Прокуратура қазақ тілінің құқығын таптағандарды тексерсін

/uploads/thumbnail/20170708221450467_small.jpg

Қазақ елінің бұрынғы үкіметбасыларының бірі, Қарағанды өңірінің қазағы Серік Ахметовтің орыстанып кеткен ҚАРАҒАНДЫны қазақы қалыпқа салып, бұған дейінгі бірде-бір әкімнің қолынан келмеген өнегелі істер атқарғанын; атап айтқанда, қазақтың арда ұлдары Абылайханға, Қаныш Сәтбаевқа, Қасым Аманжоловқа ескерткіш орнатып, Қазақстандағы ең үлкен Ленин ескерткішін қаланың орталығынан алдыртып тастап, орнына Тәуелсіздік тұғырын қойғанын және айналасына Бауыржан Әбдішев, Берік Әбдіғали, Мейрам Смағұлов секілді ұлтшыл, серке жігіттерді жинағандығын; Қара­ғандының мемлекеттік билік құрылымдары мен іргелі һәм ақшалы бизнесін алақандарында мықтап ұстаған орыстардың демін ба­сып, бұл салаларға қазақтарды тартқандығын, ақырында, қазағын сүйген Серік Ахметовтің қолына кісен салып, «жемқор» қылған Ресейдің қазіргі басшысы В.Путин екендігін баспасөзден оқып: «Ойпырмай, бізде үкімет басқарған жігіттер қорғансыз болса, қарапайым қазақтың күні қандай болмақ?» - деген сұрақ маза бермей жүрген...

Мұның өзін құр айқай, жай лақап шығар дейін десең, жақында ғана Қарағанды облысы әкімінің орынбасарлығына Андрей Ляпунов, Саран қаласы жетекшілігіне Анатолий Шкарупа, облыс орталығындағы ең үлкен Қазыбек би атындағы ауданы әкімі болып Татьяна Шатохина, облыстың спортын басқаруға ешкім білмейтін Сухорукова тағайындалды. Соңғы уақыттағы осы өзгерістерден біз С.Ахметов кеткеннен кейін облыс қайта орыстанып, биліктегі қазақтарды орыстардың ығыстырғанын анық көреміз!

Ол-ол ма, өздерін кәсіби санайтын бірнеше қазақ баспасөз құралдары былай деп жазды: «Мұхтар Жәкішев- Қазақстанның өркендеуіне үлкен үлес қосқан азамат. Созақ пен Шиелідегі уран өндіру бүгінгідей дәрежеге жетуі неғайбыл еді, «Қазатомпром»-да уран өндіруден Қазақстанды алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосты және қазақ­тардың жағдайына, ураннан келетін экологиялық зардаптардың алдын болжап, оның қаупі жайлы баяндама жасады. Мұхтар Жәкішевтің түрмеге отырғаны сол екен, елімізде «РосАтом» пайда болып, Қазақстанның уран өндірісін түгелімен қол астына бағындырды. Осылай, Владимир Путин өз мақсатына жетті. Ал, өз қазағы өз бауырын түрмегі қамап отыр...»

Қазақтардың ұйымшылдығы, ұлтшылдығы, берекесі мен біріккені - орысқа да, қытайға да, басқа да қажет емес. Бұл - бағзы заманнан таң атса күннің шығатыны сияқты талассыз ақиқат. Еркін күнге ширек ғасыр өтсе де, өз қолымыз өз ауызымыға жетпей, тапа тал түсте таланып отырғанымыз, кіріптарлықтан құтылмағанымыз - меніңше, құлдық сананың «құдыреті».

Орысты дос көру, көрші тұту, жазу-сызуды үйретті деп құрмет көрсету - көптеген қазақтардың санасынан өшпей қалған. Қазақты езгіге салып, есінен тандырған патшалық Ресейдің де, советтік Ресейдің де қазаққа жаны мүлдем ашыған емес. Ақиқатты жалғандықпен бүркемелеп, қазақты қырып-жойып, бірнеше есеге азайтып жіберген орыс билігі қалайша «дос», «көрші», «үйретуші» бола алады?!.

Орыс мұжығы ешқашан достықпен қимыл жасамайды, ол тек жұдырықтың күшін ғана түсінеді. Ресейдің марқұм президенті Борис Ельциннен: «Сіз демократсыз ба?» деп сұрағанда, ол мүдірместен: «Мен совет адамымын. Ал, совет адамы ешқашан демократ бола алмайды!» деп жауап беріпті. Нағыз шындық сөз!

...Негізі, «елге басшылық етуге ұлтшыл азамат керек» деп жатамыз. Бірақ, ұлтшылды орыс өткізбейді. Ұлтын сүйетін қазақ Қытайға да пайдалы емес. Ал, демократияны жалаулатқан әрі қалқан еткен күллі батыс үшін (басым бөлігінің ұлты жөйттер (еврей)) нағыз қазақ - нағыз жау. Тілі мен ділі бүлінген қазақ (орыстілді немесе ағылшынтілді) керек батысқа да, басқаға да. Ал, тілі мен ділі лас қазақ - нағыз қазақ емес, ұлтшыл да болмайды. Мұндай мәңгүрт бүгін Қазақстанды басқарса, ертең, айталық, Камерунға жетекшілік ете береді...

Қазақы болмысы мен тегін жоғалтқан қазақтың қазаққа еш пайдасы жоқ, тек орасан зиян ғана шегеміз. Құлдық сананың сырқатының сыры осында...

Айтпақшы, Серік Ахметов Премьер-министр болған кезде Қара­ғанды өңіріндегі басшылық қыз­меттерге мемлекеттік тілді дамытуға және оны міндетті екенін айтқан...

Күні кеше осы сарынға ұқсастау ақпар тарады. Алматы қаласын дамыту мен 2017 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың дайындығы жөніндегі жиналыс кезінде Елбасы Н.Назарбаев барлық облыс бойынша “Қазақстан Республикасындағы тiл туралы” Заңының сақталуын тексеруді тапсырды. Артынша GU-GU.kz порталында Ержан Жаубай «Елбасының осы сөзі үшін қуануы керек еді» дей келіп, мұның өзі, яғни «көптеген БАҚтың президенттің сөзінің негізіне бойламай, аттандап жатқаны... - ел мен Елбасының арасына іріткі салудан басқа түк те емес». Әрі қарай автор былай дейді: «...Президенттің: «Егер адам орыс тілінде сұраса, жауап та орыс тілінде болуы керек» - деген сөзін: «Егер адам қазақ тілінде сұраса, жауап та қазақ тілінде болуы керек» - деп ұғуға тура келеді. Өйткені, Тіл туралы заң бойынша, егер адам қай тілде сұрақ қойса, сол тілде жауап берілу керек. Мемлекет басшысы айтқандай: «Егер ол орыс тілінде сөйлесе, ол жауапты орыс тілінде алуы керек». Ендеше, “Егер ол қазақ тілінде сөйлесе, ол жауапты қазақ тілінде алуы керек. Ал сіз қазақ тілінде сөйлесеңіз, сізге орыс тілінде жауап берсе, онда Президент айтқандай: «Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек!». Ал бұған қазақ тілінің еліміздегі 134 тілдің бірі емес, Конституция бойынша МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ екенін де қосыңыз. «ҚР Тілдер туралы» Заңның «Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап» деп аталатын 11-бабында: «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi», - деп тайға таңба басқандай жазылған.

Президент сөзін “Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту өз қолдарыңызда. Жоғарыға жолдайтын хаттарыңызды тек қана мемлекеттік тілде жолдаңыздар. Сол кезде басы артық әңгіме болмайды” – деп түсіну санасы бар адамға тайға таңба басқандай анық екенін байқау қиын емес. Біреуді кінәлап, біреудің мінін іздегенше, сөз астарына (!) мән берген абзал болар».

Біздіңше, бұлай ой қорытудың да реті жоқ емес. Бұған қосымша Елбасының «Тіл туралы мәселеде бізде заң бар» деген сөйлемінің «мә­селеде» деген сөзін жақшаға алсақ: «Тіл туралы (мәселеде) бізде заң бар» - болып шығады. Өте дұрыс. Сосын: «Бізде Конституцияда жазылған» дегені де жөн. Басшы ретінде: «Прокуратура неге тексермейді?» - дегеніне қос қолымды көтеріп: «Прокуратура Қазақстанда мемлекеттік тілдің құқықтарының күн сайын, қадам сайын өте өрескіл бұзылып жатқандығын неге тексермейді?!.» - деген сөзді қосқым келеді.

Мемлекет жетекшісі: «Мен білемін, көп президенттер бір тілде ғана сөйлейді. Путин орыс тілінде, түріктікі түрік тілінде сөйлейді. Ал мен екі тілде сөйлеймін. Бұл маған өте ұнағандықтан емес, мені барлық тұрғындар түсінсе деймін» деді. Тамаша ғой, демек, Қазақстандағы мемлекеттік биліктегі әрбір қызметкер ұлтына, ұлысына қарамастан, «Бізде Конституцияда жазылған» тәртіппен және «Тіл туралы бізде заң бар» болғандықтан, «барлық тұрғындар түсінсе» деген ниетпен, мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Олай етпесе: «Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек».

Бір қарағанда, бәрі дұрыс, бірақ, менің уайымым: біздің биліктегі ана тілін түсінбейтін менің қаракөз бауырларым мен басқа ұлт өкілдері-жерлестерім жұмыстан шығып қалса, шиттей бала-шағаларын кім асырайды?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар