Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Анаға апарар жол» фильмінің Астанада өткен көрсетіліміне қатысты, - деп хабарлайды baistars.kz «Хабар» арнасына сілтеме жасап.
Картинаның көрсетілімі Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған. Көрсетілім алдында Елбасы түсірілім тобымен кездесіп, сұхбаттасты.
Фильм өмірде түрлі қиындықты басынан өткерген жігіттің тағдыры жайында өрбиді. Жастайынан үйінен кеткен кейіпкер соғысты көріп, тұтқындар лагеріне түседі. Осы жылдар бойы ол үйіне, анасына оралып, ұлын көрем деген үмітін жоғалтпайды. Кейіпкердің 45 жыл өмірі экранда өрбиді. Сюжет ұжымдастыру, халыққа қайғы әкелген жұтты, Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі Қазақстанның қиын кезеңдерін қамтиды.
«Минскте соғыс көріністерін түсірдік. Днепрді тездетіп өту көрінісін 10 күн түсірдік. Әрине, техникалық жағынан бұл бізге үлкен сын болды. Бұл ерекше жұмыс болды, өте салмақты және ірі жоба. Қолымыздан келді деп ойлаймын» — дейді фильм режиссері Ақан Сатаев.
Айта кетейік, фильмнің продюсері – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева. Ал, басты рөлдерді Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова және Еркебұлан Дайыров сынды актерлер сомдайды. Сценарийін Тимур Жақсылықов жазса, музыкасымен Ренат Гайсин айналысқан.
Пікір қалдыру