Осы аптадағы кадрлық тағайындаулар

/uploads/thumbnail/20170708221727047_small.jpg

Осы аптада елімізде бірен-саран кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Мәселен, осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарған Б.Палымбетов Елбасы Өкімімен жаңа қызметке тағайындалды. «Қамшы» порталы ҚазАқпарат апта ішіндегі өзге де тағайындауларға жасаған шолуды назарларыңызға ұсынады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Болат Әбілқасымұлы Палымбетов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды. Б.Палымбетов 1961 жылы 28 шілдеде Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ политехника институтын, Еуразия нарық институтын бітірген. 1999-2001 жылдары - Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда вице-министрі, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ бас директорының орынбасары, бас директоры, «Мұнай және газ тасымалдау» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2002-2006 жылдары - Маңғыстау облысының әкімі. 2006 жылы - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2007 жылы - «Меркурий» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2007-2010 жылдары - «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының басқарма төрағасы. 2010-2011 жылдары - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары - басқарушы директоры. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы болған, экономика ғылымының кандидаты. «Құрмет», 3-дәрежелі «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес әдеп жөніндегі уәкіл болып Заң департаментінің директоры Дәурен Мұратбеков тағайындалды. Дәурен Мұратбеков  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін халықаралық заңгер мамандығы бойынша және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін қаржы бакалавры мамандағы бойынша  бітірген. Еңбек жолын ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде сарапшы лауазымынан бастап, Заң департаментінің директоры қызметіне дейін көтеріліп, барлық кәсіби өсу баспалдақтарынан өткен. 2011 - 2014 жылдары «Ұлттық инновациялық қор» АҚ орталығы директорының орынбасары  және «Ұлттық технологиялық даму жөніндегі агенттігі» АҚ орталығының басқарушы директоры қызметтерін атқарған.  2014 жылдан бері  ҚР ҰЭМ Заң департаментінің директоры.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұйрығымен ағымдағы жылы 12 ақпанда ҚР ҰҚК Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы болып ҰҚО генерал-майоры Ерлік Тайжанов тағайындалды. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданының «Украиндық» кеңшарында дүниеге келген. Қарағанды Жоғары милиция мектебінің тергеу факультетін бітірген (1984), тергеуші-криминалист. Заң ғылымдарының кандидаты (2004). Кандидаттық диссертациясының тақырыбы: «ҚР кеден саласындағы ҰҚБ жедел іздестіру қызметі». 1977 жылдан - СҚО «Благовещенск» кеңшарында механизатор. 1984 жылдан - КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік органдарында әскери қызметте, Қызылорда облысы бойынша МҚКБ жедел және тергеу бөлімшелерінде қызметте. 1993 жылдан - СҚО бойынша ҚР ҰҚК ҰҚКД Кадрлар басқармасында басшылық қызметте. 2001-2009 жылдары - Астана қаласы бойынша ҚР ҰҚКД бастығы. Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің, Астана қаласының әлеуметтік-профилактикалық тәртіп бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі. ҚР каратэ-до федерациясының құрметті президенті (Астана, 2005). «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл» (1988), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» (2002), «Мінсіз қызметі үшін» (2002), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Құрметті қызметкері (2004).

Қызылорда облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы лауазымына Жазира Жылқышиева тағайындалды.  Жазира Жылқышиева 1970 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын - физика пәнінің мұғалімі, 2005 жылы «Болашақ» университетін - заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Жалағаш ауданындағы № 31 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 1992-2001 жылдары Жалағаш ауданындағы № 202 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жалағаш ауданындағы № 31 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2001-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасында бас маман, Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бөлім бастығы, 2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасында бөлім бастығы, Қызылорда облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, 2007-2011 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2011 жылдан Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарып келді.  «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен наградталған.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған Ербол Ғұмарұлы Салықов Батыс Қазақстан аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы болып сайланды. Е.Ғ.Салықовтың басшылық жұмыста тәжірибесі мол. Соның ішінде Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары, Шыңғырлау ауданының әкімі, облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Белгілі айтыскер әрі танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолла Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры болып тағайындалды. Ал осыған дейін Қадыр орталығын басқарып келген әнші-композитор Донеділ Қажымов зейнетке шығуына байланысты қызметінен босады.

Айта кетейік, Бауыржан Ергенұлы бұған дейін облыстық жастар шығармашылығы орталығына басшылық етті. Сырым ауданында дүниеге келген ол - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Халықаралық, республикалық айтыстарда жеңімпаз-жүлдегер атанып үлгерген Бауыржан сонымен қатар жазба поэзиямен айналысады.  Оның «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал қаласы, 2005 жыл), «Жұлдыз жауған жарық түн» (2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтары жарық көріп, әдебиетшілер мен оқырман қауымнан лайықты бағасын алды.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар