ІСТІҢ АДАМЫ

/uploads/thumbnail/20170708221436998_small.jpg

Қазақта «Адамды істі қалай бaстағанына қарап емес, қалай аяқтағанына қарап бағала» деген сөз бар. Жүрген жерінде жалаулатпай, жер-жаһанға жария қылмай-ақ шаруа тындырып жүретін адамдар болады. Мейлі мемлекеттік қызметте, мейлі қоғамдық жұмыста, жоқ бизнесте болсын ондай адамдардың өзгелерден қашан да шоқтығы биік тұрады. Қазақ билігіндегі тәжірибелі шенеуніктердің ішінен сондай іскер азамат деп ұялмай көрсететін тұлғалардың бірі – Даниал Ахметов.

Әр жылдары түрлі саланың тізгінін ұстаған Даниалдың мемлекетшіл тұлға ретіндегі қырлары Павлодар облысындағы қызметі кезінде шынайы көрініс тапты. Оның өзінде бүгінде сәнге айналған «пиар-кампаниялардың» нәтижесінде емес, нақты жұмыстары мен ілкімді істерінің арқасында құрметке бөленді. Облыс тұрғындары Ахметовтың басшылық еткен жылдарын әлі күнге сағынышпен еске алады.

Бүгінде билік тізгінін ұстағандардың көп араласуды жөн көрмейтін, реті келсе айналып өтуге тырысатын бір мәселе бар. Ол – ұлт мәселесі. Тіл мен діннің жайын айту, қазақ руханиятына араша түсу – кез келген шенеунік білек сыбанып кірісетін жұмыс емес. Абайламаса арам пиғылдылар арандатуы да мүмкін. Міне, билік элитасы үшін «қатерлі» саналатын осы істе Ахметовтың ауыз толтырып айтатын істері көп екен.

Тәуелсіздік алған жылдары солтүстік өңірдегі саяси ахуал, этникалық жағдай күрделі болғаны ешкімге жасырын емес. Орысы басым өлкелердегі саяси-экономикалық жағдайға алаңдаған жұртшылық көп еді. Осы тұстарда Солтүстікке ісі мығым, жүрісі тың басшылар керек болды. Даниал Ахметов Павлодардағы ірі ауданның бірі Екібастұзда әкімі болып тұрған кезінде ең алдымен ауданның қазақылануына баса мән беріп, Тәуелсіздік кезіндегі тұңғыш мектептің іргетасын қалап, өз баласын сол мектепте оқытқанын біреу білер, біреу білмес. Мұндай батыл қадамға бару ол шақ үшін айрықша ерлік саналғанын мойындауға тиіспіз.

Бұл игі істер Ахметовтың Павлодар облысының тізгінін ұстаған кезде де жарасымды жалғасын тапты. Облыс орталығының қазақылануына, көше, елді мекен аттарын өзгерту, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, баласын өзгелерге үлгі болсын деп қазақ мектебіне бергені, қазақ театрына қамқорлық жасау сынды Даниалдың ілкімді істерін өңір жұртшылығы әлі күнге айтып жүр.

90-жылдардың басында елімізге дүниенің төрт тарапынан қазақ көші ағылғаны белгілі. Әсіресе, Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан атамекенге оралған қазақтарда есеп болмады. Елбасының осы ұлы бастамасын уақытында іліп әкету, атамекенге оралған ағайынды лайықты күтіп алу әкімлерге артылған үлкен сын еді. Міне, бұл істе де Ахметов азаматтық танытты. Моңғолиядан келген қазақтарды арнайы көлік бөлгізіп, Павлодар облысының аудан, ауылдарына орналастырды. 1992 жылы қақаған қыста Моңғолия қазақтарын Даниал Ахметовтың тікелей тапсырмасымен машина жіберіп, Екібастұзға көшіріп әкелген. Олар Өлеңті, Сарықамыс, Бәйет секілді бірнеше ауылға қоныстанып, барлық шарт-жағдайға ие болғанын, балалары оқып, өздері тұрақты жұмыспен қамтылғанын осы күнге дейін айрықша ілтипатпен айтып жүр. Сол көшті өзі қарсы алып, әрбір отбасыға ерулік үлестіріп, қазақы жол-жосынмен жұмыс істегенін сол уақытта көшіп келген әрбір қазақ айтады. Бұл қандастарды сол аудандардағы жергілікті жұрт «Ахметовтың оралмандары» деп атайтын көрінеді.

Бұдан бөлек, Өзбекстаннан да арнайы көш алдырып, Павлодарға орналастырғаны және бар.

Ахметов сол кездері сырттан келген ағайындарды елді мекендерге орналастырумен ғана шектеліп қалмады. Олардың жұмысқа торналасуы, баспаналы болуы, жалпы айтқанда қоғамға сіңісуіне, жаңа ортада жүдеп-жадамауына, қиналмауына барынша жағдай жасаған. Осы жерде ел аузында жүрген мына бір әңгіме ойға оралады. Павлодарға Моңғолиядан бір отбасы көшіп келеді. Келе сап облыс орталығынан жұмыс қарап, ірі бір бизнесменнің кәсіпорнына қызметке тұрады. Бірақ, кәсіпорын басшысы орыс ұлтының өкілі екен. Әлгі оралманды тіл білмейсің деп отырса, опақ, тұрса сопақ етеді екен. Ақыры жұмыстан шығарып тыныш табады. Бұл әңгіме облыс басшысы Даниал Ахметовке жетеді. Күні түсіп алдына келген әлгі кәсіпкерге Ахметов те орайын тауып міндет артады. «Екі күн ішінде қазақша үйреніп келсең, бар шаруаңа көмек жасаймын» дейді. Бұның мүмкін емес екенін, аз уақытта тіл үйрену қолынан келмейтінін айтып, кәсіпкер шыж-быж болады. Сонда әлгі оралман қазақтың оқиғасын есіне салып, оны жұмысына қайта алғызады. Бұл жағдай өз еліне келіп, өгейдің күнін кешкен талай қазаққа демеу болады. Облыста мекеме басшыларының орысша білмейтін қазақтарды сыртқа қағуы сап тыйылады.

Қазақшыл шенеунік бүгінде Шығыс Қазақстанның тізгінін ұстап отыр. Онда да Ахметовтың ауыз толтырып айтарлық бастамаларға мұрындық болып жүргенін көріп жүрміз. Облыста халық тұрмысына оң ықпал ететін шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Негізінен «ҚазЦинк», «Қазақмыс» сынды ірі компанияларда еңбек ететін халықтың әлеуметтік ахуалы да әкімнің қырағы назарында. Жер-жерлерде көрініс беріп жатқан жұмыстан қысқарту, жалақыны қию сынды «дағдарыстық шаралар» бұл өңірде қолданылмады. Жұмыстан қысқаруту, өндіріс орындарын жабу дегеннің бұл өңір іргесін аулақ салды. Бірақ, бұл жұмыстар Ахметовтың әлдебір әріптестерінің әдетімен ақпарат құралдарында жөн-жосықсыз жазылып, ретті-ретсіз жарнамаланып жатқан жоқ. Оған әкімнің өзі де қызықпайды. Өйткені, Даниял Ахметов сөздің, пиардың шенеунігі емес, нағыз істің адамы.

Жомарт Абдоллаұлы

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар