан белгілі. Халық көп жиылған ортада әсерлі сөз сөйлеуді дара тұлғаға тән құндылық ретінде таныған шығыс халықтары сөз салмағының  өзіндік бағасын біліп, ұрпақтарының осынау  сөз өнерінің қыр сырымен жан-жақты таныстырып, баулып отырған. Көнеден бастау алатын игі дәстүрді бүгінде біздің білім ордасы- әл Фараби атындағы Шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасы әрі қарай  дамыту үстінде. Осы ретте       2016 жылдың ақпан айының екінші жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  Университеті Шығыстану факультеті қытайтану  кафедрасы ұйымдастырып отырған «Қытай тілі апталығы аясында» қытай тілінен шешендік өнер сайысы болып өтті.

 Бұл іс-шараға еліміздегі қытай тілін оқитын оқу орындарынан (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, АбылайханатындағыҚазХҚжӘТУ, Д.А.Қонаев атындағы университет т.б ) қытай тілі  оқытушылары, сондай-ақ аталған іс-шараға Чехия Шығыстану  институтының  қытайтанушы ғалымдары – Александр Клемиш және  Вера Екснеровалар қатысып, біздің студенттердің жоғарғы білім деңгейін көріп, тәнті болды. Сайысқа қатысқан он сегіз студенттің ішінен топ жарған 2 курс студенті  Мурзагельлина Лаура « Менің арманым» атты тақырыпта жазылған шығармасымен көпшілік назарын бірден жаулап алды.  Сайыс барысында  Конфуций институтының  мамандары мен қытайтану кафедрасының  белді қытай тілі мұғалімдерінен құрылған әділқазылар алқасы негізінен,  қытай тілін оқып жатқан студенттерінің тақырыпты аша білу қабілетіне, қытай тілінің дыбысталуына, сұрақтарға дұрыс және ұтымды  жауап беруіне, көпшілік ортада өзін өзі ұстай білу мәдениетіне басты назар аударды.   Сайыс  соңында студенттер шағын концерт көрстетті. Білім деңгеймен алыс жақын шетелден келген қонақтарды таң қалдырған  шәкірттерміз  үшін үлкен мақтаныш сезімге ие болған ұстаздар қауымы өз қуаныштарын жасыра алмады.  Әлемдегі ең қиын тілдердің бірі боп саналатын – қытай тілін екі жыл ішінде терең меңгерген студенттеріміздің  бағындырар биігі әлі алда деп сенеміз.

Аида Кенжебаева

Әл-Фараби атындағы шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының доценті

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар